Студенттік кез - қызық қуатын уақыт па әлде оқу оқитын уақыт па???

Студенттік кез - қызық қуатын уақыт па әлде оқу оқитын уақыт па???
жеке
блог

"Студенттік шақ - адам өміріндегі ең қызықты кезеңдердің бірі"  ,- дейді біреу. Бәлкім, қызық та шығар. Біреулер үшін "қызық" дегеніміз - таңнан кешке дейін қыдыру немесе лекцияларда ұйықтау. Олар үшін бұл - қалыпты жағдай және студенттік дәурен осынысымен қызықты деп ойлайды. Кей жандар үшін кітапхана табалдырықтарын тоздырып, бәлеңбай парақ лекция жазу - студенттік кездің нағыз қызығы. Бұл шақты енді бір жандар еркіндік дәуірі деп қабылдайды. "Әй",- дейтін әже, "қой",- дейтін қожа жоқ. Білгенін істеп, тансық нәрселердің дәмін татқысы келеді. "Өмірде бәрін байқап көру керек",- деген жандар ойланбай от басып жатады. Дұрыс-ақ, бәрін айқап көру керек. Алайда, бәрін ақылмен істеу керек екендігін неге еске аламаймыз?!

Алла адам еншісіне 24 сағат тарту етті. Тағы да, біреу үшін көп, енді біреу үшін тым аз. Студенттік жылдардың сағатын қызық қуып өткізудің қажеті жоқ-ау, сірә. Кітап парақтарын кемірудің де пайдасы аз ба деп ойлаймын , кейде. Бірақ, студенттік кез - нағыз ілім мен білім алатын, тәжірбие жинайтын, үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын кезең деп ойлаймын! Бұл уақыт - біздің таңдаған саламыздың негізгі іргетасын қалайтын уақыт! Сондықтан да, 24 сағаттың жартысынан көбін оқуға жұмсасақ, ешкім ренжи қоймас..!

"Менің студенттік жылдарым - менің жастық шағымның куәсі" , - деп ойлайтындар да бар. Келісемін. Ойна, күл, демал. Себебі, төрт жыл көзді ашып-жұмғанша зу етіп өте шығады. Кейін, түрлі-түрлі мәселелердің шеті шыға бастайды. Сонымен өзі, жалынды жастық шақ та бітеді...

Көріп тұрғандарыңыздай, таразының екі басы тең түсіп тұр. Былай тартсам арба сынады, былай тартсам өгіз өледінің кері. 

Алайда, білесіздер ме , кей адамдар былай ойлайды екен. Үнемі кітапты кеміріп, оқудың соңына түскендер - өмірде оқудан өзгеге қол жеткізбей, түк көрмей, шынайы бақыттың бағасына жетпейді деп! Ал, қызық қуатындар - бәрінен хабардар, бәрінің дәмін алғандар. Олар қай жерде не барын өте жақсы біледі және есеппен өмір сүреді. Нағыз сәттілік серік болатын жандар осылар!,- деп баға беретін көрінеді.

Қызық, иә. Ешкім ешкімнің алдына шығып көрген емес. Тіпті, сіз тұрмақ менің өзіме ертеңгі күнім жұмбақ. 

Студенттік дәуреннің қалай өтуі - ол өзімізге байланысты. Қызықты қайдан іздейтіндігіміз де тағы өзімізге келіп тіреледі. Меніңше, барлығына үлгеру керек. Бірақ та, оқуға уақыттың көп бөлігін арнағанымыз дұрыс сияқты.

Сіз қалай ойлайсыз, оқырман? Сіздің студенттік жылдарыңыз қалай өтіп жатыр? Бәріне үлгеріп жүрсіз бе???