СИҚЫРШЫЛАР СҰРҚИЯ МА? ҚҰМАЛАҚШЫ МА, ЕМШІ МЕ?
блог
«Япыр-ай» дедім, бір танысым «телефон арқылы барлығын болжап беретін балшы бар» дегенде. Бірде қоғамдық көлікте әмияныммен қоса барлық құжаттарымды жоғалтып, сол балгерге сенушілікпен емес, қызығушылықпен жүгіндім. Қоңырау шалдым. Ұлты басқа ма деп ойладым, тілі шұбарланып: «Әуелі телефонға единица салу керек, әйтпесе, қол жүрмейді», - деді. Содан ерінбей барып, төлем қабылдайтын орындардың бірінен 500 бірлік салып, қайтадан хабарластым. Мән-жайды айтып бердім. Негізінде ол карта арқылы ашады екен, алайда маған телефон арқылы: «Үйіңнен шығып, бір жерге барыпсың. Содан кейін жоғалған. Біреу әкелсе әкеледі, болмаса оңай жолмен қайтарудың тәсілі шығып тұр», - деді. Мақұлдадым да, оған сеніп отыра бермей, құжат қамына кірісіп кеттім. Ешкім құжатты әкелген де жоқ, тіпті хабар-ошар да болмады. Бұл бір ғана жайт, одан кейін қаншама адамның осындай телефон арқылы болжайтын балгерлердің көмегіне жиі жүгінетінін білдім. Айтуынша, айтқандары айна-қатесіз орындалатын көрінеді. Ал менде... Айтпақшы, заманның қасқырлығы ма, әлде адамның түлкілігі ме, адамдарды арбап-алдауға түсіретін, басына дуа жасату секілді түрлі қара сиқырлармен айналысатындардың жұрнағы әлі де қалмапты. Қызметтің мұндай түрін іздесеңіз, жарнама газеттерден оп-оңай тауып та аласың. Облыстағы сондай белді де беделді басылымдардың бірінен мен де іздеп таптым. Жарнама бағандарының жоғарғы бөлігіндегі шағын қоршаудың ішінде адамның жағасын ұстататын қара сиқырдың түр-түрін жасап беретіні туралы жарнаманы қырағы көзім қалт жібермеді. «ТАРО: астропрогноз на жизнь. Корректировка судьбы по ладони, обряды на повышение благосостояния, карьера, бизнес по фэн-шую, сильнейшая магия «ВУДУ», возврат мужей, жесткий отворот от соперниц, врагов, снятие порчи, проклятие, сглаза, снятие венца безбрачия, обряды на продажу движимого и недвижимого имущества. Лечение травами» деген жарнаманың астында байланыс телефоны да көрсетілген. Осыны оқып болған соң, ең алдымен «магия» сөзінің анықтамасына тоқталғанды жөн көрдік. «Магия – сиқыршылық. Белгілі әрекетке және сөздерге кереметтей қасиет, күш беріп, дәріптеуші діннің ең алғашқы формасы». Яғни осындай күшке ие қара сиқыр жасаушының да, жасатушының да күнәға батары анық. Оқып отырғандарыңыздай, бұл құдіреттің иесі өмірге жорамал жасаудан бастап, қызметтегі өсу, жеке кәсіп, ең күшті сиқыр «ВУДУ», күйеуін қайтару, көңілдесінен, мықты бақталас пен дұшпаннан құтқару, дуадан арылту, қарғыс, көз тию, жылжитын және жылжымайтын мүлікті сатуға жол ашу және шөппен емдеуге дейін жасай алатын сиқыршылар бар екен. Осының ішіндегі ең қауіптісі әрі күштісі – «ВУДУ қуыршағы».
Ең бастысы, осы қара сиқырдың құдіретімен айналысатындардың тылсым дүниеден қорықпайтындығы. Ал тыныш, бейбіт деп әспеттеп жүрген өмірдің өзінде теріс жолмен түрлі қара сиқыр жасайтындар мен жасатушылар бар. Ал мұндай бал аштырудың өзі үлкен күнәға батыратыны онсыз да белгілі. Сонда көшеде құмалақ ашып отырғандардың да арасында безбүйректердің бар болғаны ма? Егер расында қолынан көп нәрсе келетін болса, өздері ол жерде неге отыр? Америкалықтарша айтқанда, «Ақылды болса, неге кедей?» демекші, бәрін білген адам осындай жерде отырар ма еді? Бала кезде қолдан жасалған қуыршақпен ойнаушы едік, ал қазір ол қуыршақ бізбен ойнайтын болғаны ғой.
Қара сиқыр жасаушымен де бір ауыз тілдестік... - Ало, саламатсыз ба? - Иә, иә, айта беріңіз, саламатсыз ба? - Жарнама бойынша хабарласып тұр едім... - Иә, айта беріңіз, не жасатқыңыз келеді? - «Кукла вуду» жасатайын деп едім... Ондайды қаншаға жасап бересіз? - А-а-а, девушка, телефонмен айтылмайды, кездесіп, келісу керек. - А-а-а, ақшам жете ме, сұрап білейін деп едім ғой. - Енді сөйлесіп, шамаңа қарай көреміз ғой, ол өте қиын шаруа. Келіп көрсей...