Оймен тілдесу

Жігіт қызға алғаш рет, өзі де күтпеген жерден сыбыр етті:
— Мен сені сүйем…
Қыз ойланбастан:
— Мен де сені сүйем
— …
 — Жалпы менің жек көретін адамым жоқ, адамдардың бәрін сүйем
— Сені де бәрі сүйед, сені жек көретін ешкім жоқ шығар.
— …
 — Сенің ақылыңа, тапқырлығыңа сүйсінбейтін адам жоқ.
Қыз қысылғаннан қызарып кетті:
— Сен мені ұялтып қойдың ғой.
— Ұялғаның, сені тек сұлуландыра түседі екен.
— …
 — Сенің келбетіңе қараудан көзім тоймайды, қараған сайын кеудемдегі жүрегім бір тулап алады. Сенің саусағыңның ұштарына дейін менің сүйіспеншілігімді тудырады. Сен жүрген жол, сен жұтқан ауаға дейін мен үшін қадірлі.
— …
 — Сенің аяулы алақаныңды алақаныма алғым келеді, арасынан нұр төгілсе екен деп… Бағыма балап бағалағым келеді, жарасқан жұбымыздан шуақ тараса екен деп…
 — Арманың аз емес екен,… Осыған ұқсас армандары бар басқалар да жоқ емес қой
— Басқалардың да бар екеніне күмәнім жоқ. Саған ғашық жалғыз мен десем, шындыққа жанаспас еді. Олардың да алып ұшып саған жетуге асығары анық. Тілерім біреу – бағым деп мені тапшы…
 — Өмір деген — қиын соқпақ?..
— Қиын жерін маған бер, мен көтерем…
 — Бағым деп жаңылысып, жығылғандар да бар?..
— Жұбымыз жазылмаса, жығылмаймыз.
— Бақыт таппасақ, шағынып, кімге жылаймыз?
— Дүние төңкеріліп кетсе де, екеуміздің бақытымыз бізден кетпейді…
 — ...Қандай әдемі сөздер еді
— Осы әдемі сөздердің бәрі тек саған арналған.
Ол осының бәрін Университет асханасында күнде көріп қалатын студент қызға айтқысы келді. Оның сұлу жанары, сүйрік саусақтары, бүлкілдеген бұғағы, сәнді шашы, жарасқан киімі – бәрі, бәрі жанын баурап тұрады. Шыныаяқтан ұстаған саусақ ұштарынан, құрбыларымен тілдесіп отырған келбетінен, тартымды қылықтарынан көз алмай қарап отыра беруге бар. Алайда, осы жолы да тіпті жақ ашып амандасуға батылы бармады…



Бөлісу: