«Үш бәйтерек – үш арыс»
блог
«Үш бәйтерек бір жыл туып, бір жыл өткен,
Зарлатып әйел-бала бірге кеткен.
Оларға “халық жауы” атақ тағып,
Түбіне үшеуінің бір күн жеткен...»
Тілеген Жұматов
Тәуелсіз елдің бүгіні мен ертеңі болып жүрген, біз, жастар – бақытты жандармыз. Бүгінде оған «неге?» - деп таңданатын жан жоқ шығар. Дегенмен де айта кетейін. Тарихтың өткен парақтарында «Қазақ» деп, «Халқым» деп, «Алашым» деп жүрегі үзілгенше соққан абзал жандар, атқа мініп, «Абылайлап», мың қол басқыншыға қарсы шапқан жаужүрек қайсарлар, қалам ұстап, намыс қайраған, төгілте маржан жыр төгіп, жүрекке нұр ұялатқан тұлғалардың арманы – алдымызда жарқын болашақпен ұштасып жарқырап-ақ тұр. Өлшеусіз құнды байлығымыз – тәуелсіздікті мирас етіп қалдырып кеткен Алаш ұлдарының өзі – тарих пен әдебиеттің бір шыңы. Олардың әрқайсысы туралы сөз қозғап, сыр шертер болсақ, ғұмырлық уақыт жетпейтін шығар. Халқымыздың біртуар азаматтары, қатар жайқалып өскен алып тұлғалы үш бәйтерегі – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіров ағаларымыздың ерен еңбектерін елі мақтан етеді!
Бәйтерек десе, көз алдыма жайқалған мәуелі жапырақтары күн нұрына шағылысқан, алыптығы аспан төріне жеткен, тамыры төрткүл дүниенің ширегін қамтып, жер астына тереңінен қанат жайған, аңыздағы самрұқ құстың мекені, құтты ағаш елестейді. Халқым да Сәкен, Бейімбет, Ілияс ағаларды осы қасиетті алыпқа бекер теңестірмесе керек. Үшеуі де 1894 жылы қатар дүние есігін ашып, үшеуі де 1938-дің зұлмат жылдарында қандыгөз саясаттың құрбандары болған екен. Үшеуінің де аңсаған арманы, мақсат-мұраты бір болған дей аламын. Сөз өнері, проза, поэзия, драма жазу өнерлерінен алдына жан салмаған алаштың үш ұлы заманның қатыгездігіне қасқая қарсы тұрып, шындықты бүкпелемей, бетіне тіке қараған қайсарлықтарымен де ұқсас. Десек те, үш бәйтеректің әрқайсысы бірегей, ерекше. Бірінің «тар жол, тайғақ кеше» жүріп, сұлулыққа жаны құмар жан екені «Ақсақ киік», «Аққудың айрылуы», «Көкшетау» шығармаларынан көрініс тапты. Жүріс-тұрысы, киім киісі де өзгеше, сұлу, өзгелерден оқшауланып тұратын, көз тартар келбетіне қарап, «Сәкеннің сәнін берсін» деп шыққан тілек қазір кеңінен танымал. Сәкен Сейфуллиннің бүгінгі күнде жазушылардың қара шаңырағы болып отырған «Жазушылар Одағының» негізін қалаушылардың бірі екендігін де білеміз. Өмірге деген көзқарасын көңіл-күйіне байланыстыра отырып, тамаша жырлап өткен ақынның қазақ көркем сөз өнерінің асқан шеберлерінің бірі екеніне ешкім де шүбә келтіре алмайды. Ақын жырларын халық қастерлеп, жастайынан жаттап өсуде.
«Поэзия Құлагері» атанған Ілияс Жансүгіров қазақтың саз, музыка өнерін асқақта жырлауымен ерекшеленеді. Біз оны «Әнші», «Күйші», «Күй», «Домбыра», «Құлагер» шығармаларынан байқай аламыз. Қазақ поэзиясының інжу-маржаны болған поэмалары көлемді болғанымен, кез-келген жаста оқыған адамның тіліне жеңіл, көркемдігімен қатар қарапайымдылығымен де ерекшеленетініне көзім жетті. Өзі жырға қосқан Гималайдай заңғар биік тұлға поэзия бәйгесінде оза шауып, мәреден жарқ еткен жарқын бейнесімен де халық жадында заманының ең жүйрік тұлпарымен теңестірілгені болар. Шығармашылығынан бір жұтым татып көрген оқырманның ойына ой қосып, қиялына қанат бітіретін нағыз суреткер ақын болған дей аламыз.
Қазақ әңгімесінің хас шебері Би аға – Бейімбет Майлин - ең алғаш жадымда ана тілінен оқыған, ашаршылық жылдарының көркем бейнесі – Күлпаш туралы көңіл толқытар әңгімесімен қалды. Жетімдік зардабын тартқан ағаның өмір жолымен қатар шығармаларында да осы ауыр көріністер жиі көрініс тапқан да деп қаламын. Екі-үш жыл бұрын «Әй, шіркін, Шұға десе, Шұға еді-ау» - деп, бас шайқап, бас кейіпкермен қоса өкінгенім әлі көкірегімде сайрап тұр. Ащы мысқылды әңгіме-өлеңдерінде аямай төгілткен ұлт жанашыры сол заман халқының аянышты жағдайын, ұлт санасын ояту мақсатында,өзіндік ерекше стильмен осылай жеткізген. Реалист жазушы жаман мінезді сықақ ету, әділетсіздікке қарсы тұру, адамгершіліктің үнін асқақтата білді.
Сталиндік репрессияның құрбандары болған алыптар бүгінде қайта тірілді дей аламын. Жендеттер Алаш зиялыларын өз заманында «халық жауы» деп қуғынға ұшыратып, ұрпағымен жер бетінен жоқ қыла жаздаса да, халық санасынан жоғалта алмады. Біз – олардың ұрпағымыз. Халқымның қайталанбас тұлғалары салып кеткен сара жолдары – бізге аманат. Күн бейнелі асыл жандардың өздері сөнсе де, қараңғы көкте жұлдыздай ағып өтсе де, нұрлы сәулелері - олардың мұралары – кейінгі ұрпаққа әдебиет, тарих беттерінен көрініп, әлі жарық беріп келеді. Бір ойда жүргені, осындай жарық, нағыз жұлдыздарымыздың еңбектері шет тілдеріне көбірек аударылса дегенім. «Қазақтың мақтаныштары әлемге де танылса» деген арман, «танылар-ау» деген үміт, «ақ жол болса, танытармыз» деген мақсатымыз бар. Біздің ендігі мұратымыз – болашақта «әттең-ай» дегізбей сол сәулелердің өшпей, таралуын жалғастыра беру сияқты.