«Ұмайдың» ұсынысы. Әйелдер ипотекасы тиімді ме?

«Ұмайдың» ұсынысы. Әйелдер ипотекасы тиімді ме?
жеке
блог

Өз жалақысы түгіл, бүтін бір отбасының кірісі 200 000 теңгеге жетпейтін азаматшаларға не істемек керек? “Отбасы банк” ұсынған аталмыш бағдарламаның ұтымды тұсы мен кемшіліктеріне GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халық сараптама жасап, өзіндік көзқарасымен "Сырласу" журналымен бөлісті.

Бұл ипотеканы қанжығаңызға байлау үшін жалақыңыз 200 000 теңгеден 320 000 теңгеге дейін болуы шарт, қымбатты ханымдар! Ал мұндай жалақы қаншаңызда бар?! Мәселенің түйіткілі де осында! Ал 12% үстеме туралы не білесіздер? Ендеше,менің сараптамама көз жүгіртіп көріңіздер!

Тиімділік аз ‒ үстеме көп

Өз басым “Отбасы банк” ұсынған су жаңа бағдарламаның айтарлықтай тиімділігін көріп тұрғаным жоқ. Әрине, бұл бірінші кезекте пайыздық мөлшерлеменің 12%-ды құрауымен байланысты. Себебі, 12% ‒ нарықта өте жоғары мөлшерлеме болып табылады. Елімізде «7-20-25», «Баспана Хит» секілді бағдарламалар жұмыс істеп жатыр және олардың несиелік пайызы әлдеқайда төмен. Аталмыш бағдарламалар әйелдер ипотекасына қарағанда қызықты болып көрінері сөзсіз. Бұлардан бөлек түрлі бағдарламалар да бар. Мәселен, егер 3 жыл бойы алдын ала қаражат жинақтасаңыз, 5%-бен де несие алуға болады. Тіпті, 50%-ын құйсаңыз, 8,5%-бен де қарыз алуға мүмкіндік бар. Сондықтан да «Ұмайға» қарағанда бұлар тиімдірек болып көрінеді деп ойлаймын.

Дегенмен “Отбасы банк” мамандары ««12%» деп айтуға асықпаңыздар» дейді. Мұның себебі: банкке төлеп отырған ай сайынғы төлемдеріңізді екіге бөлсеңіздер болады, осылайша жартысы негізгі қарызды жабуға кетсе, ал қалған жартысы депозит ретінде жинақталады. Жинағыңыз 50%-ды құрағаннан кейін 3,5%-бен несие төлеуге мүмкіндігіңіз артады. Бұл бір жағынан ертерек төлем жасауға ынталандырады.

Ұтымдылық бар

Жалпы “Отбасы банк” бағдарламасының ұтымды тұсы ретінде 15%-дық алғашқы жарнаны көрсетуге болады. Онда да 15%-ды алу үшін сіздің отбасылық жалақыңыз 200 000 тг-ні құрауы керек. Ал егер ай сайынғы кірістеріңіз 200 000 тг-ден асып 320 000 тг-ге дейін жететін болса, сіздің 20%-дық жинағыңыз болуы тиіс. Ал қалған 80%-ын банктен несие түрінде ала аласыз. Мысалы, 10 000 000 тг-нің үйін көздесеңіз, онда 2 000 000 тг-лік жинақ болу қажет. Ал қалған 8 000 000 тг-ні несиеге рәсімдейсіз.

Бұл жерде тағы бір көңіл бөлетін дүние: бағдарламаның көп дауысқа салынып «Ұмай» деп аталуы. Әлемде, Еуропа мемлекеттерінде «әйелдерге арналған» дүниелер көп болған сайын сол елдің мерейі үстем болады. Жалпы Батыс елдерінің арасында ол үлкен мағына береді. Сондықтан әйелдерге арналған осындай бағдарлама Орта Азия мемлекеттерінің ішінде алғаш тек Қазақстанда ғана ұйымдастырылып отырғандығы қуантады. Орта Азиядағытүркі тілдес азаматтар үшін «Ұмай» киелі ұғым болып табылатындықтан және халқымызда да Ұмай анаға қатысты түрлі салт-жоралғылар бар болғандықтан, атауы да үлкен мәнге ие.  

Жобаның кемшін тұстары

Жоғарыда айтып өткен 12%-дық үстемақы 3,5%-дық мөлшерлемеге түседі дегенімізбен, ол қашан түседі және сіз қаншалықты ұтатындығыңыз белгісіз және оған барлық азаматшалар бірдей қол жеткізе бермейді. Сондықтан «жоғары пайыздар сақталады» деп айтуға әбден негіз бар.

Бұл бағдарламаға декретте отырған әйелдер, уақытша жұмысынан айырылыған азаматшалар қатыса алмайтындығын жобаның тағы бір кемшін тұстары ретінде қарастыруға болады.

4000 әйел баспаналы бола алады

Бұл бағдарламаға кәмелеттік жасқа толған, 65 жасқа дейінгі табысы орташа азаматшалар қатыса алады. Аталмыш ипотекалық өнім 4000 әйелді баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Мемлекеттік деңгейде қарайтын болсақ, бұл – өте аз. Өйткені, елімізде әйел азаматтардың саны 9 млн-нан асады. Оның ішінде жұмыс жасайтын әйелдер 4,5 млн-ды құрайды. Олардың кем дегенде 2 млн-ы баспана алуға мүдделі деп айтуға толық негіз бар. Дегенмен ол азаматшалардың барлығы жаңа бағдарламаның баспанасымен қамтамасыз етілмейді, себебі жобаға ары кеткенде 4-5 мың әйел ғана іліге алады.

Жалақы жаға ұстатады

Қазақстанда ең төменгі жалақы ‒ 42,500 тг. Әлем елдеріне шолу жасайтын болсақ, ең аз жалақы 70 000 тг-ні құрайды. Біздің елімізде де төменгі айлық көрсеткіші 70 мың теңгені құрауы тиіс және ол алдағы бір-екі жылда 100 мың теңгеге дейін ұлғаюы керек.

Елімізде орташа жалақыны арифметикалық түрде есептеп, «223 мың теңге» деп көрсетіп жатады. Ол енді әділетсіз. Бір адамның айлығы 2 млн тг-ні құраса, енді бірінікі 100 мың тг-ге де жетпейді. Осының бәрін қосып, бөледі де, азаматтардың орташа жалақысын шығарады. Осы жылы елімізде медиандық жалақыны есептеу қолға алынды. Есептеу қорытындысы бойынша, орташа жалақы 147 мың теңгені құраған. Бұл енді аз да болса, шындыққа жанасады.

Көп азаматтарымыз бен азаматшаларымыз 100-120 мың теңгеге қаншама жыл қатарынан жұмыс істеп, өмірінің соңына дейін осы айлықтың төңірегінде қалады. Олар жаңа бағдарламаның шарттары мен талаптарына мүлде сай келмейтіндігі қыңжылтады. Әрине, бәрі жалақыға келіп тіреліп отыр. Сондықтан да мен маман ретінде әйелдерге арналған арнайы бағдарлама болу керек және ол кең ауқымды қамтып, төмен пайызбен берілу қажет деп санаймын. Сонда ғана табысы аз әйел адамдарға қолдау көрсетіліп, зор көмек болар еді.

syrlasu.kz