Үш бақытым

Жүрегі елім деп, жерім деп соққан әр қазақтың үш бақыты бар. "Ең бірінші бақытым халқым менің!" Халық үні - асыл үн. Бұл бір ауыздан емес, жүз ауыздан, мың ауыздан шыққан үн. "Халық айтса,қалып айтпайды",-дегенде бекер айтылмаған - ау шамасы.

Қазақ халқы ерекше халық. Ішкені - қымыз, жегені - қазы, ойнағаны - асық.Қонақжайлығына жеке тоқталмасақ болмас.Бұны біз сөзбен айтып жеткізе алмаспыз.Сол себепті, "Абай жолы" роман-эпопеясын мысалға келтірейік.Романдағы Базаралының жатағына келген орыс халқын қазақтар қандай қонақжайлықпен күтіп алғанын есіңізге алыңызшы?! Жат жұрт деп бөлмей, бар жақсысын алдына тосады ғой шіркін! Бұл қонақжайлық болмағанда не,  ерекшелік болмағанда не?! 

Салт-дәстүрлеріміздегі ерекшеліктің көзі көретін, құлағы еститін адамды таңғалдырмауы суда сылдыр, шөпте жыбыр болмауымен тең.Бұл біздің ата - бабамыздан сақталған ең үлкен ұлттық құндылығымыз емес пе!? Бала туылғанда шілдехана жасау, қадам басқанда тұсауын кесу, секіріп серке болғанда сүндетке отырғызу, уйленер жасқа келгенде ақ батасын тілеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондыру, ақтық демі таусылғанда да жуындырып, құрметпен жер қойнына тапсыру - қазақтың салт - дәстүріне, санасына сіңген рухани байлығы.

Осындай жүрегінде мейірімі бар, аңқылдаған аузы бар, кіршіксіз таза көңілі бар халық қалайша алтыннан, жақұттан қымбат болмасын!? 

"Ал екінші бақытым тілім менің" Қазақ тілім менің ! Темірді балқытқан,  суды мұз қылған тілім менің ! Жанартаудай атқылап тұрған тілім менің ! Бұл тілде сөйлеген мен қандай бақыттымын! Бұл Абайлардың, Шәкәрім мен Мағжандардың, Жүсіпбек пен Сәбиттердің, Ілияс пен Бейімбеттердің, Ахмет пен Міржақыптардың сөйлеген тілі емес пе?! Осы тілден шықты ғой, даналық та,  ойшылдық та, әсем ән де,  өткір өлең де.Осы тілмен шырылдап келіп,  шырылдап кетті ғой ұлыларым.Тас жүректі жібіткен тіл жауыздардың ет жүрегін жібіте алмапты ғой әттең! Сонда да олар тілінен түңілмеді, бас тартпады, сатпады.Өзі көрген ит өмірді жас ұрпақтың көргенін қаламай, надандардан көрі саналы ұрпаққа сөз сөйлеуді жөн көрді.

"Бақытым бар үшінші Отан деген" Менің Отаным - Қазақстан! Отан оттан да ыстық.Мен өз елімнің патриотымын, елім үшін қызмет қыламын, еңбек етемін.

Бұл Отанда туған әр адамның кеудесінде лапылдаған оты бар, жүрегінде түгі бар жандар.Бұл от су шашса да сөнбейтін от, өшіруге көнбейтін от.Бұл от біреуді жалынына қосып алмаса,  біреуге қосылмайтын от.

Бұл үш бақыт әр қазаққа берілген, әр қазаққа үлестірілген бақыт, әр қазаққа төгілген күн нұры.Ал қос алақандағы үш бақытты бағалау біздің міндетіміз.

"Үш күн нұрын төгеді аспанымнан, Атырау, Алтай, Арқа,Алатауға"-,деп Мұқағали атамыз да үш бақытты асқар асқар тауларға теңеген екен ғой...



Бөлісу: