Сен жоғалғанда...

Күннің қай мезгілі болмасын  көкжиекке қараған сәтте  маған көрінбей тұрған жарты әлемді іздеймін. Ғылым тілі дәлелді ой айтса да ,мен үшін маған көрінбей жатқан дүние қашанда қызық. Сол жарты әлемді қаншалықты қызығушылықпен іздесем ,сені де солай  іздеймін. Таңертең  шығыстан  жарқырайтын жалғыз жұлдыз үркерді аспаннан көрмей қалғандағыдай сені де көрмесем  жүрегім тыншымайды. Біздің жақта жаз қашан болмасын  ыстық қой.Салқын ауа-райын  мүлде байқамайсың. Маған деген  махаббатың  жаздағы күн шуағындай мәңгілік , әрі ыстық екенін де  білемін. Мен сені ең биіктерге теңеймін,бірақ аспанға қарап есіміңді атаудан қатты қорқамын. Менің  әрбір іс–әрекетімде - сенің ізің, түйсігімде- сенің ізің,өмірімде -сенің ізің. Ол із өшсе,мен  бағытымнан адасып,жаңылып қалардаймын. Тек сен ғана ең ұлы сезімдерге лайықтысың. Әр таң сайын көзіңді ашып , сағатқа қарағаның мен үшін өте маңызды.Алып жер анаға сыймай кеткен кей  сәттерде де мен сенің құшағыңда  жан тыныштығын табамын. Бірақ менің  белгісіз уақыттан соң қос қолыммен қара топырақты  аялап,бетімді басқым келмейді. Мені осы қорқынышты ойлардан сенің жұбату сөздерің одан әрі қорқыта түседі.Әрбір тынысым үшін қарыздармын. Маған өмір сыйлағаның үшін рахмет,МАМА!



Бөлісу: