Сәуле
блог
Жанымның тыныштық қалап, жүрегіме жылулық жетіспеген мезеттерде сені іздеп дал болдым, сәуле. Сұрғылт тұман басқан ғұмырдың деміне демеу беретін де, сергелдеңге сүрінген жұмыр бастының көзіне үміт отын ұялататын сәуленің қасиеті неткен ғажап! Таң қалып, таңдайыңды еріксіз қағасың. Кейде арқамдағы алты қарыс жүкті күннің нәзік шашақты сәулелері өзіне лезде іліп әкетіп, жеңілдеп қалғандай сезінетінім қалай? Сәулесіз жүректің қарайып, безбүйрек жанға айналары айтпаса да түсінікті. Ақылдың нұрға көміліп, сәулеге малынар шағы да осы жұдырықтай жүректің құлан таза шағына дөп түсетіні қалай? Жақсыға жақсының үйір келетіні секілді, нұрлы жүрекке сәуленің де түсетіні ақиқат. Жамандықтың жалауы желбіреп, қоршаған ортаны лаңдап жатқанда сәуле қонған жүректің соған қарсы тұрып, жанын мұң кестелеп тұрса да, қаймықпай қарсы тұратынын нендей сөзбен жеткізе аламыз? Бәлки, оны жүректің төріне нұрлы сәулені ұялата білген көңіл ғана түйсінетіндей.
Қараңғыда бағыт таппай, кедір-бұдыры көп тар жолда адамға көмегі де сол сәулелі ақыл, құнды кеңес екен. Сәулесіз көзіңнің көруінен бұрын, айналаны тануың қиындары анық. Жақынның жақсылығын, дананың даралығын, ізгінің нұрлы ақылын, дос-туыстың қайталанбасы, ата-ананың айырбастай алмайтынымызды да ұқтыратын жүректегі сәуле емес пе? Неге біз осы сәуленің адамға аудай қажет екендігін біле тұра, көзімізге шалудан, санамызға қондырудан қорқамыз. Әлде ақжүрек адамның арамдық жайлаған жүректен қорқуынан көреміз бе? Адалдықтың ақ туын арқалап жүрген сәулелі жандардың бұл өмірде де адами миссиясын орындап, соңынан ізгі таңба, жақсы естеліктер қалдырары анық.
Хәкім Абайдың он жетінші қарасөзінде: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дегендей, ақылдың нұрға теңелуі бекер емес. Ақыл нұрдан бастау алады, нұрланған ақыл санаға орнығып барып өзіне сәулені тарта алады. Абайдың бұл сөзінен түптеп келгенде сәулені нұрмен байланыстырып, оны энергиямен үндестіреді. Жүрек, Ақыл, Қайрат бәрі де қуатқа (энергия) баланып тұр. Қуаттың бойында ыстықтық, жылулық, нұрлылық деген қасиеттер бар екендігі хақ.
Өмірімнің ақ пен қара жолағын тек сәулемен байланыстырғым келеді. Ертеңімді кеңістікті нұрға бөлеген, «қараңғылықтың пердесін» түріп тастапжарқын болашаққа жетелейтін сәулелі сәттермен толтырғым келеді. Ол үшін жүрек көзімді ашып, сана деген биік құндылықтың дәрежесін көтеруге міндеттімін. Даму атты даңғылдың төрт бұрышында сәулеге толтырып, бағыт-бағдарым айқын, алға қойған мақсатым нық болуы ләзім. Сәулесі өшпеген, жүрек нұры сөнбеген жандардың тізімінде болу басты мақсатымыз болғай...
ҚазҰУ журналистика 3 курс студенті Жуанқан Айтолқын
Жетекшісі: Н.Б. Рушанова, аға оқытушы