"Шығарға жол көрсетпесем де, сабырға шақырамын..."
блог
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты-күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы» - деп Абай атамыз жырлағандай, өлеңмен өзгешелену қиын. Таласқанмен, топты жарып, таңғалдыру тағы бар...
ОЛ КІСІ - талайдың бірі емес, таңдамасы. Оның өлеңдерінің бояуы бөлек. Оқырмандары Мұқағалидің жалғасы санайды. Сол үшін де әр жырын жаттап оқиды. Ғаламтормен ғаламды алмаса да, поэзия жанашырларының жүрегін алды. Біздің айтып отырғанымыз – өлеңімен өмірге құштар қылып, жырларымен жігер сыйлап жүрген Бек Жылқыбаев ағамыз.
1. Есіміңіздің ерекшелігіне тоқталсаңыз?
Есімімді әкем мен ағам қойған. Әкемнің есімі – Нұрбек, ағамның есімі – Бекзат. Әкемнің «Нұр»-ын, ағамның «Зат»-ын алып тастапты. Екеуі де бұл өмірден өтіп кетті.
2. Ақындық өнеріңіздің өрнегі өзгеше... Оқырмандарыңыз Мұқағали атамыздың жалғасына санайды.
Сөз зергері Иса Байзақов атамызға ақындық өнер ұйқыдағы кезінде қонған деген деректер айтылады. Сіз ақындыққа қалай келдіңіз?
Жылқыбайдың жүрегі...
Есімде әлі,
Қарасаздағы диірмен.
Су соққан барлық тастарды ұршық үйірген.
Есімде бәрі...
Жылқыбай қарттың үйі де,
Өзі де, диірмені де,
Аппақ тозаңға киінген.
Сақалы да аппақ,
Мұрты да аппақ,
Бәрі аппақ,
Мектептен шығып, жіңішке судан әрі аттап,
Жылқыбай қартқа кететін еді жетімдер
Өзегі талып,
Аш лақтардай жалақтап.
Ортан жіліктей,
Темекісін қарт орайтын,
Орайтын-дағы, бір-бірлеп бізді санайтын,
Санайтын-дағы, қойнынан алып күлшесін
Тепе-тең бөліп,
Күрсініп, ұзақ қарайтын.
...Су диірменді,
Әкеткен мұнан кім едің?
Ауылға барсам, айналып орнын жүремін, жүремін.
Қайтейін енді,
Осында мәңгі сақтаса,
Артында қалған Жылқыбай қарттың жүрегі... (с) Мұқағали Мақатаев
Мұқағали Мақатаевтың атама арнаған өлеңі. Негізі ақиық ақын М.Мақатаев та атам, еліміз бір. Жалғасымын дейтіндей керемет дүние әлі жазбадым. Өзімді ақынмын деп санамаймын. «Ақын» деген атты халық береді. Мен сияқты бір-екі өлең жазып шыққандар өзін ақынмын
деп айтуға қақысы жоқ.
3. Шығармашылығыңыздың шыңы деп баға беретін туындыңыз?
Ұра берсең,
Ұлың сенің – жасқанады,
Жасқаншақты – басынады басқалары.
Қол көтермей – тәрбиелесең ақыл айтып,
Ақылымен, ертең елді – басқарады.
Ала білсін, өмірінен бар тынысты,
Үйрете түс:
Сабыр, шыдам, талпынысты.
Ең бастысы – иманына көңіл бөлгін,
Өссін десең, өз ұрпағың жарқын, күшті...
Еңбегімен, жүрсін ұлың баға алып,
Ақыл-оймен, өзгелерден дараланып.
Көтерілсе өзіндейді бағалайды,
Отырмайды: пара беріп, пара алып...
Иә, өзім шығарған осы өлеңімнің асты-үстіне Бауыржан Момышұлы жазған деп қойыпты. Шығармашылық шыңым дей алмаймын, бірақ қуандым. Бір шетінен ұялдым. Жастарымыз кітаптардың беттерін ашпайды, Бауыржан Момышұлы атамыздың өмірімен, шығармашылығымен таныс емес. Оқымайды, қызықпайды.
4. «Білім оқумен келгенмен, даналық тәжірбиемен келеді». Ал тәжірбиенің ең үлкені - таяқ жеу дейді. Өмірден таяқ жеген кездеріңіз..?
Көп қой, ең өкініштісі сол: таяқ жеген соң барып басымызға жетеді.
5. Ақындық шығармашылығыңызда жеткен жетістігіңіз. Өлеңіңіздің сізге берген қандай жемісі болды?
Айтыскер емеспін, анаған-мынаған мақтау, арнау арнамаған екенмін, жағымпазданатын адам емеспін. Жетістігім жоқ, жеміс үшін жазбаймын.
6. Қазір қандай салада жұмыс атқарасыз. Болашақта сізді қай саладан көре аламыз?
Қазіргі жұмысымның да өлеңге түк те қатысы жоқ. Болашағымды бір АЛЛА біледі.
7. «Көңіліне қырау қатып, ерімеген,
Оуу, балақай,
Кел ойнашы меніменен.
Тапсырмамды орындасаң ойындағы,
Тынышүйің күтіп тұр сені деген.
Оуу, балақай,
Кел ойнашы, меніменен»- деп жырлаған екенсіз. Балалық шағыңыздың бал күндеріне шолу жасап, әдемі естеліктеріңізді еске алып бізбен бөліссеңіз?
Балалық шағым ел қатарлы өте қызықты өтті. Қазіргі заманның балаларына қарағанда біздің балалық шағымыз ерекше. Таң атқаннан кеш батқанға дейін ойын. Көшеден үйге кірмейтінбіз. Ал, қазір керісінше үйден көшеге шықпайды. Сол үшін ішім ашиды.
8. Ақынның қаруы – өлеңі. Өмірлік өлшемі бар өлең жазу үшін шабытты неден аласыз? Әр туындыңыздың тағдырлы тарихы бар ма?
Шабыт өзі келеді. Өлеңдерді кейде өзімді жұбату үшін жазамын. Кейде оқырманның сұранысы бойынша.
Негізі мотивацияға көп көңіл бөлемін.
10.Өлеңдеріңіздің өрнегін сүйіп, өмірлеріне азық қылып жүрген оқырмандарыңызға айтар жылы лебізіңіз?
Әр адамның тағдыры, өмірге деген көзқарасы әртүрлі. Интернетте өскен бала мен үйде өскен баланың да ойы екітүрлі болады. Өлеңді әркім өзінше қабылдап, өзіне керегін алады. Оқырмандарыма тек сәттілік тілеймін. Ешқашан қиындыққа мойымай, сындарға сынбай, сабырлы жүрсе екен деймін. Маған көп адам хабарласады, өзінің жағдайын, тұрмыс-тіршілігін айтады. Мен шығарға жол көрсетпесем де сабырға шақырамын. Рақмет сіздерге, оқырмандарым.
Сұқбаттасқаныңыз үшін рақмет! Ойлы өлеңдеріңіз оқырмандарыңыздың жүрегінен орын ала берсін!