Ұмтылған жан - ұтылмайды

Кешкі пойызға асығып, автобусты күтпей таксимен баруға бел будым. Асып-тасығаннан емес, амалсыздан. Біздің үйден жаңа Жд вокзалға автобус ең кемі 1 сағат жүреді. Содан қойшы жолдың жиегіне шығып, қол көтеріп, көлік тоқтатуға кірістім. Тоқтағанның барлығы мың жарым сұрайды. Менің межем мың теңге. Бір кезде бір көлік тоқтады. Саудаласып, менің бағама апаратын болды, бірақ бір условия қойды!!! Вокзалға қалай баратын жолды көрсетуім керек. Хош келістім.

Көліктің тізгінінде жас жігіт. Жанында жас қыз. Қаланың көшелерін толық білмейді екен. Әңгімелерінен ерлі-зайыптылар екенін ұқтым. Оны қыздың "Жаным былай қарай жүрші... Сергекті байқа... Қиып өткен әр көлікке жүйкеңді жұқартпашы... Светіңді қостың ба..." деген сөздерден байқадым.

Екеуіне қарап алты жыл бұрын Астанаға алғаш келген кезім есіме түсті!!! Тура осындай жағдай. Күні бойы жарым екеуіміз жұмыстамыз, кешке көшеге шығып адам тасимыз. Себебі екеуіміздің айлығымыз пәтер ақыдан аспайды, жүріп-тұруымызға қаржыны осылай жол үстінен табатынбыз. Қаржы дегенде қырып таппайсың. Ертең жүретін бензиніңе, кешкі шайға, балаларға тәтті алуға, шынын айтқанда көп жағдайда аталғандардың бір-екеуін ғана алуға жететін(((

Екеуінен сұрап едім, дәл басымнан өткерген жағдай болып шықты. Жігіт мем.қызметкер, жұбайы балабақшада істейді екен. Еңбекақы жетпейді, кешке қол қусырып жатқанша бір-екі сағат тірлік жасаймыз дейді.

Арамыздағы диалог барысында жігіттің ауылға қайта қайтқысы келетінін, баспанасыз Астана байласаң да тұратын жер емес екенін, тек балалардың болашағы үшін шыдап жүргенін ұқтым.

Тура менің де, иә сенің де, осы жазбаны оқып отырған көбіңіздің басыңыздан өткерген жағдай екенін айта аламын. Ауызын ашқан адаммен араласып кететін, артынан тіпті туысқан болып кететін адам ретінде "екі жасқа" барлығын айттым. Не айттың десеңіз: тура осындай жағдайды бастан өткергенімді, Астана армандар орындалатын қала екенін, жалақың аз болса да қандай банктен ипотека алуға болатынын, бастапқы жарнаны қалай табуға болатынын, алған ипотеканың ай сайынғы төлемінің көлемін қалай азайтуға болатынын, Астана алдыңнан қандай мүмкіндіктер ашатынын, қысқасы қорықпау керектігін айттым...

Вокзалдың алдында көлікті тоқтатып қойып әңгімелескеніміз соншалық пойызға қалып қоя жаздадым))) Жүгіріп отырып әйтеуір үлгердім!!!

Енді пойыздың терезесінен алыстағы Астананың жарығына қарап, ішімнен барлығын айтым ба, ештеңе ұмытпадым ба, жастарды жігерлендіре алдым ба деп ойланып отырмын...



Бөлісу: