Шынайы талантты тану, бөлек дарын иесін дер кезінде бағалау қиын іс. Ол адамдар үшін өнер де бір, өмір де бір. Таланттар – өнерді өмірдің бір бөлшегі ретінде емес, өмірді өнердің бір бөлшегі ретінде көреді. Иә, тарих беттерінен ғазалдай шерлі ғасырлар мен дүлей дәуірлердің дауылы өшіре алмаған туындыларды таланттар тудырғаны даусыз. Бірақ, заңғар таланттар заманында бағаланып, заматында еленбей жатады. Талантты адамдардың барлығы таланып, тоналып, тарығып, түптің-түбінде жарылып кетуі тиіс пе ? Өзгеше жаратылған адамдардың барлығы заманнан запы болып, адамнан зықысы шығуы міндет пе ? Жоқ ! Соңғы сөйлемдердің әлем елдеріне түкте қатысы жоқ ! Қазаққа ғана қатысы бар секілді... Әлқисса.
Дамыған әлем елдері талантты адамдарды танып қана қоймайды – таланттың тереңіне үңіледі, көкірек көзесіне көз салады. Талантты адамның туындысы арқылы танымын арттырады, талғам қалыптастырады. Ал, бізде қалай ? Біз – «Ауылдағының – аузы сасық» деп мәтел шығарып, «Алтынның қолда барда қадірі жоқ!» деп өзімізді жұбатып келеміз. Бұл туралы Әбілфайыз Ыдырысов «Таланттарды қастерлеу – ұлттық рухты, намысты қастерлеу» атты жазбасында: «Ой, ол өзіміздің «пәленше ғой!» - деп місе тұтпаймыз. Көзге ілмейміз. Сонсын, ондай асыл тұлғаларымыз өмірден өткенде барып: «Ой, бауырымдап!», «Ах!»-ұрған, жылаған, сықтаған боламыз ! Сөйтіп, жақсымызды, көбіне, өлгесін барып қана «көреміз!». Сонсын барып сол өз мінімізді кеш түсініп: «Алтынның қолда барда қадірі жоқ ! Кеткенсін қолдан шығып өкіндім-ай» - деп, сан ұрған боламыз ! Мұнымыз: «Жау кеткесін қылышыңды тасқа шаптың!» кері. Кеш !» -, дейді. Расында да, «мал бағып, мақал шығарып жүргенде көп жаңалықтан көз жазып қалыппыз». Өзге елдер өз ұлының абыройын аспандатып, мәртебесін көкке жеткізген уақытта біз қаншама есіл ерлерімізді ебіл-дебіл жылаттық, қаншама қарымды ұлдарымыздың артынан қаңқу сөз айттық ? Есеп жоқ ! Абайды сабаған қазақ кімнен тартынады, кімнен жасқанады дейсіз ? Асылы, ең мықты халық – жады мықты халық. Қазақ – ұмытшақ. Әйтпесе, заманның запыран оқиғасынан сабақ алып, дәуір-ұстаздың қасіретті мысалынан түйірдей мағына түйсінуге болмас па ?!.. Жазушы Асқар Сүлейменов «Абайдың қазағынан қара үзіп кеткен қазақ жоқтың қасы» дейді. Рас, Абай айтқан кемшіліктер мен қателіктер бойымызда тұнып тұр. Осы кемшіліктердің ең қатерлі де, қауіптісі – енжарлық, бойкүйездік. Бұл туралы Әбілфайыз Ыдырысов «Ресей бодандығын бастан кешіп, соның «үйретуімен» халқымыз өз бойына өз ырқынан тыс әлгіндей «жаңа» дағдылар «қалыптастырды». Ол дағдыларға қанау, таптау, езу, бас көтертпеу әсерінен «пайда болған» енжарлық, бойкүйездік, немкеттілік, босбелбеулік, керенаулық, жалқаулық, «не болса, ол болсын!» - деп қолды бір сілтеу, тағы сол сияқты «дағдылар» және кеп қосылды» -, дейді. Иә, біз талантты талант ретінде емес, адам ретінде де қастерлеп, қадірлей алмадық. Есеп пиғыл мен есек дәменің кесірінен есімі тарих бетінде қатталып, аты аңызға айналған тұлғалардың да кемшің мінезін, жаман қасиетін таптық. Қасаң қағидаларды қиратқан қайраткерлерді даттадық, қаңқу сөз айттық. Сорақысы – еткен еңбекке, төккен терге енжарлық таныттық. Бұл – талант үшін ең қасіретті жаза !..
II
Қазақстанда талант өлген адамнан шықпаса, тіріден шықпайды
(С) Өтежан Нұрғалиев
Шын талантты адамдардың тағдыр жолы ұқсас, соқпағы әртүрлі болады. Талантқа тас атып, табанға таптау қай заманда да, қай уақытта да орын алған жағдай. Танымы мен түйсігі терең таланттар бұл жағдайдан шабыт алып, шынайы өнер тудыруы мүмкін. Қаңқу сөз – талантты өсіре де, өшіре де алады. Бұл – адамның өзіне, ішкі сезіміне байланысты. Ал, талант үшін шын қасіретті, шын қорқынышты нәрсе – үнсіздік. Иә, Шопенгауерше айтсақ: «Талантты тентіретіп жіберудің таптырмас тәсілі әріптестерінің үнсіздігі, әдейі үнсіздік, қыжыл үнсіздік». Дөп сөз ! Үнсіздік, бойкүйезділік, немкеттілік, мән бермеу – енжарлықтың басты белгілері. Бұл туралы Таласбек Әсемқұлов «Қазақтың қаламгері, жазушы болсын, журналист я басқа болсын, ізденеді, тер төгіп жазады, жазғанын түрлі амалмен газетке, журналға басады, кітап қылып шығарады. Содан соң әлеуметке қарайды. Ал әлеумет... ләм-мим демейді. Қазақтың аспаны мақтадан жасалған сияқты. Дыбысты жұтып алады да, тұнжырап үнсіз тұра береді» -, дейді. Расында да, біздің «аспаны мақтадан жасалған» қазақ қоғамы талай тарланбоз таланттарды осылай тірідей өлтірді, дүлей дарын иелерін осылай тұншықтырды... Нағыз талантқа тірісінде лайықты бағасын беру, еңбегін елеу еліміздегі ең басты проблема ! Шын мәніндегі лайықты баға беру, еңбекті елеу дегеніміз не ? Бұл мәселе хақында Әбілфайыз Ыдырысов «Біздің ел – бас тартқанға, шапан жапқанға, қонақасы бергенге мәз» деп пікір білдірген. Рас, талантты бағалау дегеніміз тойға шақырып, тай мінгізу емес – таланттың танымына бір адым болса да жақындау, өнерін түсіну. Талантты тысқа теуіп, елемеудің астарында шын өнерді түсінбеу, шын өнерді түйсінбеу жатыр. Иә, енжарлық философиясының түпкі мәні де – осы ! Таланттың өнерін түсінбеген адам мардымды пікір, келелі сөз айта алмайтыны ақиқат. Осы тұста көп адам үнсіз қалуды, пікір білдірмеуді жөн санайды. Енжарлық танытады.
Сынның сарапшы сардары Сағат Әшімбаев өз буынына байланысты «Біздің көп ақындарымыздың өлеңдері техникалық жағынан Абайдан артық соқпаса кем түспейді» -, деген пікір білдірген. Рас, Абай қазақтың бас ақыны, жазба поэзияның ең алғашқы өкілі. Дау жоқ ! Бірақ, бүгінгі таңда Абай айтқан мәселені қозғап, адамизаттық мүдде жолында күресіп жүрген ақындар көп қой. Біз осы ақындарды білмейміз. Білу үшін іздену керек, оқу керек, өлеңді түсіну керек. Бұл – әрекет. Адам артық әрекетке барып, бөтен іс істегісі келмейді. Енжарлықтың бір дерті шын өнерді түсінбеу болса, бір дерті адамның артық әрекетке, бөтен іске бармауы. Әлемде бір талантты адам туылса, міндетті түрде еңбекқор адам туылады. Еңбекқор адам ерекше болып көрінгісі келеді, талант болып танылғысы келеді. Бірақ, кемталант екені көзге ұрып тұрады. Иә, кемталант ! Шын талантты тұншықтыратын да осы кемталанттар !..
III
«Талантам надо помогать,
Бездарности пробьются сами!..»
(С) Владимир Шельске
Әбілфайыз Ыдырысов – шын өнерге шырылдап, шын дарынға жанашыр болған қаламгер. Талантты тану, талантқа тілек білдіру талай адамның қолынан келмейді. Әбілфайыз Ыдырысов ұстаздық қызметте тау тұлғаларды оқытып, көп азаматтарға көмектесті. Расында да, талантты адамдарға көмектесіп, жылы лебіз білдірген ләзім. Ал, кемталанттар өз межесіне өзі жетеді, өз биігіне өзі шығады. Қазақстан – тарланбоз таланттарды талатып, ерекше дарындарды сеңделтіп жіберген итінен өсегі қабаған ауыл секілді. Бұл ауылға биліктің білегін сүйген, атағы бар, сақалы жоқ ақсақалдар емес, Әбілфайыз Ыдырысов секілді адамды ажыратып, талантты танитын ақсақалдар керек. Бұл сөзімізге қаламгердің «Тұлғалар» кітабы мен Шәмші туралы жан толғаулары дәлел. Талантты тану үшін де талант керек!...