Түсіңе, сенің, сары шекпен киіп енемін!
блог
Сергелдең күнде, мұңайып түнде барамын,
Жиіркентіп барады ауасы аптап қаланың.
Бос жүрмін сыздап, көңілім мұздап күнбе-күн,
Орындай алмай тілегін ғазиз ананың.
Шаршағаным не қанатыммен самғарда,
Жас тамып түскен бейне бір меңіреу таңдарда,
Қызбаған түлеп, сыздаған жүрек лүпілін,
Өмірде мына жанымды ұғар жан барма?
Жан емес едім ойлаған әркез өз басын,
Сары уайым шалар қағазға жазсам сөз басын,
Шалғайда жатқан, мейірім жаққан жан әке,
Мені ойлап ылғи сығымдап алар көз жасын.
Кешіп жүр шіркін, дейсің бе жастық базарын,
Анашым, өзің сыйлаған өнер – азабым.
Жанымды қинап, барымды сыйлап өтермін,
Тек қана өлең сендерге арнап жазарым.
Тек қана өлең сендерге, жаным, берерім,
Сыр түйіп көңіл жырларды жазып келемін.
Көкіреті қысып тырнаған мысық түндерде,
Түсіңе, анам, сары шекпен киіп енемін.
Кіреуке мұңды жамылып алып қабаққа,
Жоқтай боп сапам жүрмін ғой мына санатта.
Талғамнан шеттей, арманға жетпей өтем бе?
Күдік пен үміт аралас күнге қарап та.