Талғамы биік кескіндемеші

Талғамы биік кескіндемеші
жеке
блог


Талғамы биік кескіндемеші

         «Астана» ұлттық сурет галереясында» 15 қыркүйек күні суретші-кескіндемеші, дизайнер Гүлмира Нұрашқызы (Жолаева) Сұлтанбекованың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне арналған «Жан иірімдері» атты жеке көрмесі өтті.

         Көрмені «Астана» ұлттық сурет галереясының директоры, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, белгілі өнертанушы Асылхан Жұмабайұлы Садуов кіріспе сөзбен ашып, суретшінің сурет саласындағы еңбектеріне тоқталып, графика мен дизайн саласындағы болашақ туындыларына ақ жол тіледі.

 

Гүлмира Сұлтанбекова Қарағанды облысында дүниеге келген. 2005 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін «Киім дизайны» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2013 жылы оқуын Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Сценография» мамандығының магистратурасында жетілдірді. Халықаралық және республикалық фестивальдер мен көрмелерге қатысып, марапаттарға ие болды. Осындай жұмыстарының нәтижесінде Қазақстан Республикасы Дизайнерлер одағының мүшелігіне өтті.

 

 

Сөз алған ұстаздарының пікірінше, галереялар мен сурет мектептерінде балалармен жұмыс жасаудың арқасында алған үлкен тәжірибесі, мұғалімдік қызметі суретшінің түстерге деген жақсы талғамын қалыптастырып, кәсіби шеберлігін арттырған. Оның жасаған жұмыстары әрқашан алуан түрлі негізге құрылған. Мұнымен ол көптеген өнер сүйер қауымның назарын аударып үлгерді. Көрмеге суретшінің ұлттық нақышта әсемделген киім коллекциялары қойылды. Мата бетіне жатық түсірілген алуан түрлі сызбалары нәзіктік пен сабырлықты үйлестіріп тұрғандай әсер қалдырады. Гүлмираның айтуынша, оның әрбір туындысы көңіл күйімен астасып жататынын білдірді. Менің көңілім құлазығанда немесе шаттанып қуанғанда әртүрлі суреттер туындайды. Яғни, мен сызбалар сызамын, ол бейнеге айналады, сол бейнелер менің көңіл күйімді суреттейді, - дейді.   

  

Расында да, суретші туындыларындағы сызбалардан көзге түртетіндей ұнамсыз түстер байқалмайды.             

Көрменің «Жан иірімдері» деп аталуының себебіне тоқталатын болсақ, автор матаның пластикасы мен түстердің гармониясы арқылы өз жанының иірімдерін айшықты етіп көрсеткісі келген. Гүлмира өз сөзінде, бұл көрмені мен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнадым. Әдетте, біз, өнер адамдары жасаған дүниемізді көрсетуге ұяламыз. Алайда бүгін «Астана» Ұлттық сурет галереясы» берген мүмкіндікті пайдаланып, жеке көрмемді ұйымдастырып отырмын. Бұл көрме менің өнер жолымның тек басы ғана деп білемін. Болашақта жұмыстарым мұнан да қызық, әрі ерекше болады, - деп сендірді.

 

 

 

         Көрменің ашылу салтанатынан кейін суретші шығармашылық тәжірибесімен бөлісіп, өнер сүйер қауымға өзінің шеберлік дәрісін өткізді.

Кесте тігу өнері қазақ халқының көне өнерінің бірі. Алайда жас суретші, дизайнерлердің қазіргі заман талабына сай екшелеп жаңғыртуының негізінде жаңа түр-мазмұнға ие болуда. Он саусағынан өнер тамған кесте тігіп, ою ойып, киіз басқан аналарымыздың ізбасар қыздары барда қазақ өнері арқашан шарықтай бермек.   

 

 

 

                                                                      «Астана» ұлттық сурет галереясы»

                                                                       ғылыми қызметкері

                                                                       Елемесова Дәмежан Байдоллақызы