Тұғырым менің - туған жер!
блог
Туған ел,туған жер, Отан, атамекен, отбасы туралы ұғымдардың санамда қалыпты түсінік болып орнығуы мектеп партасынан бұрын атам мен әжемнің айтатын қиялға толы ертегі,жыр аңыздарынан бастау алған еді.Алғаш қазақ ұғымы туралы Қалша батырдың ерлігін жыр еткенде таңырқап ғажап бір әлемге еніп кеткендей күй кешкенмін. Осындай сырлы сөздердің кең мағынасынан «Қазақ елі» деген мәні терең елімнің тарихы,салт-дәстүрі,тұрмыс тіршілігі құралатындығын ұқтым.
Кішкене кезімде қыр таңының самалын жұтып, жалаң аяқ құм кешіп,ерке өзен Жайықтың тұнық суына шомылып, бал дәуренімді ауылда өткіздім.Содан ба туған өлке ұғымы мен үшін тек ауыл болып қалыптасқан.Туған ауылымның өзге өңірден өзгешелігі болмаса да мені өзіне еріксіз тартады. Кең даланың төсінде гүл тағынып,көбелек қуып,асыр сала ойнадым. Шіркін, кең далада еркін көсіле жүгіргенге не жетсін! Бойың да,ойың да еркін. Жүгіре-жүгіре шаршайсың. Құдықта мөп-мөлдір, сап-салқын су. Қанып іш те ойнай бер. Алыстан мал қайырған ауыл қарияларының даусы келеді құлаққа. Нағыз табиғи тіршілік.Туған жердің осы бір табиғилығы өзіне деген перзенттік сүйіспеншілігімнің бүршік жаруына себеп болғандай. Жерлес ақын ағамыз Табылды Досымов:
Шат тірліктің шаттығын шалқып қуғам,
Мен елімсіз таппаймын артық думан.
Ердің қоңыр келбеті о бастан-ақ,
Жердің қоңыр түсіне тартып туған,- деп жырлайды «Тұғырым менің - туған жер» өлеңінде. Ақын ағамның ауыл топырағынан жаралған перзенттің жүрегі нәзік,мейірімі мол,өз топырағына тартып туғандығын жазған жыр жолдарынан өз ойымды дөп басқандай жауап алам.
Ауыл топырағынан бастау алған Отаныма деген нәзік сезім есейген сайын мектептен алған біліміммен,ата-анам берген тәрбиеммен толығып жетілуде.Тезектің ыстық шоғына көміліп піскен таба нан иісінен,қара қазанда бұрқ-бұрқ қайнаған құрт,ірімшік, майға қуырылған баданадай қып-қызыл бауырсақ иісінен,ауыл адамдарының мейірімді жүздерінен, «айналайынды» айтқан жылы үндерінен нәр алып өскен әр ауыл сәбиінің туған өлкесін жақсы көрмеуі мүмкін емес.
Туған өлкем –Индербор кенті міне жыл өткен сайын жаңғырып жасарып,өркендеп келеді.Айнала жарқыраған самаладай шамдар,теп-тегіс жол,қаз-қатар тізілген әдемі үйлер-осының бәрі ауылымыздың ажарын түседі.Зәулім білім ордалары,балабақшалар,көп қатарлы баспаналардың бой көтеруі -ерке Жайық жағалауына қоныс тепкен құтты мекеннің тәуелсіздік алған жылдар ішінде ерекше өзгергендігінің айғағы.
Өлкеміздің тарихына көз жүгіртсек, Махамбет батырдың ,Мұрат ақынның өлеңдерін, ел аузындағы Бө би,Есет би секілді атақтылардың өсиет сөздерін жинақтап, оны санамызға сіңіре оқысақ, жырын жатқа соқсақ, оларға арнап соғылған мәңгі ескерткіш сол болмақ. Мынау жалпақ даланы алып жатқан Жамантаудан бастап Қызылтау,Емшектау,Қорғантау аталған т ау-төбелердің атауларының сырын терең білгім келеді. Қызәулие деген кім? Молымбет,Толыбай, Жаманқұдық атауларында бүгілген қандай құпия бар? Маң даладағы белгісіз оба-бейіттер, там- молалар туралы да білетініміз аз.Тұзды көлдің адамзаттың шипасына дәру болатын тағы қандай сырлары бар?
Сан сауалға жауап табар күн де алыс болмас.Бұл өңірдің ашылмаған жұмбақтары көп екенін бала жүрегім сезеді.Осының бәрі-бәрі мені қызықтырады. Осының бәрін зерттеп жүрген мамандардың еңбектерімен терең танысып, оны болашаққа жеткізу перзенттік парызымыз деп ұғамын.
Иә,туған жер-алтын бесігім.
Менің мынау өмірге құштарлығым,
Сені жақсы көруден басталған-ау,- деп Фариза апамыз жырлағандай менің осы бір ғажайып өлкеге деген құштарлығым оны жақсы көруден,оның тарихын терең білсем деген ынтазарлығымнан басталған.Бұл сүйіспеншілік,құштарлық Отанымның берік іргесін нығайтуға деген талпынысымды ұштай түседі.
Мен - өз өлкемнің жұмбаққа толы сырларын болашақ зерттеушісімін. Мен өз өлкемнің дамуына,өркендеуіне болашақта өз үлесімді қосамын. Қасиетті де қымбатты жер жаннаты-Индер өлкесінің кен байлығын игерушісімін.Кекілімді самал желімен сипаған ауасы дертке дауа,шүйгінді шөбі малға дауа болған қазыналы өлкемнің жарқын болашағын құратын жас өркені - бізбіз!
Туған жер,туған ауыл қымбат маған,
Ешкімге бұл сезімді былғатпағам.
Мен оның өзім ғана сезінетін
Қастерлі қасиетін жырлап бағам.
Ал оның қасиетін сезу үшін
тек менің жүрегім мен көзім керек!