Студенттік шақты қалай дұрыс өткізуге болады?

Студенттік шақты қалай дұрыс өткізуге болады?
жеке
блог

Мектеп бітірген әрбір жас түлектің арманы-өзінің қалаған мамандығына оқуға түсіп, студент атану. Отбасынан жырақта жүріп, үлкен өмірге қадам басу бәріне бірдей оңай емес. Өзге қала, өзге орта, өзге адамдар, өзге көшелер...Бұның бәріне үйреніп кету баста қиын соғуы мүмкін. Алайда, өміріңнің жаңа парақтары дәл осы жерден басталады. Ендеше менен саған ұсынар кеңестер кәдеңе жарап қалар! 

1.Оқу, оқу және оқу!

Иә, білемін бұл сөздерді 11 жыл мектеп қабырғасынан естіп келе жатсың. «Болды, мектепті аяқтадым. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» деп еркінсіп кетудің керегі жоқ. Студенттің басты міндеті жоғары білім жинау. Лекциялардан қалмай, құлақ түріп тыңда. Өзің армандаған маман иесі болғың келсе, көпті көрген профессор, ұстаздардан ілім ал. Ең құрығанда, бір лекциядан болашақ маман болуың үшін қажетті бір сөйлемді есіңе сақтап алсаң да жеткілікті. Тек университет білімімен шектелмей, қосымша өзіңе қажетті дағдыларды үйренуге тырыс.

2.Денсаулық-зор байлық!

Үйіңдегідей бар дәмді тамақты аузыңа тосып отырар анаң немесе әжең қасыңда емес. Денсаулық өзіңе ғана аманат екені есіңде болсын. Сабақ, достар, қыдыру деп жүріп дұрыс тамақтануға мән бермеуің мүмкін. Қарның ашып, ішегің шұрылдағанда қолыңа түскен самса немесе сэндвичті, газды сусынмен ішіп жүргенде шығарсың. Жаңа дайындалған тағам орнына фастфудты жеуді әдетке айналдырма. Рационыңда жеміс-жидек, көкөністер, ағзаңа қажетті дәрумендер орын тапсын. Күнделікті кемі 2 литр суды ішуді ұмытпа. Зиянды әдеттерден аулақ бол. Денсаулық өзіңе ғана аманат екені есіңде болсын.

3.Уақыт-алтыннан да қымбат

Адамда бар ең құнды дүние-оның уақыты. Қазір миллиондаған адамдар уақыттарын текке құртып жатыр. Олар теледидар, құмар ойындары, компьютерлік ойындар, түнгі клубтар және қазіргі таңда 12 мүшенің бір-бөлігі болып кеткен ол-ұялы телефон. Әлеуметтік желілер, оның ішіндегі инстаграмдағы саны бар сапасы жоқ блогерлер, тик токтағы жылтыраған видеоларды қарап ақ бірнеше сағат уақытыңның қалай тез өтіп кеткенін байқамайда қаласың.

Сондықтан, Алладан берілген ең үлкен сый уақтыңды құр босқа кетірме. Пайдасыз әңгіме, өсек-өтірік сені шыңға шығармайды. Әр күніңді жоспарла. Жоспармен өткен әрбір күн сені арман-мақсаттарыңа жетелейді.

4. Оқудан бөлек әлем

Аптаның бес күнінде оқудан шаршап, өмірің қызықсыз болып кететін кездер болады. Осындай кездерде табиғатпен дос болып, тауға шығып бойыңды сергітіп, энергияңды, ойыңды тазалап ал. Апта сайын театрға барып тұр. Қаланың көрікті жерлерін музейлер, әртүрлі ғимараттар, саябақтарды тамашалаудан шаршама. Жаңа таныстықтарға ашық бол. Достарыңмен қызықты, есте қаларлықтай уақыт өткізуге тырыс. Сен әлемді сүй, әлем сені сүйсін. 

5.Ерке шағыңның ең соңғы кезеңі

Студенттік 4 жыл ғұмырың зымырап өте шығары анық. Тек, осы жылдарыңды тек өзіңе арна. Оқу, тұлғалық даму, жан-жақты болу бәрі осы кездерде қалыптасады. Тіл үйрен, саяхатта, еркін бол. Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен. Егде жасқа келгенде жастық шағыңды әдемі, жылы естеліктермен есіңе алғанға не жетсін. Ең тәтті жылдар, ең жылдам жылдар тек сен үшін қызмет етсін!