Толғандырған тіл мәселесі

Дауға салса-алмастай қиған,сезімге салса-қырандай қалқыған,ойға салса-қорғасындай балқыған өмірдің кез-келген орайында әрі қару,әрі қалқан,әрі байырғы,әрі мәңгі жас,отты да ойнақты Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?

                                                                                                              

                                                                                                           Н.Ә.Назарбаев Өсер ұрпақ,келер дәурен мен туар тарих парақшаларында өлмейтұғын орны бар қазақ тілінің мәртебесі Мәңгілік Ел ұлттық идеясының бастау биігінде тұр.Түбі бір түркі тілдес халықтары үшін жер бетінде ұлт ретінде сақталып қалуының сенімді кепілі,ең алдымен,тіл болған.Өмірлік ұстанымы ретінде алынған аталмыш ұраны бар түркі елдерінің жалғастығы қазақтың төл тілінен айқын көрініс табуда.Түркілік дәуірдегі тасқа қашалып жазылған Орхон жазбалары мен сонау әдебиетіміздің алтын ғасырына айналған жыраулар поэзиясынан бастау алып,танымдық тіл құралдарын тудырған кеңестік кезеңнің ғалым,ағартушыларының еңбегімен өз үзігін тапқан туған тілдің қыры мен сыры мол.Мұхтар Әуезов атамыздың «Ұлт жүрегі-тіл» деген сөзін оқып отырып, ойға қалдым.Расымен де,жүрек тоқтап қалса,қан жүрмей,тіршілік тоқтайды.Тіл болмаса,ұлт та жоғалады.Олай болса,туған тіліміздің бүгінгі ахуалына кідіріс жасасақ деймін. Кемелденген XXI ғасырдың жаһандану кезеңінде қазақ тілі өркендеген мәдениеттің тілі, ғылым тілі, ресми іс қағаздарының тілі болып жан-жақты сараланды.Қазіргі қазақ тілі-сөздік жағынан мейлінше байыған,грамматикалық құрылысы барынша дамыған,оралымды тіл. Дегенмен,болашағы әлдекімдерге бұлыңғыр болып көрінетін үштілділікті дамыту саясаты туған тіліміздің шеткері қалып қоюына,оның жарқын болашағына қандай да бір салқын лебін соқтыруы мүмкін деген болжамдар мені толғандырады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тәуелсіздік толғауы» туралы сөзінде: «Қазақстанның барлық этностарын толық құрметтей отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесімен бірге жаңа индустриялды инновациялық әдістер мен өркениеті дамыған алдыңғы қатарлы елдердің бірегейіне айналу үшін теңдессіз туған тілімізді, халықаралық орыс және әлемдік ағылшын тілін білу арқылы жаңа кемелді келешекке қадам басамыз» деген еді.Қазіргі таңда мамандандырылған ағылшын тіліндегі таңдаулы мектептер, шет тілдерін дамыту орталықтары бұрқасын жаңбырдан кейін жер бетіне жайылған саңырауқұлақтай кең етек алды.Әрине,өзге тілдерді меңгеруге деген құлшыныстың артуы мен нәтижелі еңбек-бүгінгі Қазақстанның талабы. Ілгері қадам жасау үшін қойылатын алғы шарттардың бірі де-осы қарекеттер.Күнделікті күйбең мен жаңа заман ағымына бой ұрған шақта өзге тілдерді үйренеміз деген әуре-сарсаңға түсіп,өз тілімізді шұбарлап алсақ қайтеміз? Туған тіліңде сөйлеу,оны қастерлеу, шұбарламау біздің міндетіміз болып табылса,ал оның қолдану өрісін кеңейтіп,жаңа ғасырдың жаңашыл тіліне айналдыру идеялары еліміздің әрбір саналы азаматын толғандыруы қажет. Елдің тұтастығын сақтау үшін тілдік құндылықтарды қастерлеп, оның иірімдерін тереңінен меңгеріп,сапасы артқан салиқалы ойларға жүгінгеніміз жөн.Құндақтаған ана құрсағында төл тіліңнің әуезді үнін тыңдап өскен,тамырын туған тілінде жая білген адамның бір бүйірі туған тілді тұңғыш тұғыр етуге ұмтылады.Аңсаған азаттығына жетіп, төл тәуелсіздігінің тұтқасына ие болған қазақ халқы үшін ендігі мүдде еркін елдің есімін ғұмырлық мақсат мұраттармен астастыру.Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «2050- Мәңгілік Ел» стратегиясын жолдауы барысында мәңгілік ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары етіп,оны түпқазығымыз деп атап өткен. Біз өз тілімізді толықтай меңгеріп,оны өскелең ұрпақпен бірге өзге де алпауыт елдердің ұлт өкілдеріне насихаттап,әуезділігін,әдемілігін,ұлылығын ұғындырған соң,шет тілдерін тереңінен меңгеруді қолға алсақ болады. Халқымыздың рухани мұрасы әр кез ақтарылып,қаншама аударылса да,әлі де болса қалтарыста қалған қазына,шертілмей жүрген шежіре,байқалмай жүрген байлық.Біз өзгенің қателігінен,өткеннің тағылымынан сабақ ала білуіміз қажет.Тәуелсіздігін алғаннан кейін өзара алауыздық пен тіліне бейберекетсіздікпен қараған елдер түптің түбінде әлем кеңістігінде ұлт ретінде мүлде жойылып кетті емес пе?     Қазақ тілінің өресін кеңейту мақсатында жүзеге асырылып жатқан еңбектер ұлан ғайыр.Көп үлгіден кенде,көп өнерден кенже қалмаған жас ұрпақ қауымы сол игі істерге жан бітіріп,тың серпіліс берері анық.Олай болса,көнені көзден өткізіп,жаңамен сабақтастыра білген,сабырлылыққа бой ұрып,соңын баққан кең пейілді қазақ халқының терезесі алыптармен теңесіп, атар таңдары арайлы,батар күндері бақытқа толы болсын.


Бөлісу: