Шоқан Уәлиханов- публицист

Шоқан Уәлиханов- публицист
жеке
блог

Мұхаммед Қанапия біз білетін Шоқанды- қазақтың көрнекті ғалымы, демократ ағартушы, тарихшы я шығыстанушы ретінде таниды көбі. Ал, осы Уәлихан немересі, Шыңғыстың ұлы Шоқанның публицист екенін білесіз бе?Дәл қазір, Шоқан Уәлихановтың осы қырын тереңнен түсіндіріп, туындыларына талдау жасай отыра жіліктеп жеткізбекпін.

Кез- келген ақпаратты ақпараққа түсіру, жай түсіру емес сүзгіден өткізе жеткізу ерен еңбек пен талмайтын табандылықты талап ететіні сөзсіз. Осы орайда, Шоқанның шоқтығы биік мақалаларының тізімі толассыз екенін айтқымыз келеді. Сол мақалалары жайлы қысқаша мағлұматты ғаламды шарламай, ғаламтордан іздеп оңай таба аласыз. Ал, тереңнен ұғынбаққа ниеттенсеңіз, біраз тер төгуіңізге тура келеді. Себебі, туындылар күніне үш миллиард сұрауға жауап табар гуглдан,«Темучин» табытын іздегендей табыла қоймайды.

Десе де, қалауын тапса қар жанатынын есте шығармаған жөн. Ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүруден бір сәтке бой жинап көрмекпін. Оның үстіне, әр істің басын бір қайырмай, нақты мақаланы алып, нақышына келтіре күйге келтіруді жөн көрдік.

Таңдауым «Сот реформалары туралы» мақаласына түсті.

Шекара асып, шет елге барған Шоқан Уәлихановтың демократиялық бағытта көзқарасының қалыптасуына ұстаздары мен өзі жақын араласқан қоғам зиялылары сеп болған. Жазбалары да осы үлгі тұтқан жандарына жақын. Бұған әр туындысы дәлелді дерек бола алады.

Енді, «Сот реформалары туралы» мақаласына тоқталсақ. Бұл мақаласы1867-1868 жылғы реформаның 1864 жылы жобасы жасалып жатқан кезде жазылған.

Мақала кіріспесінде реформа жайлы ой білдіруінің себебін нақтылап кетеді.

-Отаным үшін осындай маңызды өзгерістер жасалып жатуына байланысты өзімнің кейбір ойларымды, сот, әкімшілік реформасымен халықты ағарту iciнe байланысты жазбаларымда, -деп жазды ол,- қазақ халқының, жоғарғы бастығы ретінде жоғары мәртебелісіздің ғұзыпыңызға ұсынуды өзімнің міндетім деп білемін.

Артынша, патша өкіметі аумағында көшіп қонып жүрген халықтардың басым көпшілігінің діні, тілі, мәдениеті мен өркениеті жағынан Ресейге кереғар екендігіне тоқталып, барлығына бірдей басқару жүйесін еңгізгеннің еш пайдасы болмайтынын, бұның нағыз тұрпайылық екенін де басып айтты.

Сондай-ақ қазақ халқының арасында жоғары тап саналатын ақсүйектер мен ауқатты адамдарды халықтың жоғын жоқтаушы ретінде қарастыруға болмайтынын, бұл жандардың ойы қарапайым жұртпен ұштаспайтынын сөз етті. Бұны, ел арасында өткізген жиын жиналастардан байқаған. Аталмыш басқосуларда қара халықтың қатары сирек болған екен. Жағдай жасалмаған жұрт жайлаулары жырақта болса бас сұға алмайды, келгендерінің өзі сүт пісірім уақыттан кейін кері жолға шығып кеткен. Онымен қоса, би үстінен би тексереді деген ақылға қонымсыз қол бастауға қарсы болып, Шоқанның үйін қоршап кетпей қойыпты.

Шоқан осылардың барлығын ескеріп, мейлінше, тілінен тікен тайып, екі ауыз сөзбен ел тағдырын шешкен билер сотын сақтап қалуға тырысты. Оның үстіне Шоқан айтқаны өтпейтін, атқаны тимейтін ерлердің қатарынан емес-ті. Мәселені әріден көздейтін.

Осылай ол бұндай, қарама-қайшы көзқарастың халықтың надандығынан болып жатқанын, сол үшін ең алдымен басқару жүйесіне емес басым күшті ағартушылық жұмысқа жұмсау қажет екенін айтты. Көзі ашық, көкірегі ояу халық сонда ғана ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін өздері бағамдайды. Әйтпегенде, қазақтың болып жатқан жағдайларға атүсті қарағаны, реформалардың түпкілікті мақсатын түсінбей, тіпті ниеттен бегендері бұның жанына батқан. Ағартушылық жұмысты бәрінен бұрын қойғаны да содан. Бұл мәселе бүгінде өзетілігін жоғалпаған. Саясат маған не керек деп ат тонын ала қашады. Өзіндік ой қалыптастырудан қашып, артында арандатушылар арбауына ілігеді. Ағартушылық жұмыстары елімізде жүргізіліп жатыр, бірақ аңғал жұрт саны әлі азаймағаны барлығымызды алаңдатады.

Онымен қоса, орамды ойларын түрлі мысалдармен дәлелдей түседі. Бір халықты басқаруды, Шоқан, өсімдік өсірумен теңейді. Өсімдік өсірген кезде, алдымен оны зерттеп, содан кейін баптап, жағдайын жасап барып отырғызса, ел басқаруда дәл сондай екеніне тоқталды. Патша өкіметінің бағынышты халықтарын алдымен зерттеп алуын, тек сосын барып әрекетке көшуін сұрайды.

Қосымша даналар сөзін келтіріп, бұқараға билік берместен бұрын білімін бағамдап, саяси сана сезімін ғылыми тұрғыда тереңнен зерделе деуі де орынды. Бұны дәрігердің, ауру адам сырқатын ғана емес, себебін білгенде емі қонатынымен мысалдайды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, заманының заңғары Шоқан Уәлиханов- қазақ публицистикасының негізін салып, саналы көзқарас пен сауатты ой қалдырып кетті. «Сот реформалары туралы» мақаласы бұған анық дәлел.

 

Назерке Сыйлыбай,

Әл Фараби атындағы

қазақ ұлттық университетінің

студенті