Төрт батыр (Естелік)
блог
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Мен жастарға сенемін!
(М.Жұмабаев)
Қаңтардың қақаған қарлы бораны. Алматы қаласының №2-ші теміржол вокзалынан кестеге сәйкес, дәл уақытында «Алматы-Павлодар» бағытына қатынайтын жүрдек пойызы лықсып, орнынан жеңіл қозғала берді. Алматы көшелеріндегі машина кептелісінен діттеген жеріне әрең жеткен Асхат та өзінің купесіне кіре жайғасып «уһһ!» деп терең демін алды. Мына суықта артынып, тартынып жүрген қай қазақ дегендей етжеңді орыс еркек шұқшиған газетінен басын көтеріп, көзілдірігінің астынан мұны барлай, сүзе қарап өтті. Бұл да абдырап қалып:
- Здрәствуйте, - деді өзіндік орысшасымен қипақтап...
- Добрый вечер, сынок! – деп сәлемін қабыл етті жылы жүзді орыс әйел.
- Шамасы әйелі болар?! – деп топшылады, сөйткенше болған жоқ, мұның артынан салдырлап, әңгімесін тауыса алмай бағана вокзал ішінде соқтығысып қалған жүзі таныс апайы да кіріп келе жатты. Мұны көріп:
- Балам-ау, қайта-қайта кездесе бердік қой?! –деді вагонды басына көтере күліп, бұл да ыңғайсыз кейіпте жылы жымиды. Таныстық осымен тәмәмдалып, әрқайсысы орындарына жайғаса бастады.
Пойыз жеңіл ырғалып, жүйіткіп келеді. Бір купеде екі орыс, екі қазақ болып бұлар отыр. Бәрі өз ісімен әлек Вася ағай (аты Василий екен) бағанағы шұқшиған газетіне әлі шұқшиып отыр, не оқып жатқанын кім білсін! Ал әйелі үнсіз, сабырлы кейіпте сөзжұмбақ шешіп отыр. Жоғарыда өзіне қарама-қарсы жайғасқан қазақ апай (кейін білді аты Сәуле екен) бұны әңгімеге тартпақ болып:
- Атың кім, қарағым? Қайда бет алдың? Қайда жұмыс істейсің? – деп сұрақтың астына алды. Бұл да өз кезегінде есімінің Асхат, Алматыда үлкен компанияда инженер екендігін баяндай келе:
- Семей шаһарына бет алып барамын бүгін досым көлік апатына... – дей бере іркіліп қалды. Шорт үзілген әңгіменің ауанын түсінген сәуле апай:
- Обал-ай, жас кеткен екен ғой?! – деп көңіл айтты, бұл да қабыл алған ниетпен басын шұлғып, үнсіз ойланып отырып қалды...
Купе ішінде ұзақ уақытқа созылған үнсіздік орын алды. Асхат та бұдан ары отырудың мәні жоқ екендігін түсінгендей, жатуға дайындала бастады. Жуынып-шайынып, екінші қабаттағы орнына көтеріліп, біраз кітап оқиын деп еді ұйқы шіркіннің қалай маужыратып, талықсытып жібергенін сезбей қалды. Қай уақыт екені белгісіз, бір уақытта көзін ашып еді, пойыз жүрісінен жаңылмай жүйіткіп келеді екен, купенің іші болса тастай қараңғы. Көзін уқалап жіберіп, жастығының астына қолын жүгіртіп, телефонын тауып алды. Уақытқа қарап еді, сағат тілі тура 6:00 көрсетіп тұр екен.
- Таң намазы кіріп қалыпты ғой! – деп ойлады. Көршілерін оятып алмайын дегендей, жайлап аяғының ұшымен купеден шығып, дәрет алып парызын өтеді. Қайта ұйықтамақшы болып еді көңіл шіркін құлазып, біртүрлі ұйқысы келмей-ақ қойғаны...
- Жақсы онда! – деп купеден шығып, тар бірақ ұзын аралықтағы орындықтардың біріне жайғасып, ойланып кетті.
Иә, жұмысын тастап, жылы орнын суыта Алматыдан асығыс аттануының себебі кешегі Сәуле апайға айтқан досының қайғылы қазасы еді.
Кеше ойында түк жоқ үйде демалып жатқан еді. Кенет телефон қоңырауы шыр ете қалды, көтерсе ауылдағы апайы екен:
- Дауысы қалтыраңқы шыға ма, қалай өзі?! - деп ойлай бергені сол еді. Тұтқаның ар жағынан:
- Ботам, қалың қалай? Менмін ғой... Айтайын дегенім, сыныптасың Қайсар бүгін көлік апатына ұшырап, қайтыс болды... Сені ертерек хабардар болсын деп айтып жатқаным ғой... Ауыл жақ қатты боран, - дей бергенде қоңырау үзіліп кетті. Бұл да:
- Қалайша, осыдан бір апта бұрын ғана сөйлесіп едім ғой... Не болып кетті? – деп абдырап қалды. Көп ойланбастан дереу Семейдегі сыныптастарының біріне қоңырау шалып:
- Ассалаумағалейкум, Ертіс қалдарың қалай? Бұл Асхат қой, сыныптастарың, ана Қайсар бауырымыздың хабары рас па?! – дегені сол еді, ол да шамасы асығыс болды-ау, жағдайды тез баяндап беріп, қашан келетіндіктерін сұрады да хайыр-қош айтып, телефонды қоя салды...
Міне, қақаған қыста елге сапар шегуінің мәнісі осында еді.
Ақ ұлпа қарды тіле жарып, пойыз да өз жүрісінен жаңылмай келеді. Вагон іші ала көлеңке, бұл да тербеліп отырып тағы бір ойдың жетегінде кетті:
«...Балалық шағы. Үлкен таудың баурайында орналасқан шағын ғана ауыл. Бұл аулыда биыл жаз басталғалы бір үлкен әбігер бар. Ол әбігер тілсіз жау аталған өрт еді. Маусым айы туа сала, айналасы бір жарым айдың ішінде бірнеше дүркін өрт болып, ауыл тұрғындары қиын жағдайда қалдырды. Қиын емей немене?! Қысқы малдың азығын жинап үлгере алмай жатқанда, жиып қойған шөптерін тілсіз жау жалмап жатса. Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады дегендей сол жылғы ауа райы да құрғақ, жауын-шашынсыз, желді-дауылды болып өрттің жайылуына көп ықпалын тигізді.
Ауылдағы ерінбеген еркек кіндіктілердің барлығы тілсіз жауды тоқтатуға тегіс аттанды. Тіпті, мектеп оқушыларының ересектерінде топ қылып ұйымдастырып аттандырды. Бейбіт күнде ру-руға бөлініп, дүрдараз болып отыратын ауыл тұрғындары кенеттен келген апатқа бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымдасқан түрде аттнып жатты. Ол кезде бұл қатарлы балалар мектептің 5-6 сыныбында оқитын еді. Бұлар да ойын баласы болса да, төтенше қауіптің салмағын түсіне білген еді. Әттең, бірақ жастары мен шамалары келмейді, әйтпегенде тау қопаруға бар. Түрлі ауыр техникалардың үстінде қолдарында өрт сөндіргіш құралдары бар мектептегі үлкен ағаларын көргенде, ең алғаш рет ойын баласы болып, ер жетпей жүргендеріне налыды. Бірақ, бұлардың сезіміне көңіл білдірер жан жоқ, бәрі елдің, жердің, шаруаның қамымен алапат өртті тоқтатуды ойлауда, егер бүгін-ертең тоқтатпаса, ауылды күйретіп өтуі бек мүмкін. Осы ойдың жетегінде жүрген үлкендердің қабағы қатулы, Асхат секілді балақайлардың бар-жоғын да ескермейді. Оған бұлар да ренжіп жатқан жоқ бала көңіл бәрін түсініп, біліп-ақ тұр, бірақ амал қолдан келер не шара? Шамалары келген күннің өзінде үлкендер жағы:
- Өртеніп өлесіңдер, қайдағыны айтып, аяққа оралғы болмай тыныш қана үйлеріңде отырыңдар! –деп зекіп береді. Оны да бұлар жете түсінеді.
Жағдайды бағамдай келе басқа балалардан саяқ, бөлек жүретін осы Асхат, Қайсар, Әділ, Есен төртеуі әдеттерінше жеке кеңес құрысты. Әділ:
- Достар, ауылымыздың жағдайын көріп тұрсыңдар, бәрі өртке оранды. Ал әкелеріміз бен ағаларымыз түгелдей дерлік өртте, ал біздің болса, жүрісіміз мынау... Не істейміз? – деді жұлып алғандай.
– Онда біз де бірге сөндірісейік, - деді Қайсар.
- Жоқ, олар бізді көрген сәттен бастап-ақ үйге қарай қуалап жібереді. Қалайда басқа амалын табу керек?! – деді бұл ойланған кейіпте, сол кезде жерден жеті қоян тапқандай Есен:
- Балалар, таптым, таптым! – деді қуана, - қазір үлкендердің барлығы ауылдың батысындағы қалың өртті сөндіруде, ал жалпы алғанда айналаның бәрі де жалын құшып жатыр. Сондықтан, қазір ешкім жоқ, оңтүстіктің өртіне аттанайық! – деді алдағы қауіпті сезбеген күйі.
- Бәрекелді! Бұл дұрыс айтып тұр, онда осы Есеннің үйінің артындағы тау арқылы өтіп, тоғайлардағы өртті сөндірейік, - деп Асхат та кесімді сөзін айтты.
- Онда, не тұрыс, кеттік! – деді Қайсар батырсынып, - Пәлі, батырлар жарайсыңдар! – деді риза кейіппен Әділ.
- Онда біз жауға шапқан ата-бабаларымыз секілді батырлармыз, сондықтан «Төрт батыр» болсын атымыз, - деді бірауыздан бәрі.
Жоспарлары бойынша ауылдың оңтүстігіндегі тау жолы арқылы қалың тоғайға қарай беттеді. Ауылдан ұзап, тоғайға қарай жақындаған сайын алапат өрттің қара жалыны әрқайсысының мысын басты, бел шешіп жолға шығып алған соң ешқайсысы бір-біріне қорқып келе жатқандықтарын білдірмеуге тырысты. Көп өтпей межелі жерге де жетті, жай ауызға ғана айтуға жеңіл екен, әйтпесе мына алапат өрттің беті жаман, барлығы қорқайын деді.
- Ал, достар, не істейміз? – деді Есеннің үні сенімсіздеу шығып, - Көз қорқақ қол батыр, кірісейік! – деді Қайсар қайсарлығын танытып, ал Әділ екеуі болса үнсіз іске кірісіп кетті.
Өртті сөндіруді тоғайдың айналасындағы қалың қарағаннан бастады, әрқайсысы басына резина ораған сабауыштарымен кешке дейін тек бір ғана шоқ тоғайдың ғана өртін сөндіре алды. Бірақ, өздері тау қопарғандай дән риза, бір-біріне:
- Біз төрт батырмыз бізді ауыл, мектебіміз, сыныптастарымыз мақтан етсін. Бізге орден тағулары керек! – дейді еліре, көп қауіптің артта қалғанын бала көңілдері сезбей. Жол бойы бір-бірінің бетіндегі күйеге, күйіп сарғайып кеткен қас, шаштарына күліп жүріп бағанағы азапты, шаршағандарын ұмыта бастады. Сол қалпы ауылдың шетіндегі бұлаққа қалай жеткендерін білмей қалыпты. Барлығы бірауыздан үйдегілерге білдірмейік деп, жуынып алуға келісті. Жақсылап жуынып, түк болмаған кейіпке әп-сәтте ене қалды, тек ақырын біреу естіп қоймасын дегендей:
- Төрт батыр, төрт батыр, енді біз батырмыз! – деп жымыңдасып қояды...»
Иә, уақыт шіркін сынаптай сырғып өтіп жатыр-ау. Содан бері аттай он екі жыл өтіпті! – деп ойлады Асхат балалық шаққа саяхатынан оралып, - тек... - деп тағы бір лықсып келіп қалған ойдың кезегіне ерік беріп:
«Өмір-ай десеңші, сол уақыттағы қалың өртке кіріп, көзсіздік істеген, төрт батыр атанған жүгірмектер кейін ер жетіп, бұғаналары бекіп, апталдай азаматтар болды. Тек, әрқайсысы жан-жаққа өмір атты алып қамалдың бір бұрышына кетігін тауып қалану мақсатымен құрдың қиындай шашырап кетті. Бірі Алматы асты, бірі Семейге кетті, енді бірі өсіп-өнген жерлерінде әлі күнге дейін тіршілік кешуде...
Сол бала кезден жалғасып, төрт құбласы тең тұрған достықтың бүгінде бір бұрышы мәңгіге опырылып қалған жайы бар. Жан ауыртып, сыздатары сол ғана, бірақ қолдан келер амал қане?! Тірі адам тіршілігін жасайды. Өмір өз кезегімен жалғаса береді, тек санада қалатыны алыс балалық шақтың ескірмес естеліктері ғана және де осы естеліктерден қуат ала отырып болашақ өмірге нық, әрі сенімді қадам жасау, асыл достықты сақтай білу.
Иә, енді мұның жатса да, тұрса да Ұлы Жаратушы бір Алладан: иманды, ибалы, ар-ұят, намыс деген ұғымдардың қадірін жете түсінген, құлқынның қамын емес, елдің қамын жеген, атаның емес, адамның баласы болған және де араларындағы достықты сақтай білген ұрпақтың ізін жалғастыруын ғана тілеу екен ғой!» - деп санадағы мың сан ойға тежеу сала, купесіне қарай беттеді.
Автордан: Бұл уақытта тәуелсіз Қазақ елінің кезекті бір таңы да шапағын төгіп, арайлап атып келе жатқан еді. Ұлттық тәрбиенің бастауынан қанып ішкен, осындай намысты ұлдары, арлы қыздары барда, тәуелсіз Қазақ елінің көк байрағы мәңгі желбірей бермек! Ұрпақтар сабақтастығы деген осы...