Сауатты редактор, сауатты қоғам кепілі!

   Еліміздің болашағы – бүгінгі шәкірт, ізденуші. Жас ұрпақты болашаққа жетелейтін білім мен тәрбие жолы екендігі талассыз. Ал олардың сапалы білім, дұрыс тәрбие алуы – ең басты құндылық. Жас ұрпақ тәрбиесінде ата–ана  мен  ұстаздардан кейінгі кітаптың алар орны ерекше. Ал сол ұлттық жауһарларымызды бүгінгі ұрпақтың жадына сіңіру мен насихаттау баспа саласына және мамандарына тікелей байланысты. Осы білім құралының сауатты құрастырылуы басты қағидаға айналуы керек.

   Қазіргі таңда мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультеті, «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасы, «баспа ісі» мамандығының  2-курс студентімін. Мамандыққа қатысты бірнеше пәндерді игеру үстіндемін. Мен болашақ баспа саласының маманы ретінде мамандығымды жетік меңгеру мен келешек ұрпақ үшін сауатты оқулықтарды құрастыру басты міндетім деп санаған студентпін. Баспа ісі рухани құндылықты насихаттаушы, жария етуші. Сол рухани құндылықты насихаттауда сауаттылық пен ынта-ыждахатты, біліктілік пен білімді бірінші орынға қою керек деп санаймын. Осы тұста тақырыпқа арқау болған басты мәселе сауаттылыққа келіп тірелгесін бұны ары қарай өрбіту қажет деп санадым. Жалпы, «Редакциялау» пәні бойынша сабақ барысында ұстазымыз Назкен Жансерікқызының тапсыруымен біз «студент редактор»  атын иемдендік. Онда біз БАҚ беттерінен, кітап, газет беттерінде жіберілген олқылықтарды саралап, редактор қай жерден қателікті басымырақ жібереді сол бойынша іздендік. Ойымызды ортаға салып, топта талқыладық. Өзімізге тапсырылған зерттеу нәтижесінен шығатын қорытынды сауатсыздық мәселесіне келіп тірелді. Бұл жерде мендік көзқарас тек студенттік оймен, пікірмен ұштасты. Себебі, аталған қателіктің бәрін баспа мамандарының, редактордың қателігі деп бәріне бірдей күйе жаққаным мендік тараптан жіберілген қате болып есептелер. Жалпы, кітап, газет, БАҚ беттерінде қателіктің орын алмауы тікелей редакторға байланысты екені баршаңызға белгілі. Бұл жерде сауаттылық пен қырағылық бірінші орында. Біздің зерттеу жұмысымыздың нәтижесінде атап отырған негізгі қателіктер: тыныс белгінің дұрыс қойылмауы, сөз тіркестерін дұрыс пайдаланбау, тасымалдың жөнсіз орындалуы. Қазір ХХІ ғасыр, ақпараттық технологияның қарыштап дамыған заманы. Атап отырған аз-маз қателіктің кетуін кейде техникаға да арта саламыз. Бұл жерде орын алған олқылықтың түп төркінін бүгінгі күнмен байланыстыру жөнсіз деп санағандықтан, біз тәуелсіздікке дейінгі жылдардың ақпараттық құралдарына шолу жасадық. Тәуелсіздікке 30 жыл толып,  өз әліпбиіміз, өз ана тіліміз бола тұра қателік жіберетін ақпараттандыру құралдары бар екендігіне көз жеткіздік. Өкіндіретін де осы тұсы. Көпке топырақ шашқаным емес. Бірақ жүктелген жұмысқа ат үсті қарап, тіпті адам атынан қате жіберетін қателіктер орын алып жатқаны шындық. Кішкентай қателіктің өзі қоғам дамуына  кері әсерін тигізеді. Мысалы, кісі атын тасымалдауға болмайды деген ережені мектеп кезінен білеміз, бірақ сол ереже жазылған кітапта, адам аты тасымалданып тұрады. Бұны көрген оқушы қандай білім алмақ?! Сонымен қатар жарияланып жатқан материалдардың сапасы мен сауаттылығы сын көтермей жатқанынан бөлек, газет, кітап беттерінен ауызекі қалай сөйлесек, солай жазу белең алғанын байқағанымыз баршылық. Осындағы әр маман өзіне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарап, сауаттылықты басты қағидаға айналдырса екен деген менің ниетімді бұрыс түсінбес деп ойлаймын.

     Қорытындылай келе, сауаттылық мәселесін шешетін редактор ғана емес. Бұл барлығымызға қатысты. Осы тұста халықты білім нәрімен сусындататын кітаптың авторы да, БАҚ бетіне халықты ақпаратпен қамтамамасыз ететін мамандар да, берілген ақпаратты санамызға тоқитын біздер де сауатты болуымыз қажет. Осы тұста қазіргі оқып жатқан «Редакциялау» пәні қазірден бастап менің сауатты тұлға болып қалыптасуыма үлкен себеп болды. Сауатты редактор, сауатты қоғам кепілі!

 

Боранбай Динара Сағатбекқызы.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универститеті.

Журналистика факультеті, "Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы"

"Баспа ісі" мамандығы, 2-курс.



Бөлісу: