Шәкірт жүрегінен жол тапқан ұстаз

Шәкірт жүрегінен жол тапқан ұстаз
жеке
блог

Ұстаздық- һас шеберлікті,кәсібилікті,адамгершілікті қажет ететін мамандық. Бір бойына осы қасиеттердің барлығын сіңірген жандар аз емес. Олар-ұрпақ тәрбиелеуде, жастарды білім нәрімен сусындатуда, ғибратты өмірге баулуда айшықты еңбек етеді. К.Д.Ушинский: Ұстаз- зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі сияқты,-деген.Сондықтан да, ұстаз болу-абыройды, ыстық ықылас пен ананың аппақ жүрегіндей кіршіксіз мейірімділікті талап етеді.

Жақсы ұстаз шәкірттерінің жүрегінің төрінен орын алады.Ол үшін ұстаз тарапынан мол табандылық керек. Кез-келген білім алушы ретінде менің де сүйікті ұстазым бар. Ол-Тұрлыбек ағай Мәмесейіт.

Тұрлыбек Мәмесейіт - 1949 жылы 17 ақпанда Хантәңірі қойнауындағы Текес өңірінде дүниеге келген. 1975 жылы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін бітірген. «Жетісу»газетінде, «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор, редакция меңгерушісі болып істеді. «Өнер» баспасында бас редактор, «Рауан» баспасында жетекші редактор болып қызмет атқарды. «Атамұра» корпорациясында редактор, Астанадағы «Елорда» баспасында Бас редактор болып қызмет істеген.

«Тоғысқан толқын», «Зерделілік айнасы», «Дидар» атты әдеби сын, «Беторамал», «Түсіме тау кіре ді», «Бесік пен несіп», «Плач охотника», «Әулие-шоқы», «Тектіні кегі», «Тау», «Қарқара көтерілісі», «Жасын түскен маусым» атты әңгімелер, хикаяттар мен повестер жинағының, «Таңжарық» романының авторы. Кейбір шығармалары қырғыз, түрікмен, орыс, қытай тілдеріне аударылды. «Тауда өскен ұл» повесі баспа комитеті мен «Жалын» баспасының жабық бәйгесінде сыйлыққа ие болған. «Егіз елдің әуейі», «Шерхан Мұртаза» атты зерттеу еңбектерінің авторы. Филология ғылымдарының кандидаты. Қазіргі күнде Тұрлыбек ағай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және Саясаттану факультетінде болашақ журналистер мен баспагерлерге сабақ береді. Ағай маман даярлауда өзіне артылған сенім мен үлкен жауапкершіліктің жүгін өзінің ізденіске толы еңбекқорлығының, білім-білігінің, жоғары талап қойғыш бір мінезділігінің, мамандығына деген құрметтің нәтижесінде атқара біледі. Қаншама шәкірттерді түлетіп, өмірге қанат қақтырды.Университеттегі жас мамандар да, студент-шәкірттер де білімділігі жағынан, байсалды парасаттылығы жағынан болсын Тұрлыбек ағайға ұқсағысы келеді. Сырт көзге қатал, өзінің пәнінен ғана емес, жалпы оқу тәрбие жұмысының бәрінен алда жүріп, озат, үздік болуларын қадағалап, соны талап ете білетін Тұрлыбек ағайдың жүрегі кең, мейірімді, дер кезінде ақыл кеңес бере алатын білгір ұстаз. Университетте ол кісіні сыйлап, құрметтемейтін адам жоқ шығар. Тұрлыбек ағай - әрдайым абырой беделге ие ұлағатты ұстаз.

 

Ағай- көптеген шәкірттерді қанатының астынан ұшырып,ұстаздықтың ұлы шыңын дәлелдеген жан. «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» демекші, Тұрлыбек ағайдың адалдығы,сабырлылығы бізге үлгі. Адамға рух пен жігер беретін,үлкен ойға жетелейтін сөздері де біздің өмірлік ұстанымымызға айналып кеткендей. Ұстазымыздың тәжірбиемен ұштасқан білімінің арқасында университетіміздің шәкірттері қалалық,облыстық,республикалық жарыстарды бағындырып жүр. Бұл ағайымыздың білімді екенін және еңбекқор ұрпақ тәрбиелеп жүргенін тағы бір дәлелдейді.

Ал, биыл ақпанның 17 күні Тұрлыбек ағай 70 жас мерейтойын атап өтпек! Ағайды барша шәкірттерінің атынан төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Сізге зор денсаулық, еңбегіңізге табыс, сарқылмас шабыт, жаңа бастамаларыңызға сәттілік тілейміз! Шәкірттеріңіз әрдайым ақ шұға үмітіңізді ақтап,ардақты есіміңізді асқақтата берсін!