Сөйлесу әдебі

Сөйлесу әдебі
жеке
блог

  Достар, біз күнделікті өмірде қалай сөйлейміз? Паразит сөздерден құтыламын деп мақсат қойғанмен, тіл тазалығын сақтай алмай жүрміз, солай ма? Біздің сөйлеу тіліміздегі басты кемшіліктер қандай екенін білесіңдер ме?! Ойланып көрмеппіз, солай ма? Олай болса, мен айтайын. Жастар арасында жиі кездесетін тіл нормасын бұзушылықтарға дөрекі сөздер, яғни, дисфемизмдерді,  сленг сөздер мен жаргон сөздерді, кірме сөздер мен заманауи «сәнді» сөздерді жатқызамыз.

Дисфемизм – қалыпты  қолданылатын зат, құбылыс атауларын неғұрлым дөрекі, тұрпайы атаулармен ауыстырып айту. Дисфемизм кеміту, жаратпау мағынасында қолданылады және әдеби тілдің үлгісіне жатпайды. Ауызекі сөйлеу стилінде жиі қолданылады. Дисфемизмді ғылымда “какофемизм”деп те атайды. Қазіргі таңда біз жап-жақсы сөздерді де өзімізше түрлендіріп, дисфемизмге айналдырып аламыз. Мысалы, ботаник – биологияның өсімдіктер саласын зерттейтін ғалым. Оны “Ботан” деп қысқартып алып, “Оқымысты” деген келемеж мағынасында қолданамыз. Сондай-ақ, дисфемизмнен дисфемизм жасап аламыз. “Жынды” деген сөзге орыс тілінің  -ский жұрнағын жалғап алып, “жындыларский” дисфемизмін тудырған да біз. Осындай дисфемизмдердің қатарын маймыл, тауық милы, қырт дейтін жғымыз өздер толықтырып тұр. “Іріген ауыздан шіріген сөз шығады” демекші, достар, осындай дөрекі сөздер біздің мәдениетсіздігімізді танытады. Сондықтан, абай болайық! Бірақ, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған бұл “паразит” сөздерден арылу қиынға түспек. Дегенмен, сөздік қорымыздағы осындай сөздердің қатарын азайту шаралары мектеп қабырғасынан бастап тұрақты жүргізілсе, тіл тазалығы сақталар еді.