Шаһкәрім Құдайбердіұлының философиясы, дүниетанымы сонау түркі дәуіріндегі ұлы ойшылдар Ю.Баласағұни, Ахмет Иассауй, Ахмет Иугнеки, бертін келе Абайдың ойларымен ұштасып, ұшырасып жатыр. Шаһкәрім өзінің көркемдік ой танымын арғы-бергідегі әдеби дәстүрлермен сабақтастырып, кешегіні бүгінгімен және ертеңгімен жалғастырып өткен біртуар ақын. Түркі дәуіріндегі шығармалармен сусындай отырып, Дін, Алла жолы арқылы өзінің пәлсапалық толғаныстарын жеткізе білген.
Қырықтан аса бергенде,
Ақылым қылды шерменде:
«Дінім қалай, жаным не,
Жоғалам ба өлгенде?
Əлемді кім жаратқан,
Осынша түрлеп, таратқан?
Көрінген сансыз планет,
Бірінен-бірін бөлген бе?
Ақырет деген немене,
Шыққан жан қайта келе ме,
Кіреме осы денеге,
Дəлелі қайсы сенгенде, — дей отырып өзінің «Үш анық» трактатында өзін толғандырған сұрақтарға жауап іздеп, әлем сырын, жан сырын зерттеуге тырысқан. Өмірдің мәні не? – деген сұрақпен ол көне ойшылдарға сонымен қоса жаңа дәуірдің діни және философиялық әдебиеттерінен ізденіп, өзінің философиялық ойының тереңдігін көрсетеді. Шәкәрім «Үш анықта» Ақиқат деген не? деген сұрақ қояды. Оған өзі «адам ақиқатты ақыл – ес көзімен көріп, қабылдауы керек. Ақиқат - әрбір адамның жанында болады не ол өзіндік өмір сүреді» - деп қорытынды жасайды. Жанның ең негізгі қажет ететіні – ұждан. «Адамның нысап, әділет, мейірім – үшеуін қосып, мұсылманша айтқанда, ұждан, совесть орысша айтқанда совесть бар» дейді. Шаһкәрім ар – ұждағы адамгершілік этикалық жағынан ғана емес, оны философиялық категория, әлем құрылымының негізгі болатын субстанция ретінде жоғары қарастырған. Ол адамның рухани өсуіне мықты тірек болатын үш анықты атайды:
Бірінші – мәңгі өзгерістегі Универсумда барлығына себепші жаратушы ие.
Екіншісі – бұл жаратушы барлық тірі мен тірі емеске жан береді, адам өлген соң, одан әрі тазарып, жоғарылайды, өздігінен өмір сүреді.
Үшіншісі – жанның жоғарылап, тазаруы үшін адам ұжданға сай арлы өмір сүруі керек. Шәкәрім адамдарды осыған шақырады. Жан бұл адамға ғана тəн емес, ол дүниедегі барлық заттарға тəн. Оларды жаратып тұрған жан дейді. Оның ойынша, «Жел мен су, тас, топырақ, шөп пен ағаш, ғаламда не бар болса бəрі жанды». Бірақ осы дүниедегілердің бəрінің жаны бірдей емес. Олар əр түрлі. Жанның əлдісі, əлсізі бар, ең күшті жан адамда. Жан туралы сұрақтың затшылдық ғылымда ескерусіз қалуы дүниеге дене көзімен қараудан деп білген.
Жан жолдан қосылды деп, пəн де дін де,
Ақылды байлап қойған соған мүлде.
Ең басты зат жаны бар ақылды зат,
Оны ойлаған адам жоқ осы күнде.
Бар нəрсе жоғалмайды, өзгереді,
Жан жоғалмас деп ойла, соны біл де.
Жан тəн жасар, тəн жанды жарата алмас,
Терең ойлап, сөзімді құлаққа іл де...
Шаһкәрімнің дүниетанымдық ой жүйесінде философиялық терең бағыт – бағдар байқалады. Алланы тану, болмысты бақылау, халық мұңын мұңдау, жақсылық пен жамандық, ақ пен қара, нәпсі мен ақыл секілді тақырыптар Шаһкәрім шығармашылының өзегі. Шəкəрім дүниетанымындағы негізгі мəселелердің бірі — ар ілімі.Ұят, ар тек адамға ғана қатысты. Ар-ұяты жоғалған адам — ол адам, бірақ ол адам надан адам танылған. «Ар-ұят», «ұждан» Шəкəрім бұл ұғымдарды адамзат өмірінде ерекше орын алып, екі дүниеге де керек іс деп қарастырған.
Жоқтық, барлық — жоғалмақ араласы,
Үш еріксіз болады мағынасы.
Нажағайдай жарқ етіп өшпек болса,
Өмірдің он тиындық жоқ бағасы.
Өмірдің өкінбейтін бар айласы,
Ол айла-қиянатсыз ой тазасы.
Мейірім, ынсап, əділет, адал еңбек,
Таза жүрек, тату дос — сол шарасы.
Шаһкəрімнің дүниетанымындағы өзекті мəселелердің бірі ел басқару жөнінде. Ол халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын мемлекеттік биліктегі лауазымды адамдардың еш уақытта азғындық пен бұзақылық жолға салынып, кетпеуін армандайды. Мемлекетті азғындық жолдан тазарту жəне орынсыз əрекеттердің қоғамда көбейіп кетпеуіне адамдарды ойландыратын мəселе. Шəкəрім мемлекеттік билік, ел басқару кез келген адамға кері əсерін тигізеді деп таныған. Билік адамға ерекше əсер ететін оның болымысын өзгертетін құбылыс ретінде танып, 40 жастан кейін өз болыстығын інісі Оспанға тапсырған.
Тамам жанды билемек
Жалғыз өзі сөйлемек.
Мұның түбі не болар,
Үмітің болды не демек?
Досты мықты қылмасың,
Дұшпаныңды қырмақсың.
Аяғында сенде бір
Кішірек құдай болмақсың.
Шаһкәрім өз шығармашылығымен Имандылық пен Алла жолын насихаттағай отырып халқымыздың даналық рухын танытқан.
Көрмесе де көзімді,
Білмесе де өзімді,
Кейінгі жастар кабылдар
Айтылған түзу сөзімді...
Шаһкәрімінің адам жайындағы түсінігі және оны көркемдеп суреттеу тәсілдері қазақ поэзиясына және дүниетанымында маңызды ықпалы болды. Жалпы адамтануда, «құдай тануда "ішкі әлем" жөнінде айтқан Шаһкәрім ойлары тек қана әдебиеттің ғана сыбағасына тиетін ұлес қана емес, сонымен қоса ұлттық санаға, ұлттың дамуына әсер ететін дәрежедегі идеялар. Рухани күштің орнын, қазақ мәдениетінің ерекшелігін танытқан ойшыл Шаһкәрім Құдайбердіұлы халқымыздың тарихында өшпес із қалдырған.
ҚазҰУ 1-курс магистранты Бекбол Жаннұр Бекболқызы
Жетекшісі: ҚазҰУ профессоры, доцент Жанатаев Данат Жанатайұлы