Сағынышпен еске алатын мереке

Сағынышпен еске алатын мереке
жеке
блог

     Әр мезгілдің өзіндік сипаты болады. Жаз өзінің жылы шұрайлы, жап-жасыл желегімен өзіне баураса, күз мол астығымен, сап-сары алтын түстес түсімен көздің жауын алады, қыс мезгілі қатты аяз басып, адамды жауратса да, аппақ қарымен ерекшеленетін сөзсіз, көктемнің адам баласын өзіне қаратып алатын бір қасиеті түршіліктің жаңадан ояна бастаған сәтімен қызықтырады.

    Бүгін мен көктемнің алғашқы айы жайлы сөз қозғамақпын. Бала Сары қыз 22 наурызды қалай қарсы алушы еді? Бұл ай мен үшін ерекше айлардың бірі. Әлі есімде осы айды асыға күтетінмін. Атамның ақ батасымен басталатын мерекені қалай ұмытуға болады? «Наурыз» деген айдың атын білмесемде, «анашым, көже ішетін ай қашан келеді?» деген сауалдарды қоятынмын. Тағатсыздана күткен күн келген кезде менің қуанышымда шек болмайтын. Таңертең тұра салып, үстіме әдемі, таза әрі жұқа киімімді киіп,атамның үйіне қарай жол тартатынмын. Себебі, үйдегі тәрбие «әуелі үлкен үйден дәм тату керек!» деген қағиданы құлаққа құйып қойған. Осы күні бәрінен де әлекке түсіп, шаршайтын апам еді. Апам наурыз мерекесіне үлкен дайындықпен қарайтын. Сүрленген еті, құрт-майы, құю шайы, ыстық бауырсағы және тағы басқа тағамдардың исі үйге кірмей жатып, мұрныңды жаратын еді. Апам бір кесе көже ішкен адамға айтатын сөзі «бүгін көжені тоқ ішсең, жыл бойы тоқ жүресің!» деп бір кесемен шектеліп отырған адамға екі-үш кесе көжесін ішкізіп жіберуші еді.

     Биыл мен үшін бұл мереке олай өтпесі анық. Себебі, бата беретін атам да, тәтті тағамдарымен ас қазанға жол табатын апам да жоқ. Өкініштісі олар дәл қазір бұл өмірде емес. Бірақ, асыл қазыналарым өмірден кетсе де, атамның батасы құлағымнан, апамның тәтті тағамдарының дәмі аузымнан кетер емес. Сағынып, еске алатын керемет естеліктерімнің иесі болып қалатыны сөзсіз...