Ойлар...

      Ойдан ой туады. Бір жағдайда әр адамның айтылар ойы, алатын әсері, болатын сезімі өзгеше. Алайда әлеміміз бен өмірімізді жаһандандырамыз деп, көзге көрінбейтін, бірақ шынтуайтқа келгенде мәні зор біздіңше «ұсақ түйек» жағдаяттарға көңіл бөлуді қойдық. Жапонияда адамның көңіл хошы болмай тұрып, жұмысқа келсе, оны қабылдамай, үйіне саябырсығанша кері қайтарады екен. Ал менің ойымша кез келген іс-әрекет жүректен шығуы тиіс. Әрине оның жағымды, жағымсыз болуы басқа әңгіме. Бүгінгі айтылатыны тек шынайылық тұсы. Себебі бізді темір роботтар мен жабайы аңдардан ажыратыны да осы ояулы сана мен табиғи сезім. Ендеше сезім қалай туындайды? Сол сезім біздің өмірге қалайша әсер етеді? Оны қандай ағымға бұрады? Аталмыш сұрақтардың жауабын бәлкім отбасы жағдайынан іздеу керек шығар. Себебі өскен орта тумасын алысқа жібермей, алған тәрбиесі білінбей қоймайтыны белгілі. Бұл әңгіме де былай тұрсын уақытша. Маңыздысы сенің отбасылық жағдайың кейде мақтан тұрарлық жайт, ал кейде бүгілген сыр. Бүкіл сезім атаулы отбасы қарым-қатынастарынан бастау алса, адамның барлық кіріптар жақтарының шығу тегін, нақты отбасылық жағдайымен түсіндіріп шығуға әбден болады.

         Олай болса қасымда бір-біріне ұқсамайтын  үш адам. Олардың өмір, отбасы үлгісіне қарайлап, қазіргі замандағы отбасы құндылығын анықтағым келеді.

         Бірінші сұрақ:  ата-анаң  кім болып жұмыс істейді, ризасың ба?

         Екінші сұрақ: отбасы статусы қандай болса, сенің қоғамда алатын орның сондай дегенге қалай қарайсың, бұл касталық жікке ұқсамай ма әлде жоқтан бар жасауға бола ма, алма алма ағашынан алысқа түспей ме сонда?

         Үшінші сұрақ: бір минут болсын өзіңе басқа отбасы қалаған кезің болды ма немесе біреудің отбасына қызықтың ба?

  Төртінші сұрақ: бастан өткерген балалық шақпен (17 жасқа дейін) ассоциация қандай? (оның амалсыздан ойдан кетпейтін, бәлкім қорқынышты не ұнамсыз кездері)

          Бесінші сұрақ: ең көңілде жатталып қалған ұрыс-керісті есіңе алшы, мінезіңді отбасы жанжалдарымен байланыстырасың ба?

         Алтыншы сұрақ: еш жанға айтылмаған сырың бар ма? Аталмыш сыр отбасымен сабақтас па?

         Жетінші сұрақ: өзіңнің бе, отбасыңның ба қамын жейсің?

         Сегізінші сұрақ: отбасы құндылығы сен үшін не?

          Тоғызыншы сұрақ: өмірге келгеніңе өкінгенің болды ма? Ата-анаң саған риза ма?

         Оныншы сұрақ: ертең сенің ата-анаң жер жүзінен жоғалады десе, не істер едің?

         Х1 Әкемнің мамандығы бухгалтер, қазіргі таңда жеке кәсіпкер, шешемнің мамандығы орыс тілі және әдебиеті мұғалімі, мектепте ұстаздық етеді. Ата- анама көңілім толады, берген тәрбиесі лайықты. Сондай ата-анам барына бақыттымын, солардың арқасында тапшылық көрген емеспін.

     Отбасында үш бала бар делік. Біріншісі салмақты, ата-анасының қамын жеп жұретін бала, екіншісі ұяң, білімге деген аса зор құштарлығы жоқ, ал үшіншісі пысық, көбіне сауық-сайран етеді. Үшеуінің де алған тәрбиесі, ұшқан ұясы бір. Демек бес саусақ бірдей емес, кез келген жайтты қатыстық формасында қарастырған дұрыс шығар. Ал одан шығатын қорытынды адамның қоғамда алатын статусы тек өзіне, ақыл-парасаты мен қабілеттілігіне байланысты, күндердің күнінде әйтеуір соған келіп тіреледі. «Құдай бала берсең сана бер» дегені де сол меніңше.

    Ешқашан басқа отбасы қалаған емеспін. Мұндай ойлар маған тіпті келген емес. Бірақ отбасымдағы бір мүшенің мінезінің өзгергендігін қалаймын (кей кезде жүріс-тұрысы мені оның ертеңгі күніне алаңдауыма себепкер, себебі адамға тез сенгіш, соның кесірінен опық жеп қалуы мүмкін қой).

           Балалық шағыма қатысты бір оқиға бар, алайда мен оны айта алмаймын. Анда-санда түсіме кіреді, өйткені әлі күнге шейін көз алдымнан кетер емес. Бірақ адамның үйренбейтіні жоқ, басында қорқып, шошып оянсам, қазір бой үйреттім. Себебі болған нәрсе болды, бояуы сіңді. Аталмыш оқиға солай аяқталды, оған оралудың мәні жоқ.

         Ешқандай теріс қылықты істегің келіп істемейсің ғой. Бұл табиғи, өзінен- өзі болады. Жыным келсе, қолыма түскенді жер-көкке лақтырамын. Неге екенін айтпайын.

         Ішімде отбасыммен сабақтас бүгілген сыр бар. Жан адамның құлағы естіп шалып көрмеген. Болашақта да оны ешкім білмейді деген сенімдемін.

           Қалай болса да отбасымды көбірек ойлаймын. Отбасымдағы жаңа жағымды өзгерістер (нәресте күлкісі, жеткен жетістіктер) осы шақпен байланыста, ал жаманның бәрі өткеннің еншісінде қалды.

          Отбасы құндылығы меніңше отбасы берекесі, тыныштығы мен аман- саулығы. Отбасыңа жаңа келін түсіп, отбасы берекесін аз-маз қашырды делік. Егер жұбайын тиып отыратындай балада сана болмаса, соңында «жынды» аталатын, тағы да мұрнын көп жерге сұғатын, ертеңді ойлайтын атa-ана болып шығады. Ондай балам болса, одан бас тартар едім. Отбасы құндылығының тұрақтылығы үшін түсіністік сезімі мен уақыт қажет. Ал егер отбасы мүшелеріне құдай сана бермесе, түсіністік пен уақыттың істері аз.

         Тоғызыншы сыныпта белгісіз себепке байланысты (өзім әлі күнге шейін түсіне алмаудамын) өлгім келген. Сол сәтте алғаш және соңғы рет өкінген едім. Өкініш адамның өзін керексіз сезініп, қиналған кезінде туады. Бірақ шын мәнінде «керекпіз», тек іште оттай лаулаған менменділікті сәл болсын тыншыта тұру керек.

           Ертең менің ата-анам жер жүзінен жоғалады десе, Алладан менің жанымды бірінші алсын дер едім.  Осы әңгімеден өзіме тоқығаным сырды айту қиын, жасырып өту одан да қиямет.

  Х2 әкем мектепте жұмыс істейді, анам ауруханада бала дәрігері.

Жоқтан бар жасау адамның өзіне байланысты.

         Басқа отбасыны қаламаймын, алайда кейде өзге отбасына қызықтым. Себебі мен отбасымның үлкені болғандықтан, кішкентайымнан әкемнің ағасының қолында өстім. Он бесімде ғана ата-анаммен бірге бір шаңырақтың басында тұра бастадым. Келгенде өзімді бөтен сезіндім, іні-сіңлілерімді жатсындым. Олармен жиі сөзге келісіп, ұрысқан кездерім көп болды.

         Балалық шақ дегенде ойыма ата-енемнен басқа ештеңе оралмайды. Балалық шақ деген сезім де болмаған сияқты.

         Өзімді сабырлы адам деп есептеймін. Кикілжің туған шақта өзімді қолыма алып, үндемегенді дұрыс деп санаймын.  

          Өзімнің жеке басыма қатысты бір сыр бар. Отбасыма еш қатысы жоқ. Ол сырды ешкімге айтпаймын.

         Бірінші өзімнің қамымды жеймін. Бала ата-анасының қасында өсіп, жетілуі тиіс. Ата-анасын күнде көріп өскен бала ғана ата-анасының қамын жейді. Өзім не анау емес, не мынау емес, өткелдің ортасында қалып қойғандай әлі күнге шейін өзімді біртүрлі шалажансар сезінемін. Сол қанағатсыздық, жанымды екіге бөлу (ата-енемнің қолымнан туған әке шешеме келу факті) маған қатты психологиялық жағынан әсер етті. Содан шығар өмірге келгеніме өкіндім.

         Ертең ата-анам жер жүзінен жоғалады десе, олармен өмірімде бірінші рет ашықтан ашық сөйлесер едім. Мені не үшін өздерімен бірге алып кетпеді? Материалдық жағдайы сол кезде нашар болса да адам өз бауыр еті баласын туысқанының қолына белгісіз ұзақ мерзімге қалдырып кетпейді ғой? Неге тек мені, менен кейін бір жыл айырмашылығымен дүниеге келген інімді неге тастамаған? әкемнің ағасы ұл аңсаған еді ғой?! Менен ешкім кімнің қасында қалғың келеді деп сұраған емес. Жүгімді жиып берді. Сөйтіп әке-шешеммен бірге кеттім.

         Мен ешкімді сағынбайтын тасжүрекпін. Тасжүректіліктің туындау себебін нақтылап, дөп басу айту қиын шаруа. Әйтеуір өмірімнің желісі осылайша болғанына өкінемін. Неге олар бүйтті деген сұрақты ата-анама қою кеш сияқты. Жүрегімде жазылмас жара болған бұл жайт мені өлгенше бәлкім мазалар.  

Х3 Әкем жеке кәсіпкер, анам үйде отырады.

         Отбасы статусы адамның статусына айналады. Бала қанша саналы, қабілетті, білімге құштар болса да, егер ата-анаңның жинаған қоры, ұстап отырған ақшасы болмаса, бір орыннан жылжу қиын. Отбасыңның жоғары статусы саған өмірлік стимул, сүйеніш. Мысалы мен жақсы білім алдым, жақсы жұмысқа орналасқым келеді. Алайда отбасымда былық-шылық не хал ахуал нашар болса мен қалай жоғарыға ұмтылам, не бетіммен жұртқа әзіл айтып, күлем. Тағы айта кететіні оңтүстікте басқа өңірлермен салыстырғанда отбасы құндылығы мықтырақ сақталған. Оңтүстікте ата-анаға бағыну, сыйластықтың орны берік. Мысалы мені кішкентайымнан еркін өсірген, соның арқасында мен өзімді тежеп ұстай аламын. Баланы жұмсам жұдырығымда, ашсам алақанымдағыдай ұстау мүмкін емес. Кішкентайынан көп тиым естіген балалар көбінесе есейгенде ата-анасына көрсетпейтіні жоқ.

Алма ағашынан алысқа түспейді деген сөзді көп естиміз. Шындық. Қанша алысқа ұмтылсақта, қалауымымызбен қар жанса да, бастаған жеріңе айналып келесің. Бұл биологиялық жағынан дәлелденген жайт. Қан тартады, генетикалық тұқым қуалаушылық деген сөз.

          Бір сәтке болсын өзге отбасына қызыққан сәтім болды. Басқа менен де ауқатты отбасында туылсам мүмкін мен ата-анамның мәртебесі, таныстары арқасында қазір ақылы түрде емес мемлекеттік грантта білім алар ма едім деген ойға келем. Өйткені мен тырысам, күні-түні оқимын, ата-анамның еңбегі адал, бірақ неге қалыс қалып қойдым екен?!

          Менің балалық шағым бақытты деп айта аламын. Балалық шаққа қатысты біреу сұрақ қойғанда неге екені белгісіз көз алдыма төртінші сыныптан жетінші сыныпқа дейін оқыған мектеп-интернат амалсыздан автоматты түрде елестейді. Елесті қанша қусам да бәрі бекер. Аштықты да, тоқтықты да көрген мектеп-интернаттағы кездерімді біржолата не ұнамды, не ұнамсыз деп айту қиын. Ұнамдысы шытырманға толы болды, ақшаның қадірін білуді үйретті, ерте есейтті. Ұнамсызы жоғарыда айтылған ерте есейгендік. Себебі кім баласының тез ерте есейгендігін қалайды дерсің?!

          Мінезімнің жағымсыз тұстарын отбасыммен байланыстырмаймын. Мінездің жалпы жағымсыз тұстары адамның негізінен темпераментіне, сосын орын алған жағдайға байланысты. Кейде адам өзіне, кейде өзгеге ашулы. Өзгеге ашулы адам өзгеден ұрыс-керіспен жынын алса, өзіне ашулы адам ыдыс-аяқ, тұрған заттан алады.

          Аталмыш сыр отбасымен байланысты. Іштегі сырмен өмір сүру әлбетте қиын. Өйткені қазақта «сыр сақтауға болмайды» деп бекер айтпаған. Бірақ айтылуы тиіс сыр жақыныңа зақым келтіре алатындай болса, оның мүлдем айтылмағаны дұрыс.

          Отбасымның қамын көбірек ойлаймын. Себебі отбасым бүтін, киімі көк, қарны тоқ болса, менікі де солай болатыны түсінікті.

          Отбасылығы құндылығы бірлік пен ынтымақта. Біреудің қалауы емес, барлығының қалауы ескерілуі тиіс.

          Өкінгенім болды. Өкініш айтылған бір ауыр сөзге байланысты болған. Анық- қанығы есімде жоқ. Ата- анам маған риза ма, риза емес пе қиын сұрақ.         Кез келген ата-ана баласына үміт артатыны сөзсіз. Ал бала өз кезегінде сол үмітті ақтадым ба, ақтамадым ба деп ойлайды. Мен де сондай жағдай. Бәлкім мен тегін оқу грантын иеленгенде, ризашылығы одан де бетер болар ма еді деген ой жиі мазалайды.

          Ата-анам ертең жер жүзінен жоғалады дегенді көз алдыма елестетудің өзі қиын. Менің болар іс- қимылымды екі жақты қарастыруға болады. Бәлкім өзім де солардың соңынан кетер едім. Бәлкім оларды өмірлік үлгі етіп, өзімді қолға алып, одан сайын белімді бекем буып, өмірде дәлелдену үшін қалар  едім. Себебі қанша дегенмен өмір мен өлім де табиғат заңдылығы, Алланың бұйрығы. Ал оған қарсы келу, қарсы іс-әрекет жасау мүмкін емес, және ешкімге пайда әкелмесі хақ.

           Бұл әңгіме маған ауыр да, жеңіл де тиген жоқ. Қанша дегенмен өз өміріңнен алынғаннан кейін үйреншікті әдеттегі болған болмыс. Одан қашып та, құтыла да алмайсың.

    

          Бұл өмірде біз жалғыз емеспіз. Менің басымда ғана бар деп жүрген бас ауру өзгені де мазалап жүргенін білмеппін. Сезімімізді жасырмайық. Кейде бір жылап, бір күлгенімізде еш әбестік жоқ. Тек кез келген ісөәрекеттің қайтарылымы болатынын ұмытпайық. Отбасы болғандықтан ыдыс-аяқ сыңғырламай тұрмайды, бастан әр түрлі оқиға өтеді. Дегенмен бұл өмірде біздің қамымызды жейтін, бізді шын жақсы көретін, біз үшін жанын ойланбастан пида ететін тек біздің ата-анамыз. Біздің өзімшілдігіміз, қызуқандылығымыз олардың әлі кеткен жүректерін зақымдап жүрмесін.  

         Кейде өзімнен тағдырың неге қилы, жолын неге кедір-бұдыр деп сұраймын. Сөйтсем қилы тағдыр, кедір-бұдыр жол болмаса, өмір туралы осыншама ойланбас едім.         



Бөлісу: