Туған жерге туыңды тік!

Туған жерге туыңды тік!
жеке
блог

“Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол” - халық даналығы. Менің ойымша, туған жер- туған анадай қымбат, ананың алақанындай жылы, ананың құшағындай кең,дархан. Сол дархандықты, жылулықты кіндік қаның тамған өлкеңде ғана сезінетінің хақ.

Менің өлкем, жер жәннатым - Жетісуым. Әлемнің жеті кереметі де менің Жетісуымның жеті өзенімен тең келмейді. Ағысы,қағысы бөлек Жетісудың Сарыбөктерінде асырсалып ойнағаныңды есіңе түсірсең осы бір дүниеге бос келмегеніңді түсінесің. Алатауына қарасаң көз тоймайды. Баурайында ағып жатқан мөлдір бұлақтың сылдыры құлақтан кіріп бойды алатыны сөзсіз.

Ал Алакөл ше? Алакөлдің айдынында болғанда арманда, болмағанда арманда. Самал желі ескен кезде еміреніп, қалай ойға шомылғаныңды байқамай қаласың. Ақ сазаны тулап,шағаласы шулап жатқан Алакөлдің жағасында отырып, аққұба мүсінді айдын көлдің аққуларына сүйсініп қарағанға не жетсін, шіркін! Сол аққұба мүсінді аққулар мен шулаған шағалаларды қорғайтын Алакөлдің өз қорығы бар. Ол қорық 1998 жылы Е. Әуезовтың қолдауымен ашылған болатын. Онда Жетісудың, Алакөлдің жан дүниесі, жойылып бара жатқан табиғат аманаттары қорғалады. Мысалы, реликті шағаланы қорғау, оны барынша көбейту мемлекеттік қорық мойнында. Осындай табиғат дүниесімен Жетісу өз ерекшелігін сақтап қалатыны айқын.

Жетісудың тұмса табиғатына тамсанып жүргендер қаншама, ал оның тарихқа толы өткені барлығын естен тандыратыны хақ.

Жетісу тарихпен тоғысқан елді мекеннің бірі. Оның шетсіз, шексіз тарихына сыр шертер болсақ, Жетісудың құнды жәдіргерлері мен ескерткіштеріне тоқтамасқа болмайды. Мысалы, Жетісуды мекендеген үйсін, сақ, қаңлы тайпаларының баға жетпес жәдігері, сол заманның айнасы - “Тамғалы тас”. Тамғалы петроглифтерінен асқан адамға құнды жәдігер жоқ болғандықтан, оны ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізген. Жоңғар Алатаудың баурайында, арнасынан асып, тасып жатқан Жаманты өзенімен тағдырлары байланған “Қоскеліншек” жәдігерін айта өтсек артық етпес. Тарихы қызыққа толы бұл жәдігер туралы аңыздың бірнеше нұсқасы бар. Жетісудың осындай сан мыңжылдық тарихының тамырына үңілсек түбіне жетпесіміз анық. Сол себепті, Жетісудың теңіздің тұңғиығындай терең тарихын “Қоскеліншек” тарихи жәдігерімен тәмамдасақ артық болмас.

Жетісудың тұмса табиғатын, әрбір жанды тебірентер тарихы туралы деректер келтірдік.

Енді, жер жәннаты Жетісудан шыққан жалынды қоғам қайраткерін айта кетейін. Жетісудың маңдайына біткен жарық жұлдызы Бейсен Құранбек. Ол 1971 жылдың 9 желтоқсанында Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында дүниеге келген. Белгілі журналистің елі мен жеріне деген үлесін атап өтпеске болмайды. Республика жұртшылығына аян «Айтуға оңай», «Қарекет» телебағдарламалары арқылы талай жанның үмітін жандырып, өмірден түңілгендерді қайта оралтты, қиналған жанға тіреу, қамқор бола білді. Жылағанды жұбатты, қайғылыны серпілтті, үйсізді баспаналы етті, дерттіге шипа боларлық қол соза білді. Жарқ еткен жас ғұмырдың Жетісудің жауһары болғанына қуанамын.

Қорытындылай келе, кіндік қаным тамған туған өлкем Жетісумен мен әрқашан мақтана аламын. Мен үшін, оның бір тамшы суы мен тұнық таза ауасы барлық дүниенің асылдарынан да қымбат. Туған өлкең, Отаныңның ошағын тұтатып отыру, оның атағын Айға жеткізу, әрі қарай өркендету әр қайсар мінезді қазақ азаматының қолында деп ойлаймын! Дәл осындай мінезділкпен мен де болашақта өз өлкемнің көркеюі мен дамуына өз үлесімді қосуды мақсат етемін. Туған өлкемнің қазыналарын, оның байлығын сақтауға, ұрпақтарына жақсы мұра қалдырып кетуіне өз үлесімді қосарым анық.
“Мен өзім Жетісуға барып қайттым,
Манабын жақсылардың көріп қайттым.
Қыздары Жетісудың сұлу екен,
Жиғаным-тергенімді беріп қайттым” - Біржан сал Қорамсаұлының Жетісу туралы айтқан осынау бір өлең жолдарынан туған өлкемнің қандай тарих пен тылсымға толы екенін сезе аламын. Сол себепті, барынша өлкемнің осындай қалыпта қалуына, тарихи өлке болуына, тарих беттеріне айқын жазылуына қол ұшын созамын!

Рухы биік шыңдай ғой қазағымда,
Әр баласы бір төбе даласында.
Бабалары Қобыланды, Қабанбайдай,
Кімнен қорқар қазақтың баласы да?!

Елім менің ертеңің жарқын сенің,
Болашаққа жүрмінғой артып сенім.
“Мен жастарға сенем” - деген бабалардың,
Армандарын орындайық халқым менің! - өз шығармашылығымнан.