Заявка жаз!

Заявка жаз!
жеке
блог

-         Кітаптың тұсау кесеріне лента керек еді?

-         Заявка жаз!

-         Түсінбедім?

-         Лентаға заявка жаз!

-         Мақұл!

-         Міне жазып алып келдім.

-         Так, қол жоқ.

-         Кімнің?

-         Бастықтардың

-         Міне заявка, міне қол!

-         Төбесіне рұқсат деп жазылмаған.

-         Оның қандай қатысы бар?

-         Уақытым жоқ. Алып кел!

-         Алып келдім!

-         Бәрі дұрыс... Тоқта! Бухгалтердің қолы жоқ қой?!

-         Уф...

-         Бәрін алып келдім! Бәрі бар! Өтініш бір қарыс лента ғой, бере салыңызшы!

-         Бәрі дұрыс. Оқып шығайын. Қызықсың, лентаның размерін жазбасың ғой.

Дәл осы кезде алпыс екі тамырымда ойнап тұрған қан басыма келді. Бір қарыс лента үшін жұмыс біткеншке жүрдім. Ақыры ақ қағазға жазылған заявкасын көзінше жыртым алдына тастадым да, базарға кеттім.

-         Сәлеметсіз бе, лента бар ма?!

-         Бар!

-         Осындай керек еді.

-         Міне 300 тг.

-         Ой рақмет! Не деген жылдамдық)

Сол лентамен менің тұсауымды емес, өздерінің бас пайдасына керек кітаптарын кесейін деп жатыр. Айналдырған 300 теңгесін қимаған адамдармен жұмыс жасау мүмкін бе өзі?! Сонда ортақ дүние, мүдде деген ішкі адамгершілік қасиет ада қалғаны ма?!

Заявкасыз іс бітетін, толған қолдарсыз жұмыс аяқталатын күн туар ма екен? 

«ҚОЛЫҢЫЗ КЕРЕК ЕДІ...» 

Адамда бар екі қол еңбек етер, 
Еңбегінің жемісі елге кетер. 
Тағы бір қол адамнан табылыпты... 
Елге емес өзі үшін ермек етер. 

Екі қолдан бір қолдың жолы бөлек, 
«Өлмеу» үшін біреудің қолы керек! 
Тірі тұрған адамға қол қоймаса... 
Мың жерден бар бәрібір «өлі» демек. 

Тар қапастың ішінде, тас қамалдың, 
Еңбек етіп көзіңді жасқа малдың... 
Екі қолмен жер қазып қандай жаман, 
Бір қолына бағынған басқалардың. 

Қара бас, қара қалам күшіменен, 
Тынар екен тірліктің ісі немен...?! 
Он күн күткен қолыңды он минутта, 
Сүйкей салар саусақтың ұшыменен. 

Мына қолдың қай жері құдіретті, 
Бір –ақ қол екі қолға құзір етті! 
Кезегімен айналып қолға қарап, 
Кезек күтіп осылай ғұмыр өтті... 

Өсіретін қол тағы өшіретін, 
Кешірмейтін тағы сол кешіретін. 
Қолыменен бас кесіп жатқандардың, 
Күні бар ма қолдары кесілетін...?! 

(... Кешіріңіз, қолыңыз керек еді...) 

Марғұлан Ақан