Тілдің қадірі неге төмендеуде?

«Бүгін, суббота да дамашкаға звандап атыр»,- деген күнделікті тірлікте қолданылып, естіп, құлақ әбден үйреніп кеткен сөздер осы күнде ана тілімізге дақ түскендердің айыбы болып отыр. «Атыр», «ятырдан» келтіріп, қазақ салтым сақтаған аман-саулықтың өзі бүгінгі  таңда  емеуріннің ілмегінде жүр. Отбасындағы үлкенді- кішілі бала болса, «пап-мамның» айналасынан шыға алмай келеді. «Жана ғана бара ятқан», «Сен қандай оқу оқып атсын?» Бұл еркелік қылықтан сөзге тиген мүдіріс әлде кеңестік ортадан сақталған қалдықтың ықпалы ма? Бұндағы қалып етістіктер түзелуден қалып, ерінгеннің немесе еркелік тілдің құрығынан мүкістікке ұшыраған. Бұны біз орфоэпиялық нормаға бағындырайық десек, келетін еш жері жоқ. Ал келтірмек ниетіміз жеңсе, бұған орфографияның ауылы алыс. Мысалы: «атсын» , «атыр» дегендерді бөлек алып қарасақ:«атсын», яғни бір затты ату. Бағанағы бастапқы сөзге тіркестірсек :«жатсың» деп ұғына аламыз. «Атырдың» түк  мағынасы жоқ. Бұларды орфоэпия заңынан шыққандар деп, ал шыққызғандар осы сөзі одан тіпті оңып кететіндей орыс тілін имектетіп, сөздерден химиялық тәжірибе жасайды.
Тізбектей берсек,  бұлар «жана» сөзін қиыстырады. Бұл сөздер тілге түскен дақ: «жана» емей немене? Яғни осы таңда  қазақ  тілін жанаған «жана» сөздер. Ал жаңа сөздердің абыройы мол. Осылай жалғаса берсе, мақаламызға тиек етілген сөздердегі қалып етістіктер пайда болған кемістігімен және өзге тілдің сіңгіштігімен тіліміз түзелмей кетуге бек мүмкін. Қазақ тілі тілдік мәртебе алып, даму жолында болды. Әлі де дамыту жолдары жан-жақты жүзеге асырылуда. Бірақ әлгі «жананың» пайда болуы осыған кедергінің бірі.
Тіліміз жауапсыздардың шимай-шатпағы ма? Қазіргі қоғамдық орталарда, базарларда ілініп тұрған маңдайшалық пен  жарнамалардағы қазақша жазғансымақтардың өркештей өрескел қателіктері  көз қадалтып, намыс отын тұтандырады. Қорланған ана тілім құрықтылардың құрығына түсіп, әр құзғынның аузына тістейтін жемі ме? Біле-білсе ана тіліміз ескерусіз, тақтайшаға жаза салатын қазақша жаздымның атағы емес. Ал бұл жауапсыздықтарды  қатаң тәртіпке алып, бақылайтын кез жетті.
Түрік бабаларымыздан бастау алған Алаш жұртында бұл тіліміз сан тарихты толғаған; бұл тіліміз қара жауың қарсы алдыңнан шыққанда, қылышыңның сермесінен қатты, найзаңның ұшынан биік тұрып, сан мың қолдың бетін қайтарған; бұл тіліміз араз ағайынға араша түсіп, ар-намысың, бірлігіңді сақтап қалған;  бұл тіліміз ұлы Абайдың  кемел ойымен, шартарапты айналып, ұзарып өсіп, пісіп жайқалған; бұл тіліміз қазақтың қайсар ұлы  Әлиханның  алты алашты аузына қаратқан  рухты  сөздерімен қайнасқан; бұл тіліміз исі қазақ халқым сөйлеген  ана  да , дана тілім  еді. Сондықтан ағайын, ата-бабамыз мұра еткен  ана тілімізді  қадірлеп, қастерлеп, бізде болашағымыз  үшін, ұрпақтарымызға  мирас етіп  қалдырайық. Өйткені, тіліміз ардақтау – Отан сүйгіштіктің бір бөлшегі ретінде қарастыруымыз қажет!


Бөлісу: