Ойдан ой туады

Адамдардың ойларын оқу неге сонша қызықты екен? :) Осы порталдағы барлық жазба әйтеуір біреудің ойы, біреудің тәжірибесі, біреудің айтқаны... 

Ойдан ой туады. Бұрын кез келген мақал мен нақыл сөзді бағдарға алып ап, солардың ізімен жүретінмін. Кейін бір-біріне қарама-қайшы ойлар көп кездесе берген соң, ойландым. Бұл сөзді айтқан адам кім? Өзі қандай өмір сүріпті? Бақытты болып па? Сөзі мен ісі үйлеспеген бақытсыз бейбақ болып па? 

Дегенмен, біз әйтеуір бір ойдың жетегінде, сол ойдың күшімен өмір сүреміз. "Мына мақсатыма жетуім керек!" деген ой таңертең шырт ұйқыдан тұрғызып, киіндіреді, жұмысыңа ертіп барады. Шаршасаң, қолыңнан ұстап, алға жетелейді.

Адамдардың бір-біріне әсер етіп, бір-біріне еліктеуі деген сезімнің болғаны үшін қуаныштымын. Расымен. Маған бір кісі үнемі былай дейді: "Арманда, арманда, тағы да арманда..." 

Бәрі бақытты болудың қамы... 

Бақыт дегеннің өзі бір сәттік сезім бе деймін. Өмір деген бес күндік. Қамшының сабындай ғана. Бақсам, жақсы көңіл-күймен жүрудің де қарапайым қағидалары бар екен. Жағымсыз жаңалықтарды көп оқымау, атыс-шабыс киноларды көрмеу сияқты... Аз білсең, жақсы ұйықтайсың деген рас-ау...

Мамам "Ел не дейдіні" көп айтады. Мен бұрын "Түй, мама-ау, елдің сөзін қайтеміз? Айтады, айтады, қояды" дейтінмін. Бірақ, қоғамдық пікір, адамдардың бір-бірі туралы ойлары әсте, маңызды нәрселердің қатарынан ойып тұрып орын алады екен. Өзің үшін емес, біреу үшін өмір сүретін де кездерің болады екен... 

Бірақ, біз әрқайсымыз өзіміз үшін жалғызбыз. Өмірге жалғыз келіп, жалғыз кетеміз... Сонда да,  ұлылық деген ұғымның анықтамасы - мына өзіміз. Өйткені - адамбыз... 

П.С: Сіз дәл қазір не ойлап отырсыз? 



Бөлісу: