Ұстаз болу...
блог
Сөзден жыр кестесін төккен Ғафу Қайырбеков атамыз ұстаз деген сөздің мағынасын былай түсіндірді:
Ұстаз бол- сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу- жүректің батырлығы.
Ұстаз болу- мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның асылдығы.
Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өзгелерді бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек. Менің де жаныма жақын ұялататын, ұстаздардың ұстазы деп танитын мұғалімім - Смагулова Фатма Алиевна. Ол- биология және өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі. Жұмысына аса ұқыпты, балаларға үлгі болардай жан. Бар білгенін оқушыға үйретуден жалықпайды, оқушылармен тез тіл табысып кетеді.
Тек қара басын ғана ойламай, оқушыларын өз баласындай аялап, білгенін, ойға түйгенін ақтара салғысы келіп отырады. Қимылы шапшаң, әр баланың сан қилы мінезін тез ұғынып алады. Алтыннан да бағалы ойлары, ақыл-кеңесі менің жадымда мәңгі сақталып қалмақ. Мен оны мақтанышпен айта аламын. Ұстазымның күліп тұрған жүзіне ешқашан қаяу түспесе екен деймін.
Адамның адам болып қалыптасуына ата-аналармен қатар, мұғалімнің де рөлі зор. Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы "Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз" деген екен. Олай болса, ұстаздарымызды ардақтап, аялап өтейік.