Заманы басқаның...

Ескі әдетімен егде тартқан әжем тағы да кейіді. «Бір шелек суды көтергенге бүйректерің ауырады. Сендер қалай адам боласыңдар ә?! Біз баяғыда...» деп бейнетке толы ғұмырынан әңгіме бастады. Иә,ол кісілердің кезінде барлық адам қайратты еді. Ердің ісі демей еңбек етсе де, қыңқ демей қыбырлап жүре беретін. Сонда да жандарын сырқат меңдеп сыздатқан емес.

Ал қазір ше? Аялап алақанда ұстағанның өзінде өрімдей жастар шын жұмсағанда өлімші күйге түседі. Тамағын алдына тосып, тықпалаған әке-шешеге еркелегеніміз бе әйтеуір жұмыста сылбыр, қиындықта бойкүйезбіз. Жанталасып, жүгірмей жатып жығыламыз. Алқынып, аласұрмасақ та ауыра қаламыз.

 Бірде Оралхан Бөкейдің «Бәрі де майдан» әңгімесін оқып отырып қайран қалдым. Алма атты кейіпкердің соғыс кезінде бір күнде тоғыз жүз килограмм жүк көтеретін кездері болады. Осы тұста менің ойымды өзіме деген мысқыл күлкі биледі. Құдай-ау ауыр азапты сезіне тұра сергек жүретін адамдардың қасында біздің жанымыз нағыз шыбын жан екен ғой. Техника дамып, бар кереметті алдымызға тосқан сайын, ақ саусақ болып бара жатқандаймыз. Көненің көзін көрген кемпірлердің келініне кіжінетін тұсы да осы. Мүмкін жайлы өмірде жанымызды қинағанымыздың өзі артық шығар...

Бүгінде осындай тыныштықты қалайтын адамдарға бұрынғының ізімен жүр дей  алмайсыз.  Қазіргі қара көздердің Баянның бейнесін, Жібектің жүрісін қайталамасы анық. Неге? Себебі, «жаңа ғасырдың талабы солай» деген суық ой санамызда қалған. Бүрмелі көйлек киіп, бұрымды белге түсіру ұят тәрізді. Олай жүру қоғамға да жат  дүние секілді, қабылдай алмайды. Одан ғөрі шашты тіктеп, жіберіп қойып, жыртық киіммен көшеде жүруді артығырақ санайтынмыз ақиқат. Ал дұрысы қайсы екеніне үлкендерден басқа алаңдап жатқан жан жоқ. «Жаңа заман» дегенді жақсылап миға сіңіріп, жөнсіз нәрселерге көз жұмуды әдетке айналдырғанымыз қашшан. 

Не дегенмен заманы басқаның адамы да өзгеше ғой. Бірақ, осы жайбырақаттығыз жалқаулыққа ұласып кетпесе қайтсін?! Жаңашыл қағамның желікпе жастары жарға ұранып жүрмесіне кім кепіл?!

 



Бөлісу: