Таным тамыры
блог
Мен бірде Төреғали Тәшеновтың «Өрт ішінен аман қалған гүлдеймін» өлеңін оқып жүрегім су етті: Қасымның жалынды жанары жалт еткендей болды.
Өртенген үй жұртында,
Қып-қызыл боп желбіреп,
Қалай өстің сен мұнда,
Нендей сыр бар, нендей кеп?!
сауалын мен бүгін Төреғалиға тастағандаймын. «Ой түбінде жатқан сөзді жел толқытпай тұра алмайтынына куә болғандаймын. Есіме совет заманында өмір сүрген Дағыстанның дана ұлы Расұл Ғамзатовтың «жазған ақыннан жазбаған ақын мықтырақ» сөзі түсіп отыр. Бұл сөз жоғарыдағы Асан қайғы айтты деген: «нағыз мінсіз асыл тас су түбінде жатады» сөзімен тең түсіп жатқан жоқ па? Ал хронологиядан туған (Ә.Дербісәлі), ұжымдық ұйым Қасымдай асқақ ақынның арынын басып, көркем бейнесін көмескілеген таным үстінде «Төреғали Қасымның жалғасы» десек, бұған «көпті» иландыра алар ма едік. Үйткені, Қасымды Төреғалимен байланыстыратын интеллектуалдық өнер критерийі – бейнелі тіл, өлең өрнегі жадыдан шығып, ұмытыла бастады. Қасым Рүстем ерлігін қайталаса да «Шахнама» жазбады ғой. Лирика аңыз емес, шындық (реализм) туғызды. Оның советтік шындықтан соққы көруі – коллектившілдік таным құрбанына айналуы да осыдан. Тарихты образбен сөйлету Төреғали табиғатын осы дара стильді ақындармен етене етеді. Ойын біздегі бүгінгі «ғылымнан» озық етеді.
Қасымның «музыкалық саздылығы» (М. Иманжанов) Фарабидің 9-шекті домбырасымен үндеседі: ол ойнаған аспап саны бізге осыны айтады. Бұл – ғылым ізі, бақсы-шаман емес. Абайдың қалам ізін бағуы да Қасымның осыдан, әйтпесе оның бойын билеген алып күш қуаты Ер Тонадан кем емес. Романтика қуса, қазақтың Байронына айналар еді.
Олай болса,, Қасымды Қасым еткен образ оңай туған жоқ – тумайды. Егер ол «Шахнамамен» шақ келетін ерлік тарихын алты-ақ жол «Қызғалдаққа» сиғызып бізге «баян» емес, бейне-философия ұсынса, бұл – Абай биігі. Түркі сөзінің тамырдан көктеуі. Бұған бүгін бой ұру, қол созу – сол «ер дана» дәстүрдің өлмегені. Бүгінгі интеллектуал ақын:
Ауған бұлттай,
бұзылған кесенедей,
Бұра мезгіл бізден де өтеді ме, ей!
Кешегі бүгінгідей болғанымен
Бүгінгі бола қоймас кешегідей.
– деп, ақылмен базына айтып, баз кешеді. Жаңалығы – бүгінгі ақиқатмен өмір сүру. Ұлттық тіл-өнер постмодернистік сипат алады. Сондықтан тарихи Түркістанға ол балаң емес, бұла сезім, дана көңілмен қарайды. Қасаң трафарет трактаттан қажыған жанынды өмір-тарихпен тыныстатады. Көзден кетіп көңілден тая бастаған Мағжан, Қасым поэзия отын көсеп жүректі жылытады. Яғни ол бүгінгі «шен-шекпен» шеңберінен шығып, өзінің адамзаттық тек-тегін тауып руханият кенішіне кеңелтсе, бүгінгі туған тіл - әдебиеттің өлмегені. Тарихпен тыныстату хронологиясы емес екеніне көз жетеді. Салауатты қоғам салтанаты Пушкиннен соң Некрасовқа ауысып орыс поэзиясы рухы сақталған еді. Сондықтан бұлар тоқыраған қоғам шаңырағын шайқалтпады. Сол бір лейтмотив басымдық алып кетті. Ал бізде бұл үрдіс әзір су түбінде «мінсіз асыл тас» күйінде тұр. Мәселен, Астана, Есіл өзеңі туралы туған барша өлең-өнер кешегі декларация арнасынан аса алмай қалғанда, Төреғали:
Шағаласы Есілдің, емексумен есіл күн,
Еңкіш тартып барады, таңым – тұйық, кешім – мұң.
– деді. Жалған мадақ (ода), мезі еткен сәтте бұл қарапайым жолдар сенің сырласына айналса, бұл – шынайылық. Әлемдік үрдісте жоқ әдебиет пен идеология одағынан жаңа белеске бет бұру. Сондықтан бұған әлемдік өреде сұраныс бар. Әдебиетті бір түске бояп тастауға құқымыз жоқ. Өлең – өзінді тану алдымен.
Шағаласы Есілдің,
Күйі болмай көшімнің.
Күні тумай шешімнің,
Шаршап тұрмын кешіргін.
– жолдары менің – сенің және қоғамның шындығы. Танымға керегі дәл осы «таныс-бейтаныс» емес пе? Ал әдеби танымды бұзу не үшін, кім үшін керек?! Қазақ әдебиетін осы тұрғыда ғасыр парадигмасынан – рентіген сәулесінен өткізу – уақыт талабы.
Табиғатпен тілдесу – адамзаттық мәңгілік тақырып ақын үшін, күрделі процесс. Бұл әлемдік көркем ізденіске Төреғали қаймықпай араласады, алайда үлгіні туған әдебиеттен алады. «Шетелшіл» емес.
Қарсаңында ертең ерте көктемнің
Қайталайды қателігін өткеннің,
Алданудан ауызы қайтып күймейтін,
Сарсаңынан сабақ алмас неткен гүл!
«Наурыз гүл» өлеңі сегіз шумақ бойы осылайша табиғат сырына үңіледі. Абайдағы психологиялық параллелизм – ұлттық классика үлгісі бүгіндік поэзияда өзінің көркем шешімін табады. Қайталанған ақын – өмір шындығы өлең өзегіне айналып тарихи сипат алады. Мәселен өмір құдіретін Қасым «Қызғалдақ», Төреғали «Наурыз гүл» арқылы паш етеді. Мәселе сонда, «өмірді – татқан біледі» – ақындықтың басты шарты.
Табандары тілініп,
Жүрмей қалды арықтар.
Көлеңкеге тығылып,
Бүлкілдейді лақтар.
Шегірткілер ыршып,
Тынбайды ызың – әуресі,
Түңіліктен тік түсіп,
Сынбайды күн сәулесі.
Бұл сөйлеп тұрған сурет – таза Төреғали табысы, бүгінгі қазақ поэзия жетістігі. Ия, бүгіндік поэзия әлемдік тенденцияда осылайша ауыз екі тілмен кіріге жымдасып кетуі керек. Баршаға айқын түсінікті тілге көшуі тиіс. Сөйте тұра, қазақ ақыны өзінің ұлттық байлығы – образ мұратын жанды кейіпке аса шебер, Абайша енгізеді, өзінше өтейді. «Жаз», «Жазғытұры» Ыбырайдан да бұрын, Бұхардан бастау алған. Табиғатпен тіршілік тұтастығы бүгін Төреғали арқылы тіріліп әлгі суреттегі түстіктің тал түсі бүгіндік поэзияға айналып отыр. Бұл – үндестік пе, әлде жалғастық па?! Рухани тоқырауды (Берік Әбдіғали) ұлттық тіл қайта өрлеу кезеңі ғана осылайша жаңалай алады. Өз басым оңтүстік аптабын Мұхаң қолтаңбасынан сезінгендей едім: сол бір сурет – мөлдір сағым бүгін ақын тілінен балы тама өлең-өнер полотносын ұсынып отыр. «Кестенің бізі, өткірдің жүзі өрнегін сендей сала алмасына» (Абай) көз жеткізеді. Сурет көрмесі бар, сөз көрмесі жоғы бізде өкінішті-ақ. Бұл – тілді қолдау-қорғау ма?! Тірі тарихи – өмірдің қозғаушы күші.
Саздағы шынар
Секілді саяқтау біткен,
Тағдырдың бұл да маңдайға
Жазғаны шығар!
Тұзағы мықты
Жетті ақыр аяндап маған
Абайдан қалған баяғы ызалы күлкі.
Стиль бүгінгі, ал мазмұн тереңдігі шыңыраудан сыр тартады. Басты жетістігі – поэзияны демагогиядан тазартады. Қазақ өлеңінің қоңыр желі еседі: советтік шындық шеңберінен шығып бүгінгі өмір ансарына түседі. Советтік сын тезінде бұл жолдар «өткенді ансағыш» – кертартпа сапына қосылар еді. Қазақ әдебиетінің өскелең бұл бір бұтағы ескеру-елеусіз жұтылар еді. Сурет, тіл, қиял тек әдебиет арқылы жетіп-жетілетінің ескерсек, Төреғали өлең өрнегі – архитектоникасын Абай-Ахмет-Мағжандармен тұтастыратын да осы таным тереңдігі, әдеби білімділігі.
Толқын көк ала
Соғар жағаға.
Ұшар айналып
Жалғыз шағала.
Суды сабалап,
Жетті жағаға.
Өтті бір толқын
Өксіп арада.
Құс па шарқ ұрған
Су ма алқынған?!
Көл ме, кеудем бе
Көкке талпынған?
Жалғыз шағала
Айдын көк ала.
Жабырқап тұрмын
Жалғыз «Жағада»...
Жеткізе жырлау – жете сүю арқасында қазіргі қазақ ақыны мұхит толқынынан муза тауып, океанда өмірін өткізген. Ақындықтың ұлы тұлғасы Бальмонт еске түседі... Шөл-шөлейт, полигонға айналған аймақ – қазақ жері, Сәкен жырларымен аққулар мекеніне айналғанындай, Төреғалидың әлгі жолдардағы жан құбылысы паспорттық өлең емес. Төреғали туған табиғаттың көшірмесінен бөлек қазақ поэзиясы арсеналын – поэтикасын жалғастырады. Дала төсін мұхит жағалауындай сезінсе поэзия көкжиегінің кеңеюі. Ең бастысы, Төреғали канонға қамалмайды, дәстүрден қол үзбейді. Қалам мәдениеті жалпы адамзаттық әдеби тілмен иықтас отырады.
Менің ожар ашуымды
Сенің аяр күлкің көмді.
Аштық қысқан бүркітімді
Қашып пысқан түлкің женді.
Қазақ поэзиясында бұл сурет Абайдың «қар – әппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл» деген атақты шеңдестіру тәсілі арқылы келгенін білеміз. Әңгіме Төреғалидың бұл трафареттен шығып бұл түрді трафаретке айналдырмай тың өнер тудыруында. Классикамен тереңнен табысқанымен сөз – сезім шынайылығында даралана алуында. Халықтық мән-мазмұнға ие болуында. Қазақ сөз өнерінің қуаты мен табиғатын сақтап қалуында. Мағжандық мұң бүгінге жат па?! Жүз – мыңжылдықтарды болжайтын қазақ ақыны табиғаты болар. Бізге бүгін баға жетпес байлық саналуы тиісті. Осыны тереңнен ұғынған ақын:
Байлап батқан сор ұшына,
Қайра алмай бағымды енді,
Айдан аттар арман жастық
Жайдақ аттың жалында өлді.
– десе, элегия өресін үзіп, жоқтау жанрын жаңғыртқандай екен. Абыздар орнын жоқтатпаған Мағжан «... Қорқытқа ерсем, Қорқыттай жанды жаспен жуа білсем» образын абыз ақынмен қоса аттық. Бүгіннің саналы ақыны осы түйсікті тірілткендей.
Жүректе шер қала ма,
Сағымдай ерсем.
Осынау сары далаға
Сағынбай көр сен!
Сәл шықсам
Іздейді далам,
О далам, сенен
Үміт үзбейді балаң.
Осы «сары дала» образы еді ғой қазақ жаны – Мағжан поэзиясының арқауы. Советтік кезең бөлшектеген бүтін қазақ поэзиясын бүгін әлгі жолдар бүтіндеп отырғандай. Төреғалиға дейінгі Жұмекен («қоңыр»), Қадыр («боз») эпитеттерімен алмасса, Төреғали сол Мағжан қолданған «сары дала» – трагедиялық халде жасқанбай бейнелейді. Сондықтан ол:
Бетке алдым
Қағбасын өлеңнің!
«Жеткізер деме – бұл жүріс қалай?!»
Жете алмасам,
жолда өлермін.
– дейді. Өнер – құрбандық. Әлде бұл – ақжарма арман! Міне, ақын – өлең «енесін» осылай қапысыз табады.
Жалғыздың мұңы – байғыздың үні
Жанынды бір сәт қалтыратқандай.
– бүгіннің – тарихтың тылсымына енгізеді.