Теңізді сүйем... Кітапхана тәрізді

Теңізді сүйем... Кітапхана тәрізді
жеке
блог

Теңізді сүйем мен...Ол құдды бір кітапхана тәрізді. Ия, ия кітапхана. Білем оған бұрын-соңды ешкім бұл теңеуді бермеген шығар. Бірақ сәл ойланып көрсе түсінетіні сөзсіз. Мұңға толы лириканы да, шерлі шежірені де, көңіліңді әп сәтте көтеретін керемет туындыны да, қиялға батыратын фантазияны да осыдан табасың. Жанына барғаныңда ол сенің не үшін келгеніңді, қандай көңіл-күйдесің, барлығын сезе қояды. Содан соң асау толқынымен саған қарата бір томдықты тастай салады. Үнсіз оқи бересің, оқи бересің. Сөйте тұра, шабыт берерлік құдірет қайдан шығып жатыр дейміз...

Теңізді сүйем мен...Бұл жолы не үшін білемісің? Теңіз-психолог. Ол сенімен сырласады...Кейде теңіздің әдеттегіден моп-момақан жататынын көрген де шығарсың. Демек, ол сені тыңдауға дайын. Жанына бар да жайып сал бәрін.Үнсіз тыңдайды.Анда-санда бетіне толқынын жүгіртіп жіберетіні бар. Түсіндім дейді бәрін...Келіседі сенімен...

Және де теңіз ол пошта тәрізді. Мұныма енді күлетін шығарсың...Бірақ ол шынымен де пошта тәрізді, шынайы өмірдегіден өзгешелеу пошта. Жәй ғана жағалауына бар да отыруға ыңғайлы жартасқа шығып, болмаса топыраққа жайғасып жақындай түс. Сонда саған қарай бір топ ақ жалды үйір жылқылар жүгіреді. Нағыз текті жылқылар. Өзіңе қарай, бірінен-бірі озып, жүтйки шапқан кезде қорықпа. Олар бейбітшіл. Даусы өктем шықса да, гүрілі қатты болса да олардың саған зияны жоқ. Тек жүрегіңді еркіне қоя бер. Ол сайрайды. Арманын, қиялын, тілегін, бәрін жайып салады. Ақ жалдылар қатты қарқынмен келіп жартасқа бір соғады да, сенің қазынаңды өзімен ала кетеді, хатыңды түсінген жанға оқыту үшін.Бір кезде, олар қайтадан үйіріне қайтады. Сәл күт...Аспаннан аппақ періштелер түседі...Қанаттарын жайып жіберіп көкте сәл қалықтайды да теңізге сүңгіп кетеді...шамалы уақыттан соң қайтадан шығады, көкке қарай ұмтылады. Ал қанаттарынан самалай тамған тамшылардан сенің арманың, сенің тілегің қалықтайды көкте...шағала арман...

...Теңіз ақын дер едім сосын...Әне жағаға тағы бір жырды лақтырып тастады. Мен қағып алдым...

Жүрегім толқып, өзіме сыймай тасып тым.

Түн батса болды, таңыма қарай асықтым.

Күнменен бірге туады мен де бір өлең

Көкжиегіме, көмбесі болған, ғашықпын!

Бәз біреулерге мен бәлкім тіптен қашықпын.

Кеудемді мына қарайды ішін ашып кім?!

Маңдайдан искеп кететін кейде желменен

Мұңыма жолдас, жалғызым Көкке ғашықпын!

Бейбітшіл елге құшақты жаяр, асықпын

Жақсыны сүйіп, жаманды талай жасыттым.

Өр мінезіме жымиып қарап бас иген

Өлеңімменен өмірге мынау ғашықпын!