Ойын түбі-от
блог
"Даудың басы-Дайрабайдың көк сиыры" демекші, бүгінгі күннің даулы мәселесі-ғаламтор желісінде "Синий кит" деген атпен танымал болып, дүйім жұртты дүр сілікіндірген ойын болып отыр.Бесінші билік иелері бірнеше аптадан бері отпен аяқталатын ойынның қаупі туралы шырылдап жатыр.Онсыз да өзекті мәселелері жеткілікті қоғам енді адам өмірін ойыншыққа айналдырған жаңа қатердің соққысын алды.Әлеуметтік желілерде де бұл мәселеге қатысты пікірлерін білдіріп, алдын алу шаралары жайлы айтып жатқандар аз емес.Сондай пікір иелерінің бірі бұл жағдайға ата-аналарды кінәласа, тағы бірі дамыған техниканы сөгіп жатыр.
Ойынның шарты бойынша, өз еркімен ұсыныс білдірген адам 50 күн ішінде берілетін 50 тапсырманы орындауға міндетті.Өз еркімен ұсыныс білдірушіге кері қайтар жол жоқ.Егер бас тартатын болсаң,отбасы мүшелерінің біреуіне зиян келтіреміз деп қорқытады екен.Ең соңғы тапсырма-өз-өзіне қол салу, яғни "көк кит суға секіретіндей" ғимараттан секіру.Бір қараған адамға күлкілі де болып көрінуі мүмкін, алайда ойынға кіріп кетіп жатқандарды көріп шынымен ойлануға тура келеді.Негізінен ойынның алауына жапырақтай алып-ұшып тұрған жас жеткіншектер түсіп кетіп жатыр.Қанша жерден жәй ғана ойын болып елеусіздеу көрінгенімен,бұл дерт арамызға кірді,енді тек онымен күресу керек.
Меніңше, осындай кішкентай нәрселерден басталған дерт ертеңгі күні тұқым қуалайтын ауруға айналып, жан-жағына таралады.Телефонды, ғаламторды немесе тағы да басқа нәрселерден кір іздесек те, түбінде осының барлығын жасап отырған өзіміз,адамдар емеспіз бе?Барлық дүниені, оның ішінде тәрбиені де ырқымыздан жіберіп алып, артынан бармағымызды тістейміз.Жұмыстан келіп, бар назарды балаға емес, телефонға аударып, сосын "телефон қарама" деп балаға ұрысамыз."Бала-көргенін істейді, ол ешнәрсені естімейді,тыңдайтыны да шамалы, бірақ көрген нәрсені жасайтыны анық".Атақты педагог Ш.Амонашвили "Баланы тәрбиелеуді-ата-аналарынан бастау керек"-дейді.Яғни, баланы тәрбиелеу үшін, алдымен өзіңді тәрбиеле,ісіңді, жүріс-тұрысыды түзе, сонда бала ешқандай теріс қылық жасамайды деген ойға келеді.Кішкентайынан ананың өнегесін көріп, әкенің мысынан аяқ тартып өскен жеткіншек қатерлі қақпанға түспейді,қателесіп түсіп кетсе де арғысына бойындағы жігері жібере қоймайды.Әрине, ешкім балаға жаман тәрбие беріп отырмын деп айтпайды, мәселенің барлығын тек тәрбиеге де тіреуге болмайды дейтіндер де бар.Иә,рухани құндылық пен сананы да ескеру қажет,бірақ бұлардың өзі тәрбие барысында қалыптасатыны рас емес пе?!
"Ауырып ем іздегенше,ауырмайтын жол ізде" дегендей,ендігі кезекте бұл індеттің емін іздеуіміз қажет.Ал оның емі-отбасындағы назарды күшейту.Ертеңгі күні "Балам ақылды еді, бұндай жағдайға қалайша тап болды" деген сұраққа қалмас үшін,дәл қазірден бастап ойланайық!Тек ата-ана ғана емес,әрбір ересек жан осыған ат салысса, "жұмыла көтерген жүгіміз жеңілдеп" бұл дерттен де айығарымыз хақ!