Адам бойында сезімдердің түр-түрі кездеседі. Жақсы көру, жақтырмау, қынжылу, қамығу, налу, тұңжырау тағысын тағы. Ал егер көңіл-күйдің ахуалы әр түрлі болса... Мәселен көңілің қалу, өз-өзінен мұнаю, текке ренжи беру сияқтылардың шектік деңгейі түңілуге әкеліп соғуы, әбден, мүмкін.
Көбіміз соңғы аталғанына бейімделіп алғанымыз соншалық үнемі қабағымыздан қар жауып, оқшауланамыз да жүреміз. Сондағы жеткізгісі келгені: жолым болмады, жағдайым төмен, сүйгеніме қолым жетпейді, ешкімге керексізбін деген сияқты кейіп таныту деп ұғынамын. Жеке ой, жеке көзқарасқа салып айтқанда осы тектес. Әрине сау адамның да басында түрлі қиындықтар жетерлік. Соған сәйкес оның бәріне мойымауға тиіс.
Бақытты екенінді сезіну үшін шабытқа иек арт. Бұл өмір шабытқа толы. Аз десеңіз сіз үшін мотивация да жетерлік. Мәселен суреттегі кісіні орталық базар алдындағы аялдамада суретке тұсіріп алдым. Масқаралау, мазақ ету үшін емес, әрине! Өзін бақытсыз, шарасыз санайтын кейбіреулерге үлгі, құлшынысына ықпал етсін деген ниет қой. Олай дейтінім, орта жастан асқан бұл азаматтың бір аяғы жоқ. Екінші аяғы да онып тұрмаса керек. Неліктен екенін бір Алла біледі. Сосынғысы өзіне аян. Сонда да болсын екі тізесіне қорғаныш қаптама тігіп алған қалпы еңбектеп келеді. Алдыға қарай.
Қандай да болмасын мақсатпен. Мен де қуамын! Еріккеннен ел арасында адам баласы еңбектеп жүрмесе керек. Оған қоса ешкім естігісі келмейтін, аты жаман, "қайыршы" деген статусы болса түсінуге де болады. Бір жағынан талпынысына, жігеріне риза болмасқа тағы болмайды. Түсінгенге солай, әйтеуір. Мендегі түсінік таяз болмаса, жазып отырғаным қате бола қоймас деп үміттенемін. Тек айтайын дегенім біз ұмытып кете беретін шүкірлік пен қанағаттың маңайы.