Туған жерім - ыстық мекенім
блог
Биік шыңды Тарбағатай тауларының биіктігі мен әсемдігіне қарасаң, сұлулығы көздің жауын алады. Күні кешегі бала армандарымның, сан түрлі қиялдарымның куәсі – осы биік-биік таулар. Тауларға қарай отырып биікке ұмтылуды, еңсені тік ұстап жүруді, өмірде қиындық пен қызық қатар жүретіндігін үйрендім. Жер жәннаты Жетісу өңіріндегі Талдықорған мен Тарбағатай өңірінің арақашықтығы 12 сағаттық жол.
Автобустың терезе жағына ыңғайланып отырғанды ұнатушы едім. Бұл жолы әдетімше, терезе жаққа отырып, терең ойға шомып кеткенімді де байқамай қалыппын. Көлік орнынан қозғалып жүріп те кетіпті. Алатаудың биіктігі мен әдемілігіне қарап, Тарбағатайым есіме түсіп кетті. Бүк түсіп бір-біріне жалғасып жатқан таулар кешегі бала күнгі бейнелерге тамсана туған өлкемді сағынғанымды ойлап, ара арасында сазды әуен тыңдап, кітап оқып. қалай ауылыма келгенімді де байқамай қалдым.
Шіркін! Ауылдың таза ауасы мен тыныш өміріне не жетсін!..
Көптен бері көрмей, сағынып, ойымнан шықпай жүрген әжемнің амандығын көріп, қуанып қалдым. Жүгіріп барып, мауқымды басып, құшақтап алдым. Асыл әжем бұрынғы әдетінше мені «Іңкәр, Іңкәр» деп қояды. Бұл есімге құлағым үйреніп кеткелі қашан. Таныстарымның да «Іңкәр» деп кейде шатастыруына қарағанда, есімім солай аталуы керек болған-ау, шамасы.
Үйге кіріп, бірнеше жыл бойы сыр ақтарып сөйлеспеген апамды дереу әңгімеге шақырдым. Иіскеп, бетімнен сүйген оның жүзінде мұң бар сияқты көрінді маған.
- Апа, ауырып қалғансыз ба? Әлде, әлденені уайымдап жүрсіз бе?
- Ой, балам, біздей кәрілерде не жан қалды дейсіңдер. Денсаулығымыз бұрынғыдай емес, ауру деген жиілеп кетті.
Бала кезінде қойнына жатып, өзі айтпақшы «бауырын жылытып жататын» әжемнің 80-нен де асқанын ұмытып кетіппін. Ажал айтпай келетінін ойлап, жүрегім қан жылады. Ол кісі де өлім туралы көп нәрсе айтып, көңілімді құлазытты.
- Қызым, ертең мен өліп қалғанда «Апа, апа» деп айт. Үйден шығарғанша адамның құлағы естиді екен.
- Апа, сіз де қайдағы жоқты айтып. Жамандықты шақырмасаңызшы. Өлмейсіз, менің үйленгенімді, шөбере, шөпшектеріңізді көресіз. Маған солай айтқаныңыз есіңізде ма?!
- Біздің қолымыздан не келер дейсің, бүгін бар, ертең жоқпыз...
Сүйікті әжемді одан сайын мұңайтпай, сабағым, өмірдегі қызықтар туралы, оны қалай сағынғандығым жөнінде айтып, әңгімемен алдаусыратқандай болдымм. Соның өзінде көзіне қарасам, ауыр ойдың құшағында отырғандай.
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дейді емес пе?! Туған жерім – жұмақ мекенімді қиып, атбасын қалаға бұрғалы бұл сөздің жаны бар екеніне көзім жеткендей
Бүгін бала күнімдегідей әжемнің қойнына жаттым. Оны қатты құшақтап, тәтті ұйқыға кетіппін. Аз уақытқа ғана келген сапарымда ауылдағы әрбір күнімді, әжеммен өткерген әр сәтімді тиімді пайдаланып, жоғалтпауға тырыстым. Өйкені, бұл уақыт тың енді қайтып келмейтінін сеземін.
Балалығыммен, балғын күндерімнің куәгері – онымен (әжеммен) қимай қоштасып, жүрегім қарс айрылып қалаға кете бардым...