Қылышын сүйреткен қыс жақындап қалды. Желтоқсанның ызғарлы желі алыстан-ақ сезілгендей еді. Бірақ желтоқсан желі тәуелсіздікке дейінгі жылдардағыдай ызғарлы емес, керісінше аяулы... Себебі тәуелсіздіктің құдіреті желоқсан айын да сүйікті ете түсті. Тұғырлы тәуелсіздігімізге биыл 30 жыл!
Сонау 1991 жыл мен 2021 жылдар аралығында еліміз көптеген даму сатысынан өтіп, түрлі жетістіктерге қол жеткізді. Тәуелсіздік күні жақындаған сайын қуану сезімінен бөлек толғану сезімі басым. Осы жарты ғасырға жуық уақыттың ішінде бабамыздың тәуелсіздік жолында кеткен қаны мен жанын өтеп бере алдық па? Осы секілді түрлі сауалдар мендей тәуелсіз ұрпақты толғаныс толқынына әкетпей қоймады.
Ұлттық мәдениеттен әлемдік өркениетке дейінгі жолда дағдарыс пен даму, қиындық пен қуаныш қатар кезіккені жасырын емес. Елбасымыздың салиқалы шешімі арқасында еліміз ядролық қарудан да толық тазаланды. Салмақты саясат аясында экономикалық дағдарыстың өзіне төтеп бере алатындай елге айналдық. Тұғырлы тәуелсіздік бақытқа бастар жол болды.
Даму тұрғысы бойынша отыз жыл деген әрине аз уақыт емес. Тәуелсіздіктен соң еліміз озық мемлекеттің біріне айналды. Статистика көрсеткіші бойынша Қазақстан елі бай елдердің тізімінде 51-ші орында. Бұл деңгеймен біздің ел көршілес елдерден екі есе жоғары сатыда тұр. Бір ғасыр бұрынғы аштықтын зардабы жойылып, тоқшылық заманы орнады.
Осыған байланысты халық әңгімесіне сүйенсек, аштық жайлаған заманда бір ақсақал: «біздің мұндай жағдайда жан беріп жатқанымызға Аллаға шүкір» деп тәубесін айтады. Соны көрген кісі «аштықтан өлгенге тәубе бола ма?» деп таңырқайды. Сонда ақсақал « Құдай бізді аштықпен сынап жатыр, ал кейінгі ұрпақты тоқшылықпен сынай ма деп қорқамын» деген екен.
Тоқшылықтың пайдасымен қатар зияны да баршылық. Тоқшылықтың кесапатынан туған қоғамдағы оқиғаларды көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Осы тоқшылық арқасында сыбайлас жемқорлық туындап, халықтың тәкаппарлануына да әкеп соқты.
Тәуелсіздіктің біздей ұрпаққа берер тәрбиесі молынан болды. Біріншіден, бабамыздың жанымен келген бұл тәуелсіздік бізге берген үлкен тағлым. Бабамыздың қаны тәуелсіздік тұғырында үлкен дақ болып қалды. Біз соны ақтап алу үшін дүниеге келген ұрпақтармыз. Қарыздармыз! Қарыз тек асқан білімімізбен және елімізді көркейту арқылы ғана ақталары сөзсіз.
Екіншіден, тоқшылықтан есірмей, керісінше өсуіміз керек. Бәсекеге қабілетті ел екенімізді дәлелдеу үшін әлі бізге күш-қуат пен озық білімнің қажет екені айдан анық. Сол үшін тоқшылықтың кесірін алмай, үлесін ала білу маңызды.