Облыстық емхананың дәлізімен мені алып барады...
- Қайда? - деп медбикенің бірі екіншісінен сұрап жатыр. - Бәлкім, жеке бөлмеге емес, жалпыға шығар?
Мен толқып кеттім.
- Егер жеке бөлмеге мүмкіндік бар болып жатса, неліктен жалпыға?
Медбикелер менің түріме аярлықпен қарады, мен болсам оларға таңданыс білдіре қарадым. Өзгелер көрмеу үшін өлгендерді жеке палатаға алып баратынын кейін барып білдім.
- Дәрігер жеке палатаға деп айтты, - қайталады медбике.
Мен мұның нені білдіретінін білмеген едім, сосын тынышталсам керек-ті. Кейіндеу барып төсекте көзімді ашқанда, енді ешқайда барудың еш қажеттігі жоқтығын, енді ешкімге еш нәрсе қарыздар емес екенімді, барлық жауапкершіліктің мойнымнан түскенін сезініп, тұла бойым тұрақтылыққа, дел-салдылыққа бой ұра бастады.
Айнала қоршаған әлемнен жат бір оқшаулануды сезіндім, бірақ, онда не болып жатса да, маған түпкілікті бәрібір болатын. Енді еш нәрсе, ешкім мені ойландырмады. Демалысқа шықтым. Мұнысы жақсы еді. Мен өзіммен, өзімнің жаныммен, өзімнің өміріммен жеке қалдым.
Проблемалар аяқталып, қарбаластың қарасы батып, маңызды сауалдар ендігі өшіп үлгерді. Осы бір сәттік қана бос әурешіліктер Мәңгілікпен, Өмір мен Өліммен, арғы өткелде мені күтіп жатқанмен салыстырғанда тіптен титімдей, түкке алғысыз болып көрінді.
* * *
Өмір қазаны қайнап шыға келсе, не істер едіңіз, қайтып өмір сүруді қолға алар едіңіз?! Айтыңызшы, жаңаша өмір сүрер едіңіз ғой, хақ. Сөйтсек, бұл дегеніміз, шынында да, тамаша екен ғой: құстардың ертеңгілік ел-жұрт ұйқыда жатқанда ән салуы, төсектің аяқ жағында қабырғаға өрмелеп бара жатқан күн сәулесі, терезеден маған қол созған талдардың тірі жапырақтары, қаракөк күзгі аспан мен қаланың оянып жатқан шуы - көліктердің дабылы, асфальт үстінде бір жаққа асыққан біз өкшенің тықылы мен түсіп жатқан жапырақтардың көз жасы... Құдайым, Тәңірім-ау, Өмір деген неткен керемет еді! Ал мен енді ғана түсініп отырмын.
- Енді түсініп отырған-ақ болайын, - дедім өзіме, - бірақ, түсіндім емес пе?! Өзің енді соның рақатын сезініп, бар жан-тәніңмен жақсы көруіңе екі-үш күн уақытың бар ғой!
Еркіндік пен шаттықтың өне бойымда қыз-қыз жүгірген әсері сыртқа теуіп, босанып шыққысы келді, сол сәтте мен Құдайға қарадым, өйткені, дәл осы сәтте одан маған жақын ешкім тұрған жоқ еді.
- Құдайым! - деп қуандым мен, - Өмірдің қаншалықты керемет екенін, оны жақсы көріп, жан-тәніммен түсінуге мүмкіндік бергенің үшін Саған мың да бір алғыс айтамын. Өлім алдында-ақ болсын, өмірдің ғажап кескін-келбеті айрықша екенін ұғындым.
Сол сәтте мені тоқмейілси қалған бақыттың, тыныштықтың, азаттықтың, бір уақытта биіктіктің биік ұғымы толқытты. Әлем қоңыраулатып, көз алдымда Тәңір Махаббатының алтын шапағымен құйылып жатты. Мен осынау күштің қуатты толқындарын сезіндім. Махаббат бір сәтке болса да ұғынықты, нәзік әрі мұхит толқынындай мөп-мөлдір болып көрінді.
Ол айнала аспан асты кеңістікті толтырды, тіпті, жайылған ауаның өзі ауырлап, бірден жеңілдей қоймай, жүріп тұрған ток көзіндей сорғалап ақты. Маған осының бәрі, сол сәтте көзім шалғанның барлығы алтын шапақ пен қуат көзіне толтырылғандай. Сүйдім оны. Бұл Бахтың органдық музыкасының құдірет-күшіндей, скрипка даусының баяу өрмелеп бара жатқан сәтіндей еді.
* * *
Сол күні жеке палата мен «4-деңгейлі асқынған аққандылық» диагнозы, дәрігер қойған ағзаның ретке келмес жай-күйі өз артықшылығына ие болып еді. Көз жұмғалы жатқандарға қалаған уақытта туыс-жақынды жібере беретін. Жақындарыма алыс-жақындағы ағайындарды жерлеуге шақыра беру керектігін айтып жатты... Көп ұзамай жылап-сықтаған туыс-жақындарым қоштасуға ұзын тізбек түзе бастады. Олардың, әлбетте, ауыртпашылықтарын түсіндім: өлгелі жатқан адаммен, оның үстіне, онысын білетін жанмен не жайлы сөйлесуге болады екен. Олардың абыржулы жүздеріне қарау маған күлкілі көрінді.
Қуанып та қалдым: олардың барлығын басқа қай жолы бірге көре алар едім? Бәрінен бұрын мынау жалғандағы Өмірге деген махаббатпен бөліскім келді - жай өмір сүріп жатқаны үшін жай бақытты болуға болмай ма екен адам? Туыстарым мен достарымды қолымнан келгенше көңілдендірдім: әзілдер айтып бердім, өмірлерінен үзінділер келтірдім. Барлығы, Тәңірге тәуба, мәз-майрам күліп, қоштасу шаттық пен шат-шадыман көңіл-күйдің аурасында өтіп жатты.
* * *
Екі-үш күн өткенде жата бергеннен жалығып кетіп, палата ішінде ары-бері қыдырып, терезе алдында отырып алатын әдет шығардым. Бір күні дәрігер үстімнен түсіп қалып, орнымнан тұрмау керектігімді айтып, арты шуға ұласа жаздады.
Мен шынымен де таңырқадым:
- Бұдан бір нәрсе өзгере ме?
- Енді.. Жоқ, - деп дәрігер абдырады. - Бірақ сіз жүре алмайсыз ғой.
- Неге?
- Сізде қаза тапқанның анализі. Сіз тіпті өмір сүре де алмайсыз, тұрып алатын болыпсыз ғой.
Маған тағайындалған төрт күн де өтті. Мен болсам өлмедім, содан бері қомағайлықпен шұжық пен жеміс-жидекті опырып жей бастадым. Өзімді толыққанды айыққан жандай сезіндім. Ал дәрігерге мұны көру ауыр еді: ол ештеңені түсінбеді. Анализдер өзгермеді, қан әлсін-әлі қызғылт түске боялып жатты, мен болсам теледидар қарауға ауыз бөлмеге шығып алатын болдым.
Дәрігерге шынымен-ақ обал еді. Ал, бірақ, Махаббат айналаның қуанышын қалайтын-ды, соны талап ететін-ді.
- Дәрігер, сіз менен қандай анализ көргіңіз келді?
- Енді, осыны болса да.
Бір жапырақ қағазға ол әріптер мен маған беймәлім сандарды түсіріп жатты. Еш нәрсені түсінбесем де, оқып шықтым. Болмаған соң, дәрігер аяушылықпен қарап, маған бір нәрсені былдырлады да, кетіп қалды.
Таңғы сағат 9 болар-болмаста палатама қатты айқаймен кіріп келді:
- Сіз мұны қалай...
- Анализ! Олар сізге жазып берген.
- Мен қайдан білейін? Ол жақсы ма? Айырмашылығы болған күнде, одан келіп кететін не бар?
Мамыражай күндер солайша аяқталды. Мені жалпыға ортақ палатаға ауыстырды (енді өлмейтіндер жаққа). Туыстар қоштасып болған-ды, келіп-кетуді қойды.
Палатада тағы бес әйел жататын. Қабырғаға қараған күйі, қабақтары кірбің тартып, үндемей, өз қалауларымен әрқайсысы өле бастағандай екен. Үш сағатқа әзер шыдап бақтым. Махаббатым тұншыға бастады. Дереу бір нәрсені қолға алу керек еді.
Төсек астынан қарбызды домалатып алып шығып, оны үстел үстіне көтеріп қойдым. Кестім де, былай деп жар салдым:
- Қарбыз химиотерапиядан кейін жүрек айнуын кетіреді.
Палата ішінде сәби күлкінің дауысы естілді. Үстел алдына қалғандары сенімсіз аяқ басты.
- Шынымен бе, кетіре ме?
- Аха, - деп, іс-қимыл барысында ойланып, растап қойдым: "Кім біліпті оны..."
Қарбыз екіге жарылды.
- Шынымен екен, өтті! - деді терезе алдында жатқаны, көп күннен балдаққа сүйеніп жүргені.
- Менде де. Менде де! - қалғандары қуанышпен жамырап берді.
- Міне, - деп мен қамсыздықпен жауап қайыруға көштім. - Ал менде бір жолы мынадай жағдай орын алды... Мына әзілді білесіздер ме?
Түнгі сағат екіде палатаға медбике кіріп келіп, өкпе-ренішін білдірді:
- Қашан күлуді доғарасыздар? Бүкіл қабатқа ұйықтауға кедергі келтіріп жатырсыздар!
Арада үш күн өткенде дәрігер жасқанып болса да, менен батылсыздау сұрады:
- Өзге палатаға ауыса алмас па едіңіз?
- Не үшін?
- Бұл палатаның жай-күйі жақсарды. Көрші бөлмеде науқастанып жатқандар көп еді.
- Жоқ! - деді менің көршілерім. - Жібермейміз.
Жібермеді. Біздің палатаға ғана көршілер келіп тұратын - жай отырып кетуге, әңгіме соғуға. Кейбірі күліп алу үшін. Неліктен екенін мен түсінетінмін. Өйткені, біздің палатада Махаббат өмір сүріп жатқан-ды. Ол бар жерде әрбірімізді нұрлы шуағымен баурап алып, барлығымызға тыныштық сыйлайтын.
Маған шүйдесі түйіншекпен оралған жасы он алтылардағы ақ орамал тартқан башқұрт қызы ұнайтын. Орамалдың әр жаққа қараған ұштары оны қоянға ұқсататын. Оның бойында лимфома рагі болатын. Ол маған күле алмайтын болып көрінетін.
Арада бір апта өткен соң, мен оның ғажап әрі қымсынған күлкісін көрдім. Маған ол дәрілердің әсер етіп, өзінің жазылып келе жатқанын айтқанда, біздер дастархан жайып, қымыз ішіп қызара отырған едік.
...Кезекші дәрігер бастапқыда таңырқай қарап тұрды да, сосын бізге былай деді:
- 30 жыл осындай жұмыс жасап келсем де, мұндайды бірінші рет көріп тұрмын.
Теріс айналды да, кетіп қалды.
Біздер оның бет-әлпетіне ұзақ күлістік. Жанға жайлы еді.
* * *
Мен жанарымдағының бәрін жақсы көретінмін: кітапты да, компотты да, көршіні де, терезе алдында тұрған көлікті де, кәрі талды да. Кітап оқып, өлең жазып, терезеден қарап жүрдім.
Маған дәріні аямау егумен болды. Әйтеуір, егу керек болған соң, еге берді.
Дәрігер менімен тіптен сөйлеспейтін, тек өтіп бара жатып үрейлі қарайтын, үш апта өткенде құлағыма тыныш келіп сыбырлады:
- Сіздегі гемоглобин сау адамдікінен 20 есеге артық. Оны енді көтерудің қажеті шамалы.
Ол бір нәрсеге өкпелі болып көрінді. Шындығына келсе, ол ақымақтың нағыз өзі болып шыққан-ды, Диагноздан қателесті, бірақ ол бұлай болмауы тиіс екенін өзі де білетін.
Бірде ол менің алдыма келді:
- Мен сіздің диагнозыңызды мақұлдап бере алмаймын. Сізді ешкім емдемесе де, сіз өздігіңізден жазылып келесіз. Ал бұлай болуы мүмкін емес!
- Енді менде қандай диагноз?
- Әлі ойлап тапқан жоқпын ,- деді ақырын. Ол кетіп қалды.
* * *
Мені жазып шығарған күні дәрігердің мойындауына тура келді:
- Сіздің кетіп бара жатқаныңыз қандай өкінішті, бізде науқастар әлі көп.
Біздің палатадан бәрі жазылып шықты. Бөлімше бойынша осы айда өлім-жітім 30 пайызға қысқарған. Өмір жалғасып, ендігі көзқарасы өзгерді. Менің көзқарасым өзгерді. Енді мен әлемге жоғарыдан қарап тұрғандай едім, көздегі көріністің аумағы өзгергендей.
Ал өмір мағынасы барынша қарапайым әрі еш қиындықсыз қолжетімді болып көрінді. Алдымен сүюге жай ғана талпынып көру керек екен - сонда ғана сіздің мүмкіндігіңіз шектеусіз болып, алғаусыз ақ-армандарыңыз орындалмақ; егер сіз, әрине, тілектеріңізді махаббатпен байланыстырып, ешкімді алдамайтын, ешкімді күндемейтін, ешкімге ренжімейтін, ешкімге қастық ойламайтын қулық-сұмдықсыз жанға айнала алсаңыз ғана.
Барлығы қарапайым әрі күрделі!