Ұлттық болмыс немесе замана келбеті туралы бір үзік сыр

Ұлттық болмыс немесе замана келбеті туралы бір үзік сыр
жеке
блог

Мына жалғанда адам атаулыға берілген ең үлкен міндет - сол ардақты атқа лайық ғұмыр сүру болса керек. Заман көшімен ілби басып, ұрпақ санасына өзіндік "үстемдік" қалыптастырып үлгерген замануи технологиялар қаншалық жетілген сайын жұмыр бастылар жалқаулықтың көк есегіне мініп алып, кертартпа дамудың ізіне түсіп те үлгерді. Саналы пенденің мына жасампаздыққа құлшынысы артқан үстіне артып, ал рухы көше торлаған қайыршының кебін киген. Тұла бойы түршігіп, мына әлемде орын алып жатқан зұлмат атаулыға жиіркене қарайтын қоғамның келбетін аңсау ғана қалды-ау, шамасы?! Адамдар қатыгездіктің шекпенін кигелі телеарналардың да негізгі қызметі ауысып, жаңалықтарды "жантүршігерлік жайттардың жаршысы" деп атауға әбден жарап қалды. Көз алдында орын алған адам өлімі де еті өліп кеткен жүректі дір еткізсе, қане?!

"Қыздың абыройы - бір рудың абыройы" деп, ұлттың анасына айналар аруларды кездейсоқ көз бен желікпе сөзден қорғаған бабалардың сарқыты қалмақ түгілі, көше бойында нәзікжандыларға қысастық жасалып жатса да шімрікпейміз-ау?! Кез келген нәрсенің екі жағы болуы қашаннан заңды дүние. Оған өзінің ұлттық болмысын "мода" дейтін дерттің астарына көмкерген, ері ғана сұқтануға тиісті болмысын сұғанақ көзден сақтамаған, жаңашылдық деп жалаңаштанған қаркөздерімізде де айып бар. "Дәстүрі мен ділі, рухы жоғары болмаған ұлт тарих сахнасында мәңгілік салтанат құра алмайды" деп шарқ ұрып болдық. Әлі де "ұлтым" дер ұландар бұл өзекті дүниенің шетін қылтита берер де! Төгілген тер мен егілген егін жемісін берер күн келер. Тек сол барша қазақты бақыттың бесігінде әлдилейтін шақ күн батыстан шапақ шашып атпас бұрын тусын деп тілейік!