Заман туралы ой-толғау

Жалықтым:
Жалаңаш жарнамалардан,
Жаңылтқан телеарналардан,
Ойсыз орталардан,
Опасыз ордалардан.

Жирендім:
Өмірдің өтірігінен,
Байлардың кекірігнен,
Өктемнің өкірігінен,
Өсектің үшкірігінен,
Сертсіздің секірігінен.

Шаршадым:
Жалған күлкілерден,
Адамсыған түлкілерден,
Сезбейтін жүйкелерден,
Жөнсіз жүйелерден,
Жалалы күйлерден,
Сүйексіз шүйкелерден.

Қорқамын:
Жалған жасындардан,
Алдамшы «асылдардан»,
Алаңсыз масылдардан,
Қауқарсыз қосындардан.

Түңілем:
Білімсіз білектерден,
Жалынсыз жүректерден,
Армансыз түлектерден,
Дәлелсіз деректерден.
Осының барлығы,
Өмірге керекпе екен?

Күдіктенем:
Өріссіз өлеңдерден,
Сөлі жоқ сөйлемдерден,
Көріпкел «көсемдерден»,
Шері жоқ «шешендерден»,
Түбірсіз төлемдерден.

Адастым:
Қауқарсыз қаулылардан,
Айнықпас аурулардан.
Шарасыз шешімдерден,
Шені көп есімдерден,
Өлшеусіз өсімдерден.

Өкінем:
Дүдамал дінсіздіктен,
Дүбара үнсіздіктен.
Жөнделмес жөнсіздіктен,
Көп діндіктен,
Көп тілдіктен,
Өзегім өртенді,
Бәріне өкінгендіктен.

Ұялам:
Жалаңаш сәндерден,
Мәні жоқ әндерден,
Сезімсіз сазгерден,
Сатылған тәндерден,
Алдайтын балгерден.

Қуанам:
Егемен жарлықпенен,
Азғантай айлықпенен.
Ден саулықпенен,
Он саулықпенен,
Ақ жаулықпенен.


Үміттенем:
Таласып тірлікпенен,
Таң атар күдікпенен.
Мен жеңіп келемін,
Баршасын үмітпенен.




Бөлісу: