Өз ісіңді қалай бастап кету керек немесе дизайнер болу жолы

— Әлия, сәлеметсіз бе! Тігіншілікпен қашаннан бастап айналыса бастадыңыз?

— Осыдан бір жыл бұрын әпкелеріммен бірге тігін шеберханасын ашуға әрекет жасадық. Бір аптаның ішінде шеберхана орны да табылды. Сөйтіп ақ қабырғалы пәтерде 1 үстел, 2 орындық, 2 тігін машинасы және 1 үтікпен Apolti дүниеге келді.
Әрине, жоспарымда модельер жұмысын жасап, коллекция шығарамын деген ой болатын. Бірақ диплом алғаннан кейін, ғылым артынан қуып, университетте ары қарай оқуымды жалғастырдым. Қанша дегенмен, киім тігетінімді біліп алған жұрт уақытымды білім саласымен ғана шектетпейтін. Сөйтіп, теория мен тәжірибе қатар жүрді.

Тігуді 2 курстан бастадым, себебі салған нобайларымды тігіншілер жасай алмады. Басында студент болғанымда, киім тікпей, тек сурет салып және киімнің конструкциясын жасаймын деп ойлатынмын. Қазіргі модельер салған жұмысын құрып та, пішіп те, тігіп те білу керек деп санаймын.

Ал сурет салып, өнерге деген қызықшылығым бала кезімде қолыма қарындашты ұстағаннан басталды. Үйде таза қағаз қалмайтын. Сәл өскен соң барлық қыздар сияқты қуыршақтарға киім тігетінбіз. Шүберек бос жатпайтын, тіпті мамам мен папамның сау киімдері де қайшының астына түсетін. Содан мамам суретшілер үйірмесіне жазғызды, оны мектеппен қатар бітірдім. Әрине, келешекте кім боламын деген сұрақ туған жоқ. Сөйтіп, «Модельер және конструктор мамандығына» түстім. Негізі үйде екі үлкен әжем де, анам да тігеді.

— Ең бірінші киіміңізді кімге тіктіңіз?

— Ең бірінші киімді сіңілім Алмаға тіккенмін. Алманың үстіне киім тігіп үйрендім десем болады. Алма тоғызыншы сыныпта оқыған кезде ең бірінші тіккенім — мектепке киетін шалбар мен үстіне киетін корсет болды. Сол форма көптеген қыздарға ұнаған болу керек, Алмуша көшеде келе жатқанда бәрі қызығатын. Жарты жылдың ішінде көп қыздар солай киіне бастады. Алманың өзі кішкентай кезінен ерекше киініп жүруді жақсы көретін. Кішкентай кезімізде барлық киімімізді мамамыз тігіп, өзі киіндіретін. Киім сатып алмайтынбыз. Алайда мамамның мамандығы — дәрігер, тек қолы бос кезінде тігінмен айналысады.


— Ал іс бастағанда қандай қиындықтарға кезіктіңіз?

— Ең басында шеберхананы немен толтырамыз деген сұрақ пайда болды. Өйткені мен өзіммен тек 3 тігін машинасын, екі-үш тігілген көйлек және алдын ала жасап қойған бірнеше той көйлегіне арналған аксессуарлар ғана әкелдім. Одан басқа ештеңе болған жоқ. Кейін жайлап 1-2 айдың ішінде шеберхана сөрелерін толтыра бастадық.

Содан соң алдымыздан шыққан мәселе — клиенттер сенімін иелену. Алғашында клиенттер бізге киімдерін жөндеуге ғана алып келетін. Шалбар қысқарту, көйлек тарылту сияқты «тексеріс» кезеңінен өткендей болдық. Кейін бара-бара киімдерді тапсырысқа бере бастады. Солай бір жылдың ішінде өзіміздің тұрақты клиенттеріміз де пайда болды.

Тағы бір қиыншылығымыз — уақытты жоспарлау. Жарты жыл түнделетіп жұмыс жасадық, өзімізді тоқтата алмадық. Жалпы, жоспарсыз қиын — ол тек бизнес жоспары емес, жеке уақытыңыз да. Шағын жеке бизнес болғандықтан, тіпті бос уақыт туралы ұмытасыз, ауырып, мұңая да алмайсыз, себебі бәріне өзіңіз жауаптысыз.

— Шеберхананың қазіргі жағдайы қандай?

— Қазіргі жағдайы бірқалыпты жақсы. Өйткені осы жылдың мамыр мен маусым айының ортасына дейін алты ұзату көйлегін тіктік. Сол уақытта тапсырыс көп болды. Ораза айына дейін жұмысымызда сәл кідіріс болды, енді міне, қайта жанданды.
Жарты жылда тапқан ақшамыз жалға беруге кетіп отырды. Келесі жарты жылдық табысымызға жаңа тігін машиналарын алдық. Өзіммен алып келген машиналардың тоқтамай жұмыс істеуге қуаты жетпеді. Сондықтан арнайы кәсіби машиналарға жараттық. Енді мамыр айынан бастап сәл де болса, табысқа жетіп жатырмыз.

— Көбінесе қандай киімге тапсырыс беріп жатады?

— Көбінесе ұзату көйлектеріне, кеш көйлектері, той көйлектері және ұлттық киімдерге тапсырыс жасалады.

толық нұсқа мына жерде



Бөлісу: