ОЙыңыз қандай немесе көп сауалға бір жауап
блог
Массагеттік достарыма қайырлы күн тілей отырып, назарларыңызға кезекті жазбамды жолдаймын. Жеке парақшамда жиі қойылатын сұрақтарға (Массагетте қалдыратын пікірлеріме, жалпы өмірлік ұстанымдарыма байланысты) осы жазбамнан жауап табылар деген үміттемін. Талай еңбекке арқау болған бақыт тақырыбының ашылуы да әрқалай. Сол бақытқа апаратын жолдардың бірі (бәлкім бірегейі) – адамның өз қолындағы мүмкіндіктері жайлы сөз болмақ.
Әрбір адам баласы мынау ұлы Әлемнің бір бөлшегі. Дүниенің бір бөлшегі ретінде ол осы ғаламда қандай да бір функцияларды атқарады. Барлық адам бір-бірімен тең, сонымен қатар әрқайсысы қайталанбас тұлға.
Адам ағзасын елестетіңізші. Онда триллион түрлі клетка өмір сүреді. Оларды біріктіріп тұрған не? Өмір! Бір бүтінге ұмтылу, яғни бір бүтін ағзаға қызмет ету. Бұл деңгейде барлық клеткалар өзара тең. Жаман немесе жақсы клетка болмайды. Жүректің жасушасы немесе бас миының жасушасы тік ішектің жасушасынан ешқандай да артық емес. Олар бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Кез келген организм – терең тепе-теңдіктегі жүйе. Барлық клеткалар өзара байланысты. Осылай бола тұра, әрбір клетка өзінше дара, өйткені бүтін бір ағза үшін өзіне ғана тән функцияны атқарады. Егер клетка өз міндеттерін тамаша орындай алса, ағзадан өзіне қажеттінің бәрін алады. Әлемді үлкен бір организм деп санасақ, адам оның кішкентай ғана бір клеткасы (жасушасы). Әрбір клетканың өмірінің мерзімі бар, уақыты келгенде қартаяды және өледі, оның орнын жаңа клетка басады.
Кез-келген тірі организмдегідей, Әлемде екі процесс жүреді: ассимиляция және диссимиляция немесе жасау (шығару) немесе құрту (қирату). Денсаулық осы екі күштің динамикалық тепе-теңдігімен айқындалады. Тепе-теңдік бұзылған бойда қандай да бір ауру кейпінде бізге сигнал беріледі, яғни дабыл қағылады, ол ағзаның қай жерінде кері процесс жүріп жатқанын, қирату басталғанын білдіреді.
Ал ОЙ бұл процестерге қалайша әсер етеді? Ой – жасаушы да, қиратушы да күшке ие энергияның әмбебап формасы. Ғалымдар адамның ақпараттық өрісі атом ядросының құлау энергиясынан бірнеше есе үлкен екенін дәлелдеді, мұны білдіретін математикалық шама жоқтың қасы. Адамға махаббат, мейірім, қамқорлық, құптау мен көңіл бөлу қалай әсер ететіні баршаға белгілі. Ондай адам өзін бақытты, жайбарақат, көңілді әрі дені сау екенін сезінеді. Ал егер адамды үнемі қорқытып, бопсалап, үрейлендіріп, жаман сөздер айтса, оның өзінің басынан да нашар, қиратушы ойлар кетпей қойса, жуық арада денсаулығы міндетті түрде кері кетеді. Адамдар өз ойларының мағынасын, күшін бағаламайды да, кейін олардың өміріндегі мәселелердің қалай сонша көбейгеніне таң қалады.
Ал сіздің басыңызда үнемі қандай кері ойлар туындайды? Сіз өзгелерге қаншалықты жиі ұрысасыз немесе ренжисіз? Кімге жамандық тілейсіз? Кімді аяйсыз?
ӘРБІР АДАМ ӨЗ ӘЛЕМІН, ӨЗ ӨМІРІН ӨЗІ ҒАНА ҚҰРАСТЫРАДЫ. Мұны түсінудің маңызы өте зор. Біз өз әлемімізді ойларымызбен, сезімдерімізбен, эмоцияларымызбен жасап аламыз. Яғни біздің денеміз, денсаулығымыздың рухани және физикалық жағдайы, адамдармен және айналадағы әлеммен қарым-қатынас, жұмыс, қаржылық жағдай – мұның барлығы да біздің ойларымыз, сезімдеріміз бен эмоцияларымыздың аясында қалыптасып жатыр. СЫРТҚЫ КҮЙІМІЗ ІШКІ ЖАҒДАЙЫМЫЗДЫҢ АЙНАСЫ. Бұл заңды өз өміріңізде қолданып үйреніңіз. Өз әлемімізді өзіміз құрастыра алатын болсақ, демек оны өзгерту де өз қолымызда.
Бірақ адамдар өздерінің мәселелері үшін басқа біреуді кінәлауға немесе өздерін күнәһар етіп көрсетуге, өздерін жек көруге еттері үйреніп кеткен. Ой өзінің қиратушы әсерін қалай көрсетеді? Тірі организмді тағы елестетейік. Егер қандай да бір дара клетка өзіне және басқа клеткаларға немесе бүтін бір ағзаға жою, қирату әсерін тигізсе, онда бұл клетка жуық арада ауруға ұшырайды немесе қатерлі жасушаға айналады. Осылайша, егер сіз өзіңіз жайлы нашар ойласаңыз, өзіңізді кінәлі сезінсеңіз, өзіңізге ұрысып, кейісеңіз, сіз өзіңізді өзіңіз жою бағдарламасын іске қосасыз. Ал егер сіз дәл сондай талқандаушы, бүлдіруші ойды өзге адамға бағыттасаңыз (мысалы, жек көру сезімі) сіз бәрібір өзіңізді құртасыз, тек екі есе орталанған түрде. Өйткені Сіз – Әлемнің бір бөлшегісіз ғой, анау өзге адам да – дәл сол Әлемнің сіздей бөлшегі. Нашар ойларды өзге адамға бағыттай отырып, сіз өзіңіздің өмір сүруіңізді жоққа шығарасыз, өзіңізді талқандайсыз, кез келген ой, сезім – бумеранг тәріздес. Басқаша айтқанда, біздің өміріміздегі қандай да бір нәрселерге көңіліміз толмаса, оның себептерін анықтап, мәселені шешіп, өзіміз үшін жаңа нәрселер қалыптастыру арқылы өмірімізді өзгерте аламыз. Егер сіз қоршаған әлемді және сіздің айналаңыздағы адамдарды өзгерткіңіз келсе, есіңізде болсын – олардың барлығы да өзіңіздің бейнеңіз, айнаңыз, көлеңкеңіз. Өзіңізді өзгерткенде сізді қоршаған адамдар да, әлем де өзгереді. Бұл жай ғана шағылысу қағидасы. Бұл заң ұлы тәртіп пен үйлесімділікті, айнымас әділеттілік пен Әлемнің тазалығын қамтамасыз етеді. Есіңізде болсын, біз аса әділетті де таза әлемде өмір сүреміз, мұнда ӘРБІР АДАМҒА ӨЗІНІҢ НИЕТІНЕ, ОЙЛАРЫНА ҚАРАЙ БҰЙЫРАДЫ. Біздің әрекетіміз сөзден де, қозғалыстан да басталмайды, ойларымыз бен эмоциямыздан басталады. Ой – энергияның әмбебап формасы. Біздің ойларымыз бен сезімдеріміз заттана алады, яғни шындыққа айналады. Егер сіздің өміріңізге бірнәрсе жетіспей жатса немесе әділетсіздіктер орын алса, оның себебі сыртқы әлем немесе сыртқы жағдайларда емес, тек қана өзіңізде. Ой, біздің жан-дүниемізде туындай отырып, ешқайда жоғалып кетпейді. ЭНЕРГИЯНЫҢ САҚТАЛУ ЗАҢЫ әрекет етеді. Сыртқы әлемге бағытталған кез келген ой біздің өміріміздегі нақты бір оқиғаны қалыптастырады. Осылайша, бұл энергия қандай да бір күйге еніп, өзімізге қайта оралады. Сондықтан, егер сіз әлдекімге немесе әлденеге теріс немесе бұзық, қиратушы ойлар бағыттайтын болсаңыз, басқа бір адам (немесе зат) оны қабылдап алуға тиісті, энергия (ой туындату үшін сіз энергия жұмсадыңыз) бір орында қалмайды! Сіздің ашу, жек көрушілігіңіз соңында өзіңізге қайтып келеді (подобное притягивает подобное), бірақ ол бірнеше еселенген күшпен оралып, бұрынғыдан да ауыр үрей, қайғы, күйзеліс ала келеді. Ал мұны көтеріп жүру бұрынғыдан да ауырлай түседі де, сіз олардан тағы да арылғыңыз келіп, тағы басқа адамдарға жолдайсыз. Осылайша бұл жабық шеңберді сізге келетін қандай бір ауру, жарақат немесе өлімнің өзі үзбейінше жалғаса береді...
БІЗДІҢ ӘРҚАЙСЫМЫЗ ӨЗ ӘЛЕМІМІЗ ҮШІН ӨЗІМІЗ ҒАНА ЖАУАПТЫМЫЗ. Жауапкершілік туралы бұл заңдылық – өзіңді жетілдірудің басты нүктесі. Бұл идеяны көпшілігі ауыр қабылдайды, өйткені олар жауапкершілік сезімін өзін кінәлау сезімімен шатастырады. Өзіңізге жауапкершілікті алу дегеніміз айналадағыларды және өзіңізді кіналауды толықтай доғару, өзіңізді және өзгелерді аяудан, сынаудан, жек көруден бас тарту. Егер сіз өз өміріңіз үшін жауапкершілікті өз мойныңызға алсаңыз, толыққанды өмір сүре бастайсыз. Өйткені сіз жақсы (нашар) ойлардың, жақсы (нашар) мінез-құлықтың өмірімізді басқаратынын толықтай ұғынасыз. Егер өзге адамдардың бойында бір нәрсе сізге ұнамайтын болса, бұл - сөзсіз, сіздің өз ішіңізде бар деген сөз (ұнайтын қылықтары болса, ол да бар сізде). Қоршаған әлемді, адамдарды, өз жақындарыңызды өзгерту тілегінен бас тартыңыз. Оларды дәл сол күйінде қабылдаңыз. Өзіңіз өзгеріңіз – сонда әлем де өзгереді. Егер сіз бірнәрседен қашқақтасаңыз, онда мұның артында қандай да бір қорқыныш немесе қайғы жатыр, яғни сіз бұдан міндетті түрде өтіп, одан сабақ алуға тиіс едіңіз. Адам өз өмірі үшін өзі жауапкершілікте болса, оның таңдау еркі пайда болады. Ол қандай ойларға берілетіндігін өзі ғана таңдайды.
Күнделікті өмірде қолданатын сөздеріңізге абай болыңыз. Сөздік қорыңызда «Жынданатын болдым...», «Мына балалар басымды ауыртып жіберді!», «Жүректі ауыртады...», «Басым айналды...», т.б. көп болса, ойланатын шақ туды. Біздің көпшілігіміз дауыстап және іштей айтатын сөздерде қандай алапат күш жатқанын біле бермейміз. Біз сөзді талғап жатпаймыз – біз оларды автоматты түрде, яғни бейсаналы түрде айта саламыз. Мектепте грамматика ережелерін үйреніп алдық та, сөздерді өз сезімдерімізді, эмоцияларымызды жеткізу үшін қолдана бастадық. Бірақ сөздердің өңін айналдырып қолдану бізге қандай салдар алып келетінін, өмірлік тәжірибемізді айқындайтынын мектеп үйреткен жоқ...
Ойдың, сөздің адамға әсері туралы қанша ғасырдан бері айтылып та жазылып та келеді, әлі де айтыла берер. Ал менің айтқым келгені бұрыннан белгілі қағидаларға азғантай сілтеме жасау ғана. Жазбада айтылғандардың барлығы атақты психотерапевт, ғалым В.В. Синельниковтың өзімнің мінез-құлқыма, санама мол өзгерістер, оң әсерлер алып келген еңбектерінен түйгендерім, сол кісіден аударғандарым болатын. Пайдаңызға жарап, жан-дүниеңізге титтей болса да сәуле түсірсе қуаныштымын. Өзіңізді сүйіңіз, құрметтеңіз және өзгелерді дәл солай бағалаңыз ("Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп"). Өйткені әлемдегі кез келген адам сізден артық та, кем де емес. Құдай алдында бәріміз теңбіз және әрқайсымыз өзімізше дара тұлғамыз.