Ұстазы мықтының- ұстанымы мықты!

Мектеп барып сегіз жастан,

Шын ынтамен аянбастан,

          Оқыдың оқу он бес жыл.

Білімнің шығып шыңына,

Түсініп жақсы сырына,

          Тапсырдың госты осы жыл.

Алсаң мықты маман болып,

Ел үшін керек адам болып,

          Зор қуаныш емес пе бұл.

Қуанбай ма ата-анаң,

Жолдастарың, іні-ағаң,

          Демей ме сені шын адал ұл.

Тілекті солай орында,

Білімнің бұралаң жолында,

          Халықтың тауып керегін.

Ақылға білім сай болса,

Тұрақты терең ой болса,

          Береді қоғам көмегін.

Білімнің жеңбес ісі жоқ,

Сенбейтін оған кісі жоқ,

          Қиын іс мынау демегін.

Білімнің сыры өсуде,

Табиғат сырын шешуде,

          Білмеген ешкім дерегін.

Жаратушының әрбір ісін,

Заттардың түрлі құрылысын,

          Білдің ғой өзгеру себебін.

Әрбір істі білсең зерттеп,

Жұмсасаң оны жақсы реттеп,

          Өседі білім көлемің.

Орындайды деп тілекті,

Қуантып қарт жүректі,

          Мен де саған сенемін.

Алғыс алғын Отаннан деп,

Үздік болғын қатардан деп,

          Батамды саған беремін.

          Бұл өлең жолдарын атам Мәлікаждар Құлмұханбетов 1955 жылы қазан айының сегізі «Жамалбек, оқу бітіргенде»,- деп  жолдаған екен.

          «Ұстаз ұстаз емес өз шәкiртi үшiн күймесе, шәкiрт шәкiрт емес өз ұстазын сүймесе»,- деп қазақтың қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың және көрнекті жазушыларың бірі Жүсіпбек Аймауытов айтып кеткендей, Сібірде айдауда жүріп шәкіртінің болашағына бағдар беріп, батасын беруі үлкен даналықтың белгісі сынды.

          Елімізде үнемі ұстаз мәртебесін көтеріп, аса жоғары бағалаған. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады»,- деп қазақ елінің заңғар перзенті Абай атамыз айтып кеткендей – нағыз Ұстаз қасиетті де, қадірлі тұлға.

          Атам өлең арнап отырған кісі Жамалбек Жақсылықұлы атты қарт, Райымбек ауданының құрметті азаматы, дербес зейнеткер. Ары қарай атамның шәкірті Жамалбек атаның 2016 жылы шыққан «Тағдыр тағлымы» атты кітабынан үзінді келтірсем.

          «Менің ұстазым және ауыл азаматтары» деп аталатын бөлімінде: «Мәлікаждар Құлмұханбетов 1900 жылы туған. Жасынан зерек, өз замандастарынан озық ойлы, білімді болған. Ескіше, арабша сауат ашқан. Сол замандағы оқыған жастардың ішіндегі айырықша көзге түскені дарын иесі Мәлікаждар 13 жасқа келгенде әкесі қайтыс болып, әкесінің жаназасын өзі шығарған. Совет үкіметі орнағаннан кейін барлық елді мекенде міндетті оқу заңына сәйкес мектептер ашылып, оған ұстаздық етіп бала оқытты. Бұдан бұрын Айдархан молда екеуі Қолтық деген жерде, 1923 жылы алғаш совет мектебін ашып, бала оқытты. Осы мектептің негізінде Шалкөде өңірінің балалары үшін «Социалистік Қазақстан» атындағы орта мектеп жұмыс істеді. Осы мектепте әр жылдары оқытушы, әрі мектеп директоры болып қызмет атқарған. Мәлікаждар қария Қасымбек молдадан алған біліміне қоса, өз бетінше орыс тілін үйренген, ел тарихын шежіре жазу арқылы жақсы білген. Өзінің өрелі білімі арқылы аудан, облыс көлемінде танымал адам болған. Алаш арыстарымен пікірлес болған. Оған дәлел ретінде әкем Ақылбектен естіген мына әңгімені айтқым келеді. 1932-1933 жылдары ауданнан Елтай колхозына колхозшылармен жиын өткізіп, әңгімелесу үшін уәкіл келеді. Ол кісі совет үкіметінің жүргізіп отырған саясатын, жетістігін айта келіп, оны басқарып отырған Коммунистік партияны жиын өтіп жатқан үйдің белағашына теңейді. Сонда Мәлікаждар қария орнынан тұрып уәкілге: «Ол белағаш шірімей ме, уақыт өте келе сынып түспей ме?»- деген сұрақ қояды. Жұрт қозғалақтап, біразы күліп,  іштерінен біреуі иә ағаш көпке шыдамайды ғой деп қалады. Уәкіл де тосылып жауап бере алмаған еді дейді. Осыдан кейін болу керек ол кісі саяси сенімсіз адам ретінде, және ағайынның өзінен білімі мен беделі жоғары адамды көре алмайтыны бар. Солардың көрсетуімен бе 1939 жылға дейін 2-3 рет сотты болып түрмеге қамалған. 1939 жылы түрмеден келген соң мұғалімдік жұмыс берілмеген соң Елтай колхозында сауатсыздарды оқытқаны үшін колхоз басқармасының 21.05.1940 жылғы № 28 қаулысы бойынша 0,75 еңбек күні Мәлікаждарға берілсін деп қаулы алған...

          Кейін 1941-1942 оқу жылында Мәлікаждар бізге 4-класта сабақ берді. Ол кісінің сабақ түсіндіруі, әр пән бойынша ерекше өтетін еді. Келесі оқу жылында Маркс жеті жылдық мектебіне ауысып, бізге тарих пәнінен сабақ беріп жүргенде, ноябрь айы болуы керек ұсталып қамауға алынды. Ол кісі 10 жыл мерзімін өтеп, Краснояр өлкесінің Канск қаласының солтүстігіндегі тундрада, Апан-Ключи, Белотаежко городок деген жерде 20-30 адам, қарағайдың шайырын алып жұмыс істеп жүргенінде, мен барып бір сөтке қасында болған едім. Бұл 1954 жылы тамыз айының аяғы болатын. Мен Кемеров облысында Анжере-Суджинск стансиясында, диплом жұмысын қорғау үшін, жер асты суын зерттеу геологиялық партиясының құрамында екі айлық практиканы өткізген соң барып едім. Ол кісінің қасында бір сөткелік болуым, бара жатып Абаканда поезд билетін Компасировка (ауыстуру) үшін бір сөтке, Апан-Ключиде бір сөтке жаттым. Осылай екі сөтке уақытым босқа кетті. Ол жерде Жүмәділ Уәлиев деген кісі сені арбамен жеткізеді деген хатында, ал ол кісі мен келгенімде отынға кеткен екен. Күндізгі сағат 3 шамасында келіп, атым жарамайды, ертең апарамын деп бір күн кідіртті. Ертесінде таңғы төртте арбасымен городокқа жүріп, күн шыға сағат сегізде жетті. Он шақырым жер екен, арбамен жүргенімізден жаяу жүргеніміз көп болды. Жақындағанда анау сенің әкең, аттарға шөп салып жатқан деп, ей Мәлікаждар балаң келді деп айқай салды. Ести сала айырын жерге шаншып, бізге жалт қарап тұрды. Мен арбадан түсе салып, тура жүгірдім. Келе ассалаумағалейкум-деп салам бере құшақтадым. Ол кісі мені құшақтап, жылап тұрды. Мен болсам «тәте жыламаңыз, мен сізді жылатқалы келгенім жоқ, қуантқалы келдім» дедім. Көзінің жасын сүртіп, біз сені бұдан бір-екі күн бұрын келеді деп жұмысқа шықпай күттік. Келмеген соң бүгін демалыс күні болса да жігіттер жұмысқа шықты. Мен бәріне хабар берейін, олар қазір-ақ келеді деп үйге қарай жүрдік. Үй демекші Мәлікаждардың жатқан үйі, Солтүстік Қазақстан облысында оқу бөлімінің меңгерушісі болып тұрғанда халық жауы болып ұсталған Мұхаметжан деген кісі әйелімен тұратын үй. Ол кісінің әйелі  түрмеге күйеуіне жолығып жағдайын білу үшін Сібірге бірнеше рет келіп-кетіп жүрген. Маған келемін деп жүріп жазым боларсың, одан да біржолата кел деп қасына алған. Бостандық алған соң сауын сиыр ұстап жағдайлары жақсы екен. Бір ауызды үйде  Мәлікаждар әкеміз үшеуі бірге тұрады. Осы үйге кірген соң 10-15 минутта жұмысқа кеткен Мұхаметжан, Ермек (бұл кісі Павлодар облысының Куйбышев ауданы, Жаңа Талап колхозы, Амангелді селолық Советінде тұрады. Колхоз төрағасы кезінде ұсталған). Ғафур (түрікмен), Нүри (өзбек) және бір грузин азаматы келіп; бәрі менімен құшақтасып, көрісіп амандасты. Әсіресе, «Ермек пен Мұхаметжан, Мәжін молда, Кетік Әбділда, Сүгір, Әбдірахпан кәриялар аман-есен бе? Ел-жұртың аман ба?»- деп сұрап жатыр. Бұған қарап бұл кісілерді өзіміздің Елтайдың адамдарындай сезіндім. Мәлікаждар тәтем ол кісілерді өзінің ауылдастары мен мекен еткен жерімен етене өте жақсы жақынындай таныстырған екен. Амандықтан кейін қой сойылды, оның етін түгел магазинге әкеліп, менің көзімше таразыға тартты. Салмағы 14 кг шықты. «Жамаш бұл ісек қой, сен келемін деген соң екі ай байладым. Осының сыры неде?»- деді. Мен болсам, «Тәте бұл ісек қой емес, қазір біздің елдегі қозының өзі 15-20кг шығады»,- дедім. Бұл ісек қой екені рас, бірақ етінің жеңіл болуы бұл жерге күн сәулесі аз түседі. Қарағайдың жиі, әрі жуан, биік өскендігінен жер дымқыл болып, шөбі сирек, әрі биік өседі. Сондықтан қуаты жоқ, жұғымы болмайды дейді. Бұған мен таңғалған едім. Тәтем өзі 10-15 жұмыс атына шөп салып, жем беріп бағады және сол жердегі шағын магазинде дүкенші болып істейді екен. Осы жұмыс орындарын әңгімелесе жүріп көрсетті. Белотаежко аталатын шағын ауылдың тыныс тіршілігімен таныстырған соң, түскі ас ішуге жиналдық. Дастархан басында Мұхаметжан әйелімен, бір грузин, Ермек, Ғафур, Нүри және біз болдық. Әбдірахман деген татар кісі басқа жаққа кеткендіктен болмады. Ал мені жеткізген Жұмаш кәрия кетіп қалды. Менің осында келу құрметіме орай дастарханда асылған ет, бір бөтелке Московский арағы қойылды. Ішімдік грузин жігітіне, Ғафур, Нүри және маған құйылды. Мен ішімдік ішпейтінімді айтып, стаканды қолыма алмадым. Ал Мұқан, Ермек және тәтем ішпейді екен. Тамақтанып отырғанда елдің, қаланың тыныс тіршілігі, адамдардың көңіл-күйі туралы әңгімелестік....

          Осыдан кейін Мәкең ұсталғандағы, тергеу кезіндегі өзінің көрген қиындықтарын, тергеудің алуан түрлі жауыздық тәсілдерін қолдану кезіндегі тәнінің, жанының ауыр азап көргенін еске алды. Қиыршығысқа жеткенше вагон ішіндегі адамдардың бір-біріне жасаған қиянаты, зорлық істері туралы айтып отырды. Бірінің тамағын бірі тартып алып жейді. Сенің өлдім дегеніңе олар пысқырмайды. Сен көріп отырған менің  қазіргі халым жақсы. Осы жағдайға жетуіме жан ашыр адам болды. Сен қай ұлт екеніңе қарамастан адамгершілігі мол адамдар  бар екенін содан білдім. Владивосток қаласына жақын маңда аш-құрсақ, азапты ауыр жұмыс істеп жүріп, қатты ауырып, өлім халінде қалалық ауруханаға түсіппін. Есімді жиғанда қарасам емханада жатқан адамдар жаралысы, ауруы бар, бірінің үстіне бірі жатқан тығыздық. Айқай-шу, ауырғаны қайсы, жылағаны қайсы адам біліп болмайды. Осылай бір жеті, он шақты күннен кейін ұзын бойлы, өңі жылы бір адам келіп, менің аты-жөнімді, қайдан келгенімді, не үшін сотталғанымды сұрады. Бұл кісінің маған жылы шырай білдіріп, жанашарлық жасағаны, менің басқалар сияқты, айқай-шу шығармай, ешнәрсе талап етпей тыныштық сақтағанымды байқап қалған екен. Мен науқасымнан айығып, жұмысқа жарайтын халге жеткенде, осы кісі мені тағы осында қалып, емхананың тазалығына, халі жоқ науқастарға қарауыма кеңес берді. Сөйтіп мен жазылғаннан кейін тағы бір ай әлгі кісінің  көмегімен денсаулығымды тіпті жақсартып алдым. Әңгіме барысында ол адамның кім екенін де білдім. Сөйтсем ол кісі Яков Свердловтың қарындасының күйеуі екен. Екеуі де сенімсіз адамдар ретінде сотталып, Владивостокка жер аударылған екен. Жақсының шарапаты деген осындай-ақ болар. Қазақстанның қайдағы бір түкпірінен келген маған осы кісінің зор көмегінің арқасында мен сенімен дидарласып отырмын. Мұндай күнді көремін деген ойым түгіл, түсіме де кірмеген. Осы денсаулықтың арқасында елге де аман-есен барып қалармын деген еді. Барған күннің ертесі арбаға атын шегіп, мені Апан-Ключиге әкеліп машинаға отырғызды. Екеуміз құшақтасып, сүйісіп ажырастық. Осы жерде сенің бұл келген жақсы іс-әрекетіңді еш ұмытпаймын. Бұл жақсылығың құдайдан қайтсын. Тағы бір-екі сөтке болғаныңда жақсы болар еді. Енді жолың болсын шырағым, елге сәлем айт деп қоштастық....

          Лагерьден кейін ауылға келгенімде, менің Краснояр өлкесінің солтүстігіндегі тайгаға жер аударылған Мәлікаждарға барғанымды естіген ауыл адамдары келіп аман-есендігін, денсаулығы қалай екенін, қасында кімдердің барын, қандай жұмыс істейтінін сұрап жатыр. Осылардың ішінде Мәжін кәрия бір күнде біздің үйге екі рет келді. Ей Жамалбек соншалық алыс жерге барғаның рас па, рас болса Мәлікаждарды көргенің рас па? Түрі қандай, киімі бүтін бе, қасында кімдер бар екен, денсаулығы жақсы ма?-деп сұрақтың астына алды. Мен болсам, тәте барғаным рас, ол кісінің қасында Мұхаметжан, Ермек, Нүри деген өзбек, Ғафур деген түрікмен, Жұмаш, Әбдірахман деген кісілер бар екен. Мәлікаждар тәтем соларға сіздерді бірге жүрген туыстарындай етіп таныстырыпты. Мен барғанда олар бірінен кейін бірі сізді Мәжін молда аман-есен бе, Кетік Әбділданың қалы қалай деп сұрап жатыр. Егер  мен бармасам, тәтемді көрмесем олардың әңгімесін, сіздерді сұрағанын қайдан білемін. Аты-жөндерін де білмес едім деймін. Осылай сендірдім. Мәжін әкеміздің бауырының жағдайын сұрап, бір күнде маған екі рет келуі, мені қатты ойландырды. Мен бұдан ол кісінің бауыры туралы күйзелісін, ішкі жан сезімінің жылап тұрғанын, оны тірі көремін бе көрмеймін бе деген сағынышын ұқтым...

          Кейін жоғарғы оқу  орнын бітіріп, жолдамамен Павлодар облыстық су шаруашылық мекемесіне қызметке барғанда да, ол кісімен хат алысып тұрдым. 09.05.1955 жылғы жазған хатында Жәмихан оқуға түсіпті деп естідім, оқуын бітірді ме? Тәліп туралы жазыпсың, егер Мұсақұлов Тәліп болса менен сәлем айт. Тоқтархан, Жүнісхан сендер оқуларыңды бітіріп, еліңе адал кызмет істеулеріңе тілектеспін депті. 11.04.1956 жылғы жазған «қуанышты хабар» деген хатында 14 жыл сарғая күткен тілегім орындалып, паспорт алудың хабарын естіп отырмын. Бұл хабарды алысымен қуанғаным сонша, екі күн ұйқы көрмедім депті...

          Осылай 1957 жылдың маусым айының соңына қарай түрмеден босанып, поездбен маған, Павлодар қаласына келді. Мен демалыс алатын уақытым келіп, бастығыма, Бессоновқа арыз берген едім. Ол кісі Май ауданына барып, мен тапсырған жұмысты бітірген соң, демалыс беремін деді. Ол жақтағы жұмысымды бітіріп, демалыс алғанымша 14 күн мен жатқан үйде жіпсіз байланып, амалсыз жатты. 14 жыл түрмеде, 14 күн менің қасымда болған, бала-шағасын, ел-жұртын, туыстарын көруге асыққан тәтем екеуміз поездбен ақыры Алматыға жеттік-ау. Бізді Алматы вокзалында тағатсыздана күткен Антания, Жүнісхан, Жүнісбек, Хафиза, Қатира, Шәйімхан, Құдабай, Күлтай, Әукен, Боқаева Тұрған, Айнамкүл, Сабазбеков Жақсылық, Момбеков Құрманбай күтіп алды. Осы жерде қуаныштың ыстық көз жасына ерік берілді. Бәріміз осы көрініске қатты тебірендік. Ақыры бірімізге-біріміз басу айтып, Антанияның үйіне келдік. Бір күн түнегеннен кейін елге бет түзедік...

          Міне осы атамекеніне сағынышпен келіп, 14 жылдан кейін, түрменің азапты күнін адам төзбес қиянат-қысымын көріп, ел-жұртымен, ағайын-туысымен қауышқанда, балаларымен Алматы вокзалында кездесіп жолыққанда мен қасында бірге болдым. Елін, жерін сағынған азамат бостандыққа шыққанда бала-шағасына тура келмей, маған Павлодарға келіп, маған, демалыс бергенге дейін төзімділікпен күтіп, 14 күн тосып жатуы мен үшін әрі қуаныш, әрі құрмет, әрі таңқаларлық жағдай еді»...

Жамалбек келгенде

Келгенде мені іздеп Жамалбегім,

Көңілім көтеріліп өсті менің.

Жамалбек маған келіп қол бергенде,

Көрінді кеп тұрғандай қалың елім.

          Сондағы мен сезінген қуанышты,

          Айта алмас ешкім сөйлеп сөзбен теңеп.

          Сағынып он екі жыл хабар күткен,

          Ел-жұрттың өркендеген айтты жөнін.

Аңсаған елдің жайын түсіндірді,

Қалдырмай бала-шаға, әйел, ерін.

Жиналған қайғы, уайым сағынышпен,

Тарқатты қатып жатқан іштің шерін.

          Оқыған оқу жәйі, жүрген жері,

          Қалдырмай айтып берді көргендерін.

          Естітіп өркендеген елдің жайын,

          Келешек өміріме болды сенім.

Жолдастарым қуанышпен алды қарсы,

Көрісіп амандасты кәрі, жасы.

Ермек, Нұри, Бихатша, Мұхаметжан,

Қуанды менен артық сөз расы,

          Жамалбек өте ардақты бір баламыз,

          Бұл ісін ұмытпастан еске аламыз.

          Келуі қуаныштың алды болып,

          Кешікпей туған елге біз барамыз.

Айтады бізден сәлем балаларға,

Іні-келін жеңге мен ағаларға.

Елдегі құрбы-құрдас, құда-жегжат

Айтады және сәлем балаларға,

Біздегі елге қайтар қуанышты

Айтады сүйінші деп тағы оларға.

          Алматы сәлем айтар қаласына,

          Ұл мен қыз оқып жүрген баласына,

          Қарсы алып қуанышпен күтсін бізді,

          Барамыз қалың елдің арасына! (31.08.1954)

          «Адамның ұяты бетінде, адамгершілігі ниетінде»,- демекші ұстазын емес ағайынын іздемейтін қазіргі уақытта бұл кісілердің заманның қиын кезінде бір-біріне көрсеткен құрметі адамгершілік пен бауырмалдылықтың үлгісіндей. Бірі интернет жоқ, мобильді телефон тұрмақ қарапайым телефон желісі жақсы дамымаған заманда, хат алмасу арқылы Сібірге іздеп барса, бірі 14 жыл сағыныш пен уайым тас шерменде болып қатқан жүректің емі – елі, туған жері, халқы, тума-туыс, бала-шағасына бірден өтпей жолай шәкіртіне соғып 14 күн күтуі де адам сенгісіз.

Құлмұханбет Заңғар Жүнісханұлы



Бөлісу: