Салмақты сөз құдіреті сарқылмасын...

«...Өткірдің жүзі

Кестенің бізі

 Өрнегін сендей сала алмас»,- деп ұлы Абай баға берген теңдесі жоқ сөз құдіреті.

        Осы бір кереметтей дүние, ғаламат құбылыс сөз құдіретінің арқасында Абайдың асыл сөздері, Махамбеттің маржан жырлары, Шоқанның шоқтығы биік туындылары бүгінгі күнге дейін мән-мағынасын сақтап, ұрпақ санасына жеткілікті деңгейде жетіп жатқаны мәлім.

     Негізінен алып қарасақ, сөз құдіреті таңғалатын, елемейтін нәрсе секілді. Алайда  «Сөзден күшті еш нәрсе жоқ»,- деген қанатты сөзді ойға алар болсақ, құлаққа кіріп, көңілге мұз болатын да-сөз, жанды жылытып, жадырататын да-сөз, айтылып барып атылған оқтай қадалатын да-сөз, жүректі қинап, жаралайтын да-сөз, сүйектен өтіп, таңба болатын да-сөз. Бұл сөзіме тұздық ретінде айтар болсам кезінде қарақылды қақ жарған Қазыбек, әділ төрелік айтқан Әйтеке, тура айтып, туғанына жаққан Төле бидің өзі даудың бетін одан қала бере жаудың бетін осы сөз шеберлігімен қайтарғаны тағы бар.

     Ал бүгінде бабадан қалған балауса жырлар мен есте қалар есті сөздер ұмытылмай, бояуын жоғалтай өз биігінде сақталып тұр ма?..  Сөз құдіретінің қадір-қасиетін, сөз құдіретінің мәденитін талдау, біз үшін, соның ішінде қазақ халқына үлкен сын болмақ. Соны жастарымыз ұғынса екен...

     Сөз өнерінің сұлулығынан халықтың жан сұлулығы туындайтынын санамызға сіңіре отырып, текті елдің, табанды ұрпақтары, әркез сөз өнерінің биігінде болуымыз керек.

 



Бөлісу: