Сөз бостандығы қашан берілмек?
блог
«Қай ұлттың баспасөзі мықты болса, сол ұлттың өзі де мықты»
Ахмет Байтұрсынұлы.
Қоғамымыздағы сөз бен шығармашылық еркіндікке конституциялық кепілдіктің берілуі бұқаралық ақпарат құралдарының шапшаң дамуына жол ашты, оған деген мемлекеттік монополияны жойды, жаңа бағыт, жаңа сарындағы БАҚ нарығын дүниеге әкелді. Нәтижесінде мемлекеттік БАҚ-пен қатар, оппозициялық, тәуелсіз және салалық сипаттағы БАҚ өзара бәсекелестікке түсті, журналистердің белсенділігі артты.
Міне, осындай жағдайда елімізде болып жатқан оқиғаларды шынайы жазу, ақиқатты айту, кәсіби міндетін адал атқару - журналистердің абыройлы борышы. Журналистер тәжірибесі мен біліміне сүйене отырып, өмірде болып жатқан құбылыстарға өз бағасын беруге, ақты - ақ, қараны - қара деп, оқырманға, қалың елге жол көрсетуге тиіс. Әрине, осы талап үдесінен көріну оңай емес, екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қоғамда шындықты бетке айтатындарды ұнатпайтындар да, олардан өш алғысы келетіндер де жоқ емес. Міне, сондықтан да журналистерді қудалау, тілшілердің заңды кәсіби қызметіне бөгет жасау, ақпаратқа қол жеткізуді шектеу әрекеттері әлі тиылмай келеді. Баспасөзді саяси ойындарға немесе қаржы-өнеркәсіп топтарының өзара текетіресіне тарту әрекеттері де елімізде өркениетті ақпараттық кеңістік қалыптастыруға кері әсер етуде. Осындай әрекеттердің салдарынан Қазақстанда да журналистиканың қауіпті мамандыққа айналып бара жатқаны жасырын сыр емес. Соңғы он жылда ғана елімізде түрлі себептермен қырыққа жуық журналистің қаза болғаны бізде журналистердің құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау жағы ақсап жатқанын, басқа мамандықтардың иелеріне қарағанда, олардың мемлекеттің қорғауына өте-мөте мұқтаж екенін көрсетеді.
БАҚ өкілдеріне кімнің де болсын тарапынан қысым көрсетілмеуге тиіс. Сыртқы күштер журналистерге өздерінің кәсіби міндеттерін адал атқаруларына жағдай жасаулары, шындықты айтуға, ізденуге, ақпаратты табуға мүмкіндік берулері керек.
Мемлекет қоғамдық міндетін адал атқарып жүрген журналистердің еңбегін ұдайы назарда ұстап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Олардың қызметінің қоғамдық маңызын ескере отырып, қалам иелерін түрлі қауіп-қатерлерден батылырақ қорғау, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргендерді қатаң жазалау қажет. Демек, журналистерге айрықша мәртебе беретін мезгіл жетті.
Бектурова Фариза, Тұран Университетінің
«Журналистика» факультетінің 2-курс студенті.