Сіз қандай ән тыңдайсыз?

Өзім сыртынан құрметтеп, үнемі оқып жүретін Сәкен Сыбанбай аға "Азаттыққа" берген сұхбатында жақсы дүниелерді айтыпты. Әсіресе, дәстүрлі өнерге қатысты:

"Бір қуаныштысы, "Қазақстан" ұлттық арнасында төрт айға созылған "Мен қазақпын" атты дәстүрлі өнерді дәріптейтін жаңа жоба жүрді. 3 мың үміткердің іріктелген 57-сі финалдық сында өнер көрсетті. Бағдарламаға барынша заманауи сипат беруге тырысып, шоу элементтерін қосып, қызықты ете түсуге біраз еңбек жұмсалған сияқты. Бастама жаман емес. Алайда бұл – ел ішіндегі жас таланттарды ашуға бағытталған байқау ғана ғой. Ол аяқталды, қорытындысы шықты, жеңімпаздар анықталды, сый-сияпатын алды. Енді не болады? Оның орнын қандай хабар басады? Жарайды, әрі қарай жалғассын-ақ. Бірақ "Мен қазақпын" жобасының жөні басқа. Бұған қоса, ұлттық ән-жырды насихаттайтын, оның кешегі өнегесін саралайтын, бүгінгі ахуалын бағамдап отыратын, болашағына көз жіберетін тұрақты бағдарлама керек-ақ", – дейді.

Өте дұрыс! Қолдаймын! Тіпті төл өнерімізге арналған бір арна ашылса, шіркін! Саны көп, сапасы жоқ әндерді бере беретін "Гәккуді" де көріп жүрміз ғой оның қасында. Әйтпесе, елдің бәрі сол "лақ дауысты" әншілерді жұлдыз көре беретін болды. Интернетті ашсаң да сол әнші, теледидарды қоссаң да сол әнші. Бірақ біз қаласақ та, қаламасақ та солардың дәурені жүріп тұр. Өткенде Сәуле апай (Жанпейісова) фэйсбукта шырылын жеткізді. Фонограмманы жою туралы Үкіметке хат жазсақ, фб-та қанша адам қолдар екен деп жазып еді, 200-ден астам адам бөлісті. Халық ақымақ емес, әрине. Қазір тыңдарманның, көрерменнің деңгейі өсті. Кімнің не айтып тұрғанын жақсы біледі.

Былтыр қала күніне орай "Алатау дәстүрлі өнер театрында" дәстүрлі өнерге арналған кеш өтті. Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова, Айгүл Қосанова, Ұлжан Байбосынова, Ардақ Исатаева, т.б. әншілер өнер көрсетті. Жиналған көрермендер сахнаға шыққан Рамазан ағадан, тағы біразынан "тағы бір ән, тағы біреу" деп қайталап сұрап отырды. Адам даңғырлаған музыкадан, қаптаған той әндерінен шаршағанда бір уақ дәстүрлі әндерді тыңдағысы келеді екен. Осы кісілер бұрынғы жұлдыздар еді. Шынымен жұлдыз. Амал жоқ, "қазіргі", "бұрынғы" деп бөлетін болдық. Уақыттың өтуімен, талғамның да өзгеретінін жоққа шығармаймыз. Қазір нені тыңдағысы келетінін өзі білмейтін (бәлкім қателесем) жаңа ұрпақ келді. Бұрын "жұлдыз" көретін әншілер қазір онша қызық болмай қалды. Қазіргілердің де 2-3 жылдан кейін шалығы басылатын шығар, кім білсін. Бүгінгі әндердің сипаты қандай сіздіңше? Еш талғамыңды өсірмейді, жан дүниеңді байытпайды. Тек билегің келе береді, болды. Сонымен қатар сыңсыған жылаңқы, баянсыз махаббат туралы әндер. Осы тақырыптағы айналдырған 5-6 сюжет. Олар: жолықтыру, бір көргеннен ұнатып қалу, қосыла алмау, жоғалту, ренжітіп алу, іздеу, таба алмау, орта жолдан үшінші адамның пайда болуы, қызғану, т.б. Жас әншілер неге баянсыз сезімді айтуға құмар? Әлде сол арқылы адамның сезім пернелерін дөп басып, жүрегіне жол табуға болады деп ойлай ма екен? Ерлан аға (Жүніс) айтқандай қазіргілер мұңға батқан жүрекке қызмет етуге ұмтылады. Адамның көңілін көтеруге емес, одан сайын мұңайтуға бейім. Сол мақаладан ("Қазақ эстрадасына жаңа тақырып қажет" Е.Ж) мысал келтіре кетейін:

"Біздің табиғатымызда өзгенің уайым-қайғысын аса жоғары сезінушілік бар. Ұлттық сезімталдылық жақсы дамыған. Өзгенің мұңынан өз мұңыңды тану бар. Жас орындаушылар қазіргі тілмен айтқанда, «хит» ән жасағысы келеді. Бір қызығы, сол «хит» болатын әндердің көбі махаббат трагедиясы. Мұны көпшілігі меңгерген. Аяушылық сезімін тудыратын әндерді тыңдарман ерекше қабылдайтынын ұғыну - сол сезімді тудыру арқылы танымалдылыққа алып келетін жол екенін меңгеру бар. Осы элегия көрер көзге байқала бермегенімен, жастардың психологиясын, махаббат жайлы түсінігін, сезінуі мен түйсінуін қалыптастырып отыр. Былайша айтқанда, ішкі еліктеуге мәжбүр етеді. Сезім мәселесінде ол ән сюжетіндегі трагизмді, мұң тарихын қайталауға бейімделе бастайды. Яғни ол сезіну қыз бен жігіт арасындағы қарым-қатынастың кульминациясы, классикалық үлгісі ретінде көрінеді. Поэзиядағы мұң, уайым - әдеби құбылыс, ал бүгінгі ән мәтіндеріндегі қайғылану - тыңдарман сезімімен ойнау, әлеуметтік утопия. Бұл неден туындайды? Саздың және мәтіннің орындаушы даусының диапазонына және моральдық-адамгершілік келбетіне қарай жазылмаудан".

Былайша айтқанда "хит" жасауға ұмтылу. Содан бүгін тыңдап, ертең ұмытып қалатын, көңілдің қытығын ғана басатын ғұмырсыз әндер пайда болады. Ән қоржыныңда 100-ден астам ән бар деп мақтанбай, сол 100 ән қандай ән деген сұраққа жауап іздеген әлдеқайда дұрысырақ жас әншіге.

Айта берсек, айтылатын әңгіме көп. Мен біреуге былай деп баға беретін адам емеспін. Қарапайым тыңдарман ретіндегі ойым – маған жан дүниемді байытатын туындылар керек. Жылап-жылап шаршадық, шыны керек. Бір нәрсені езе берсең, одан да береке кетеді. Бір уақыт келеді әлі. Халық та шоу-жұлдыздардан шаршайды. Шаршап та жүр. Бірақ, бір нәрсені ескерген жөн. Елге не ұсынсаң, соны жұтатыны өтірік емес. Сондықтан осыны бір ретке келтіру керек сияқты.



Бөлісу: