Өткен – ол тарих. Тарих қашанда есте болу, білу, түсіну үшін қажет уақыт. Сол тарихтың, өткеннің БАҚ-ы – газет-журналдар. Бірі патша өкіметіне жақынырақ жұмыс жасаса, бірі елдің қамын ойлап, осы мүмкіндік арқылы қараңғы қапаста қалған халқының көзін ашуға талпынды. Еңбекші халыққа саяси тәрбие беруде тың жұмыстар атқарған осындай газеттердің бірі – 1907 жылдың 4 қаңтары-27 сәуірі аралығында жарық көрген «Орал» газеті. Газет материалдары ашықтан-ашық патша өкіметін, капитализмді сынға алды, барлығын шынайы түрде, барды бар, жоқты жоқ етіп жариялай білді.
Болашақтың жарқын қамы үшін қорықпай, бар рухымен ақиқатты баса білген жандарды ондай қиын заманның батыры деуге болады. Кезінде Бақытжан Қаратаев «Ашық хатын» «Орал» газетіне батыл жариялай білген тұлға ретінде тарихта қалып отыр.
«Ашық хатта» құтты мекенді қоныс аударушылардың иелегіне беріп қоймау үшін Ресей халқы мен мемлекеттің назарын аударды. Патша өкіметі өз уақытында халықты «көші-қон халық» деп есептеген. Қаратаев халықтың көшпелілері де, отырықшылары да бар екенін, солтүстігінің құнарлылығынан егін егіп, кірпіштен үйлерін тұрғызып, өз жерлерінде жайлы тұрып жатқандығын сөз етеді. Ашына жазылған «Ашық хат» «Орал» газетінің жабылуына себеп болған дүниенің бірі болса да, әділдік пен шындықтың туын биіктете білді.
Патша өкіметі тарапынан көрсетілген зорлық-зомбылықты жазып, хрестян дін өкілдеріне қазақ (қырғыз-қайсақ) жерлерін беру, оларды сол жерге қоныстандыру ісін жүзеге асыру – әділетсіз іс екенін жеткізді. Екіншіден, халықты күнкөріссіз қалдыруы болды. Әрине, сол кезде халық дамудың төменгі сатыларында тұрған болар, алайда, оларға артық күшсізде түсіндіруге болатынын, сонымен қатар егер артық жерді алып түрған болса еш даусыз ығысатынын, тек дәл сол жерден кетуі заңсыз екенін мәлімдеп, қиналысын білдірді. Бұл хат арқылы олар өз жерлерінің өздеріне деген маңызын, байлық, ата-баба мұрасы екенін жан-жақты түсіндіріп, сипаттап, көрсетеді. Көздің қарашығымен теңестірілетін «алақандай» болса да жердің қадірін, оған деген махаббатын, еліне, халқына деген махаббатын жанын қия жеткізген ерлік түсінген жанның жадында мәңгі қалары сөзсіз!