Тіл мәртебесі - ел мерейі

  Тіл әрбір ұлттың ұлт, елдің ел болып қалыптастырушы және жасаушы факторы.Ешқашан ұмытылмайтын ерен ерліктің айғағы, ертеңгі күнімізді айқындаушы, яғни кешегіміз, бүгінгіміз, ертеңгіміз.Адамды жануарлардан ерекшелейтін және адам ететін ең бірінші Отанына, халқына және тіліне деген өшпес махаббаты.

  Әуелі, өзіміздің ана сүтімен бойымызға дарыған, ғасырлар бойы атадан мұра болып қалған құнды жәдігеріміз - қазақ тілі жайлы сөз ете кетейік.Қазақ тілі еліміз тәрізді еркіндікке ұмтылған тәуелсіз және өзіндік ерекшелігі бар тіл екені бәріне мәлім.Нұртас Оңдасынов: "Қазақ тілінің орамын, бұрамын тауып, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, текемет оюға болады" дей кеткен екен.Айтқаны керемет-ақ екен, алайда сол орамы мен бұрамын іздеген жан бар ма екен?Шынымен пайдалана білсең, небір сиқыр жасауға болатын еді.Бірақ бұл кезде өз тілінен өзі ұялып, сөйлегісі келмейтін ақымақтар мен ойлағаннан да көп екен.Өкінішті, себебі өз кезінде қазақ тілін олай да, бұлай да сайрата білген небір шешен адамдарымыз бар еді, сол кісілерден қалғаны осы ма?Осындай кезде К.Г.Паутовскийдің: "Өз тілін құрметтемейтін адам - жәндік" дейтін айтса ойып түсірер сөзі еріксіз ойға келеді.Мұндай ой қалыптасуына өмір сүріп жатқан қоғам әсер етпей қоймас.Қазақ тілін қалай болса солай қолдану, тілді бұрмалау, тіпті төл сөздерімізді білмей жататын жағдайлар орын алып жатады."Қазақ тілі мұншалықты жатық әрі анық болар еді, егер де біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе" дейді Ыбырай атамыз.Мұнда қаншалықты шындық жатқанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

  Үш тіл бағдарламасы қоғамымыздың айтулы жобаларының біріне айналды.Үш тіл заман талабы деп айтатындар сияқты, бұл үш тілдікті керек санамайтындар да бар.Ал менің ойымша, "жеті жұрттың тілін біліп, жеті түрлі білім білу" артықтық етпес.Біздің мақсат - білімді ұрпақ тәрбиелеп шығару болса, неге басты үш тіл бағытын ұстанбасқа?!Бұдан бөлек халықтың ойлау қабілеті мен санамыздың жетілуіне үлкен әсерін тигізер еді деп ойлаймын.Жаңа өзгерістерден қашқақтамай, бәріне дайын болайық!Осыған байланысты дүние жүзінде ең көп сөйлеушілері бар тіл дейтін сауалға көп оқушылардың жауабы ағылшын тілі болған еді.Алайда ең көп сөйлеушілері бар тіл - қытай тілі екен.Қытай тілінде 844 миллион адам сөйлесе, ағылшын тілінде 434 миллион адам сөйлейді екен.Сонымен қатар қытай тілі қиын болса да, бұл тілді оқуға ынталылар көп екен.Ал қазақ тілінде сөйлеушілер саны 16197000 екен, әлі де үйренгісі келетіндер де қаншама.Ал кейбір мемлекеттерде тілге деген өзіндік ерекше заңдары бар екен.Мысалы, Германия елінің азаматтығын алу үшін ең алдымен неміс тілін қаншалықты жақсы білетінін тексеру мақсатында тест алады екен.Ол тест қиындығы біздің мектеп емтихандары тәрізді болады.Сонда ұлтың неміс бола тұрып, тесттан өте алмасаң, саған өз еліңнің азаматтығы берілмейді.Қаншалықты қатігез болса да, өз тілің мен еліңді бағалауға үйретеді.

  Қазіргі қоғамның өзекті мәселесіне айналған тағы бір нәрсе - әліпбидің латынға ауысуы.Бұл біздің қазақ тіліміздің тарихында маңызды рөл атқаратын мәселе.Бұл да біздің санамыздың өсуіне, тіліміздің болашағына үлкен әсерін тигізеді деп ойлаймын.Себебі алдыңғы қатардағы елдердің бәрі латын әліпбиінде, біз де Кеңес заманын санамыздан өшіріп, ол жүйеден шығуға әрекет жасауымыз керек.Өзіміздің елімізге, тілімізге, халқымызға пайда әкелетін іс қылу керек деп ойлаймын.Латын әліпбиі пайдасын тигізбесе, кесірін тигізбесі анық.

  Ойымды тұжырымдай келе, әркімдікі өзіне, ай көрінер көзіне дей отырып, әр ұлттың өз тіліне, жеріне және халқына деген ешқандай сезімге ұқсамайтын, жүрегіңді тебірентер бір ыстық махаббаты болады емес пе?Қазақ тілін білмейтіндерді үйренуге, білетіндерді сөйлеуге және де құрметтеуге шақырамын.Тіліміз болмаса біз ешкім емес екенімізді естен шығармайық.Біздің тәуелсіздігіміздің айғағы - тіл, қайда болсақ та бізді айқындап тұратын - тіл.Тіліміздің мәртебесі - еліміздің мәртебесі, ал тіл мәртебесі халықтың қолында.Тілді қаншалықты бағалап құрметтесек, соншалықты еліміздің еңсесі биік болады."Тілмен мәңгі қазақтың қазақтығы, тілмен мәңгі қазақтың азаттығы" деп айтылған ұранды сөздермен сөзімді аяқтағым келеді.



Бөлісу: