Көше бойларында қаптаған букмекерлік кеңселер мен компьютерлік клубтарды байқаған боларсыз.
Мен де байқайтынмын, бірақ ішіне кіріп көрмеппін. Наурыз айының 13- нен 14- не қараған түні Астана қаласы Алматы аудандық ІІБ-ның кезекші бөлімі түнгі рейд жүргізді. Ілесіп біз де бардық. Аталмыш шара барысында Омаров көшесінде орналасқан интернет клубта тексеру жүргізілді.
Қандай сұмдықтың куəгері болғанымды білесіз бе? Ғаламтордың торына торланған, компьютерлік ойындармен құмартқан жап- жас жігіттер. Көздері қанталаған, сұстары суық. Адам баласынан гөрі зомбиге көбірек ұқсас па деп қаласың.
Иə, олар ешқандай құқық бұзып жатқан жоқ. Кəмілет жасқа толған, заңмен тыйым салынбаған. Бірақ қайран уақыт. Қайран жастық шақ. Ел тізгінін ұстайтын жас толқын осылар ма?
Бекболат Тілеуханмен кездесу болған кезде "Диқанның бір кезі болады. Қыстың ұзақ суығынан кейін, көктем шыққан кезде, май айында күнге қыздырынып рахаттанып қыдырғысы келеді. Сол уақытта диқандар бала-шағасының қамын ойлап жерге жабысады. Бар болғаны 10-ақ күн. Сол 10 күнді пайдаланып, егініңді егіп қойсаң кейін несібеңді жинап аласың. Жастық кезіңде дәл сол сияқты. Қазір барынша білім алып, ізденуге тырысыңдар. Бұның бәрі өтіп кетеді, кейін қабылдай алмай қаласыңдар. Осы кезде оқып қалу керек, осы кезде біліп қалу керек. Жадыларың ең мықты кезі осы. Саясаттың қажеті жоқ. Сендерді қазір алдай салады. Профессионал болмасаң ертең ешкімге керегің жоқ. Өмір қатал. Маман болсаң елдің бәрі сенің соныңнан жүгіреді. Менің миыма сымайтын бір дүние бар. «Маған жұмыс жоқ», деп отыру. Білікті маманға әрдайым жұмыс бар. Ал кімге жоқ десеңіз, ол ісіне орашолақ адамға. Ал орашолақ кім? Нағыз әсершіл кезінде білім алмаған адам. Артық дүниелерді тастай тұру керек, жігіттер, қыздар. «Таныс» деген өтірік сөз. Сіңіріп тұрып алдыға қарай жүгіру керек. Әрбір қазақ осылай істейтін болса, ұлттың сапасы көтерілді. «Анау істейді, мынау істейді» демей, «Алаштың күні маған қарап қалды. Мен істемесем, кім істейді?», дегенді көкейге сіңіру керек. Өздеріңнің келешектерің, Отаныңның болашағы үшін мойындарыңда үлкен жауапкершілік бар", деген еді. Алтындай уақыттарын зая кетіріп, бос дүниелерге алданып, саналары уланып жатса, қайтіп бəсекеге қабілетті жас ұрпақ тəрбиеленбек? Ұлт сапасы қайтіп көтерілмек? Өкініштісі сол, отырғандардың 90%-ы қазақтың қаракөздері. Мемлекет мықты болуы үшін, ұлт мықты болуы үшін оның әрбір азаматы саналы, сапалы болуы керек. Ертеңіміз не болмақ?......