Тележүргізуші болуға деген құлшыныс...

Журналистика мамандығына түсетін жастардың басым бөлігі тележүргізуші болуды армандап келеді. Олардың қатарын да өзім де бармын. Неге екенін білмеймін, бәрін де эфирге шығуға деген құлшыныс бар. Әсіресе 1-2 курста талпыныс керемет болады. Өйткені ол кезде біздер өзімізді әдемі болып кадрда отырғанымызды ғана елестете алатын едік. Эфирге дейін қанша процестің бар екендігінен бейхабар болдық. Жоғары курстарда телехабар дайындау технологиясын меңгергеннен кейін бұл істің күрделілігін түсіндік.

Эфирге дейінгі процестерді тәжірибе жүзінде көріп, шығармашылық ортада өздерін сынаған курстастарымның біразы бұл істі одан әрі жалғастырмайтындықтарын айтып жатты. 1,5 минуттық бейнематериал дайындау үшін бір-екі күндерін кетірген олар телесалаға жолауды жөн санамады. Оның үстіне бәріміз үшін мәтін жазу, оның құрылымы, ақпаратты берудің тиімді әдіс-тәсілдерін табу деген ауыр жұмыс еді. Мен де замандастарым секілді «телевизия менікі емес» деп ой түйіп қойдым. Алайда бірнеше бағдарламаның түсірілімінде болып, түрлі кастингтерге қатысып, диплом жобасын дайындау барысында бірнеше журналистен сұхбат алғаннан кейін басапқы ойымнан қайтып, медианың осы саласында өзімді сынап көруді ұйғардым. Осы мақсатта үзбей телеарналарды қарап, бағдарлама жүргізушілердің сөйлеу мәдениеті, жүріс-тұрыс әдебі секілді талаптарға мән бере бастадым.

Қазір біздер теледидар қарамаймыз. Әбден әлеуметтік желіге кіріп алдық. Біраз уақыттан арналардағы жобаларды қарап, өзіме қаншама тың дүние түйдім десеңізші. Сабақ барысында ұстаздарым айтқанда түсінбеген кейбір мәселелердің де шешімін таптым. Қаншама телеарна, онда қаншама адам қызмет етіп, бұқараға тың дүние ұсынамыз деп тырысып жүр. Сол ортадан мен неге өзімді көре алмасқа деген ой мазалап-ақ жүр...

Бір арнаны қосып қалсаңыз жүрегіңді ұшырататындай ызғарлы дауысқа салып хабар жүргізіп тұрған жанды көресіз, енді бір арнаның жүргізушісі майда тілімен, жайдары көңілімен эфир жүргізіп тұрады. Қарап отырсам, такныстарымының басым бөлігі шулы хабардың жүргізушілерін таниды да, «жайдары» бағдарлама тізгінін ұстаушыларды мүлде білмейтін болып шықты. Қандай қайшылық?!

Десек те менің ойымша, телеэфир - ұлттың бейнесі. Сол себепті ол жерде мәдениеттілік, әдептілік деген басты орында тұруы керек. Эфирдегі жасандылық, дауысты орынсыз түрлендіру – көрермендерге ерсі көрінетіні сөзсіз. Осы ретте ұлттық арнаның ардагер-журналисі Гүлмәрия Барманбекованың пікіріне жүгінуді ұйғардым. «Тележурналист - айтқандарын тыңдаушысының жүрегіне терең сіңіру қабілетіне ие отаншыл, ұлтшыл, халықшыл көзқарастағы интеллектуалдық қуатты, сыр-сипаты мен болмыс-бітімі мінсіз тұлға».

Ал халықаралық журналист Ғалым Боқаштың пайымдауынша, тележурналист имиджіне екі түрлі мағына береді. Оның біріншісі, журналистің телеэфирге шығатын бейнесі. Мұнда тележурналист/ тележүргізуші кәсіби және этикалық принциптерге сай болуы тиіс. Дауыс тембрі жағымды, дикциясы түсінікті, сөйлеу жылдамдығы дәл, шаш қойысы мен макияжы көзге қораш көрінбейтіндей қалыпты, киім үлгісі оқиға орнына лайық, әңгімелесу және сұхбаттасу мәнері мәдениетті, әріптестерімен қарым-қатынасы жайлы болуы тиіс. Екіншісі - тележурналистің ақпарат таратушы ретіндегі бейнесі. Бұл тұрғыдан қарағандағы имидж жүргізушілік, редакторлық, я репортерлік шеберлікке тәуелді.

Аймақтық телеарнаның жүргізушісі Мұнайдар Баймолда эфирге шыққаннан кейін қандай да бір имидж қалыптастыру керек деген пікір айтады. Оның пікірінше, имидж деген нәзік ұғым. Ол мейлінше мәдениетті, ішкі мәдениеті мығым, жүріс-тұрысы, киім киісі үйлесімді, сөйлеу мәнері екшеленген, арғы-бергі тарих пен замана көшіндегі жаңалықтардан хабардар маман бойында болуы керек қасиеттердің жиынтығы.

Осындай кәсіби мамандар пікірінен кейін телесалада білікті маман болып қалыптасу үшін тәжірибе мен білім, тынбай еңбектену керектігін түсіндім. Онымен қоса қазақ тілі заңдылықтарын меңгеру, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру және шешендік өнер талаптарын меңгеру керектігін түсіндім.

Журналистика мамандығы бойынша алған білімін – ол базалық білім екендігін түсіндім, ал оны әрі қарай дамыту және телевизияда қандай да бір қолтаңбаңды қалдыру үшін көп ізденіс қажеттігі айтпаса да түсінікті.

Жақында Қазақ телевизиясы 65 жылдығын атап өтті. Осы кезде эфирге алғашқы дикторлардың жүргізген хабарларын, алғашқы репортаждар мен деректі фильмдерін ұсынды.

Алғашқы дикторлар Мәриям Айымбетованың, Ласкер Сейтовтың, Қажы Қорғанов, Құсыман Игісінов секілді аға-апаларымының хабар жүргізгенін көріп қатты таңырқадым.

Неткен мәдениеттілік, дауыс ырғағы мен мәтін оқу шеберліктерінде мін жоқ. Қазақ телевизиясының үлкен шығармашылық мектеп екендігін түсіндім. Осы тұлғалардың артынана қанша буын тележурналистер мен жүргізушілер шықты. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы емес пе?!

Тележурналистика – өз машақаты бар ерекше өнер. Бұл ортада сен өзіңді я жақсы, я жаман қырыңнан көрсетуің мүмкін. Бала күнімнен көріп өскен  Дана Нұржігіт, Бейсен Құранбек, Берік Көшербай секілді жандардың шығармашылығы мен үшін үлгі.

Қарап отырсаңыз, тележурналистердің қате ақпарат пен шолақ пайымдауы, көрермендердің өресі мен таным-деңгейін ескермеуі, телеарнаның, тіпті барлық журналистердің абыройына нұқсан келтіреді.

Жалған ақпараттардың берілуі, дәлелсіз бейнесюжеттердің сараптамасыз эфирге жіберілуі, саясатқа тәуелділікпен шындықтың бүркемеленуі, өзіне тым сенімділікпен әдеп аясынан шығып кетуі, эфирге дайындықсыз шығу, журналист киімінің бағдарлама тақырыбына сай болмауы секілді факторлар журналистің ғана емес, арна имиджіне де нұқсан келтіреді. Бұл телеарна мен журналистің қанша жылғы тәжірибесі мен атақ-дәрежесіне кері әсерін тигізеді. Абыройы мен беделі түседі.

Тележүргізуші, тележурналист болуға деген құлшыныстың артында қаншама жауапкершілік тұрғандығын түсіндім. Бірақ бұл арманымызға тосқауыл бола алмайды. Талап пен талпыныс, ізденіс – бұл белесті де бағындыруға жетелейді деген сенім бар.

Қазақ қоғамына, ұлттық мүддені паш ететін әдемі бір туынды ұсынып, эфир көркіне айналып жатсам, әлеуметтік желідегі жеңіл-желпі туындылардың бір шетін қайыруға жарап жатсам – бұл да журналистикадағы бір жетістігім болар еді. Ішкі жігер мен ынта, мамандыққа деген сүйсіпеншілік осыған апарады деген сенім бар...

Дамира Қанатқызы
Қазақ-Америка университеті
Журналистика мамандығының студенті



Бөлісу: