Жасынан зерек, алғыр өскен, баспасөз беттерінде өзін «қыр баласы» деп таныстырған, көпшілік жұрт оны «ұлт көсемі» деп білген, қазақ ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған, «тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп, ақтық демі қалғанша еліне адал қызмет еткен Әлихан Бөкейхановтың туылғанына биыл міне 155 жыл толып отыр.
Мың өліп, мың тірілген қазақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлт-азаттық майданына шығып, бас біріктірді – «Алаш» саяси партиясы құрылды, «Алашорда» үкіметі жасақталды, «Ұлт Кеңесі» сайланды. Қазақ топырағында тұңғыш толыққанды ұлттық мемлекеттің шаңырағын көтеруге ұмтылыс жасалды. Ал осы істі бастап, ұлт, жұрт, ел қамы үшін күрескен батырымыз, қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы, ұлт мақтанышы – Әлихан Бөкейхановты ерекше атап өтпеске болмас.
Ә.Бөкейханов 1870 жылы наурыздың 5-і күні бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүние есігін ашқан. Ұлт көсемі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымынан. Әкесі Әлиханды тоғыз жасында молдаға оқуға бергенімен, зерделі бала молдадан гөрі мектепте білім алуды жөн көріп, үш кластық мектепке өз еркімен ауысып алады. Бұдан кейін ол Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, үздік бітіріп шығады. Он алты жасында Әлихан Омбының техникалық училищесіне қабылданады. Оны да жақсы бітіріп, жиырма жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының 200 сом стипендиясын алып, Ресейдің астанасы Санкт Петербургке барып, Орман шаруашылығы институтына түседі. Сабағымен қатар, саяси, әдеби, экономикалық және тағы басқа үйірмелердің жұмысына араласып, студенттік толқуларға қатысады.
Қараңғылықтан көзі ашылмаған халқына білім мен мәдениеттің қажеттілігін елі мен жері үшін қабырғасы қайысқан, кеудесінде сәулесі бар азамат жастайынан ұққан. Екі қолын бос қоймай, оқуды бітіре салысымен Омбыға келіп, қаланың саяси-әлеуметтік, қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. «Народная свобода» партиясының қатарына өтіп, қазақ зиялылары арасында партияның шағын тобын құрады. Ол өзін осы шақтан бастап саяси тұлға ретінде қалыптастырады. Ұлт көсемінің алғашқы баспалдағы осылай басталады.
«Әлихан Бөкейханов - XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының көшбасшысы. Ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі тұлғасы. Ол - қозғалыстың міндетін, мақсатын, стратегиялық, тактикалық күрес құралдарын анықтаған адам»,- дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді.
Сол кездері ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов бірегей талант иесі болды. Бұл оның азаматтығының көпқырлылығын айқындайтын қасиеттер. Осы қасиеттерінің арқасында Әлихан Нұрмұхамедұлы қазақ зиялыларының басын бір арнаға қосып, мемлекеттіліктің қалыптасуы үшін аянбай тер төкті.
Тарихшы профессор Мәмбет Қойгелді Әлихан Бөкейхановтың тағдырын қазақ ұлтының өмірінен бөліп қарау мүмкін емес екенін айтады.
«Ол себебі ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі болатын. Кез келген ұлт-азаттық қозғалыстың көсемінің тағдыры осылай қайғылы аяқталған. Тіпті, Ресей аумағындағы ұлттардың Әлихан Бөкейханов сияқты көсемдерінің тағдыры басқаша болуы мүмкін емес еді», - дейді ол.
«Тіл үшін күрес неге жүріп жатыр? Қазақ тілі деген не? Қазақ тілінің ар жағындағы жатқан мәселе – жер. Біз мына жерді қазақ болып, қазақша сөйлеп қана қорғай аламыз». Бұл Алашорда өкіметінің төрағасы, қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхановтың айтқаны. Жалпы, Әлихан Нұрмұхамедұлының негізгі бес ұстанымы болған екен. Оның өзі жеке басына қатысты емес, ел мен жерге қатысты ұстаным еді. Оны жазушы, тарихшы Тұрсын Жұртбай былай деп баяндайды.
- «Әлихан Бөкейхановтың бес ұстанымы болды. Ең бірінші – Алаш ұлттық демократиялық мемлекет болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен «жер, жер және жер» болуы керек. Жерсіз Отан жоқ. Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша, қазақтың байырғы жерін қашан қазақтың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп, толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі керек. Екінші ұстанымы – Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс. «Бөкейхановтың сөзімен айтсақ, «қазақтың әрбір тасы қазақтың өңіріне түйме болып тағылуы тиіс». Үшінші ұстанымы – Бөкейхановтың жобасы бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек. Яғни, мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуі тиіс болған. Төртінші ұстанымы – қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, менталитеті өзге ұлттарға қарағанда үстем болуы керек дегенге сайды. Бұл идеологиялық ұстаным болатын. Ал, бесіншісі - ең негізігі ұстанымы бойынша ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген, заңға сүйене отырып, Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы керек еді. Алаш қайраткерлерінің бұл ұстанымының дұрыстығына самурайлық дәстүрге негізделген жапон ұлтының бар-жоғы 20 жылдың ішінде біртұтас империяға айналып шыға келуі дәлел болса керек».
Осы ұстанымы негізінде дербес мемлекет құруды көздеген Әлихан Бөкейхан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастырады. Артынша, 1917 жылы желтоқсан айында бүкіл қазақтардың құрылтайында Алаш автономиясын жарияланып, Ә.Бөкейхан сол алғашқы Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы (перзиденті) болып сайланады. Осындағы Алаш деген сөздің мағынасын «Түрік баласы» (лақап ат) 1913 жылы «Қазақ» газетінде: «Жошы ханды халық «Алаш» деп атап кетті. Бұл «Алаштың – алаш жұртының басшысы» екенін білдіреді» делінген.
«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп жазады Әлихан Бөкейханов. Ұлттың намысын алға қойған Әлихан ел мен жер мәселесіне келгенде мінез танытудан тайынбаған. Рухы биік, өресі жоғары Әлихан Бөкейханов «не ойы, не білімі көлемді емес», деп есептейтін Сталинмен кездесуден бас тартқан. Ол туралы Әлімхан Ермеков естелігінде: «В.И.Ленин өзі төрағалық еткен алғашқы мәжілістің аяғында: «Автономияны кұру жөнінде қазір Сталинге барып пікірлесіңдер, оның дайындаған жобасы бар, сонымен танысып, бар ойларыңызды түйістіріңіздер»,- деп кеңес берді. Мәжіліске қатысушылар үзілісте түгелдей дәлізге шықтық. Қазақстандық делегацияның құрамы 15-тей адам болатын. Бәріміз Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен оңаша пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын. 15-20 минуттен кейін ол кісі де шықты. Біз: «Сізді Сталинге бірге кіру үшін тосып тұрмыз»,- дедік. Әлихан бәрімізге салқындау қарап: Сталин не шешер дейсің, оның не ойы, не білімі көлемді емес, қанша бір жетіскен жоба бар дейсің. Онан да өзіміз жеке шешкен дұрыс, - деп жүріп кетті» дейді.
Бөкейханов 1937 жылы 67 жасында Мәскеуде ату жазасына кесіледі. Әлиханның қабірінің қайда екені жайлы мағлұмат айтылмайды. Тек 2007 жылы ғана жария етілді. Ол Мәскеудегі Дон бауырластар зиратына көмілген.
Қазақ үшін қабырғасы қайысып, тек тәуелсіздікке ғана емес, ойдың, білімнің, мәдениеттің тәуелсіздігіне ұмтылған тұлғаның ғұмырнамасы осылайша аяқталған. Әлихан Бөкейханов айтқан, әрі істеген істері жетерлік. Сондықтан, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейханов мұраларын зерделеу болашақ ұрпақтың әрдайым назарында болуы керек.
Абдулла Айтұмар, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті.
Ф.Қозыбақова, ғылыми жоба жетекшісі, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры.